Түсініксіз тендер. Көше шамдары бағанын жалға алу басталды

1303
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Уикипедия
Сурет: Уикипедия

Ақмола облысы Жақсы ауданы, Жақсы ауылы әкімдігі түсініксіз тендер жариялады, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы satypalu сайтына сілтеме жасап.

29 қараша күні аталған ауылдың әкімдігі «Ақмола облысы Жақсы ауданы Жақсы ауылында көшелерді жарықтандыру үшін тіректерді жалға беру бойынша қызметтер» деген тендер жариялаған. Тендердің құны 1 513 350 теңгеге бағаланған.

«Сатып алу пәні туралы жалпы мәліметтер» деген атаумен берілген техникалық сипаттаманы түсіну мүмкін емес. «Сатып алу нысанасы Ақмола облысы Жақсы кентінің көшелерін жарықтандыру құрылғылары орнатылған Жақсы ауылының көшелерін жарықтандыру бағандарын жалға беру қызметтері болып табылады» деген жарымжан сөйлемнен әкімдік ауыл көшелерін жарықтандыру үшін орнатылатын бағандарды жалға алғалы отырғанын аңғаруға болады.

Сондай-ақ, техникалық сипаттамадан жалға алған бағандардың саны – 531 дана болуы керектігін, баған материалы темірбетоннан жасалуы тиіс екенін, көшелерді жарықтандыруды қамтамасыз ету үшін бағандарға әуе кабельдік желілері мен шамдардың ілініп тұратынын, жалға беруші бағандардың заңды иесі болып, олар қисайған жағдайда уақытылы жөндеп тұруы керектігін ұқтық.

Жалдау мерзімі 2024 жылғы қаңтардан желтоқсанға дейін (ай сайын) деп көрсетілген.

Ауыл көшелерін жарықтандыруға ешкімнің қарсылығы жоқ. Десе де, көше шамдары орнатылған бағандарды ай сайын жалға алып тұру қаншалықты заңды дүние? Сонда мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы 531 дана бағанын ай сайын 1 513 350 теңгеге жалға беріп отыра ма? Бағандардың бір жылдық жалдау құнына кететін 18 160 200 теңгемен сол тіректерді біржола сатып алуға болмас па еді? Ақмола облысының шенділері 2025-26-27 жылдарға әр жыл сайын қайтадан тендер жариялап отырмақ па? Жоқ, әлде олар ауыл көшесін бір жыл ғана жарықтандыруды жоспарлап отыр ма?
Сізге ақмолалықтар көше шамдарына орнатылатын бағандарды жалға алу деген жаңа «know how» бизнестің жобасын ойлап тапқандай көрінбей ме? Бұл сұрақтарды тиісті мекемелерге жолдадық!

Қанат Бірлікұлы
Адырна ұлттық порталы

Пікірлер