Күлекбаев қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұрады

8114
Adyrna.kz Telegram
Фото: КТК
Фото: КТК

Өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан алматылық Руслан Күлекбаев алғаш рет журналистерге сұхбат берді, - деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Қазір Руслан Күлекбаев жазасын Қостанай облысындағы «Қара қыран» қатаң режимдегі колониясында өтеп жатыр. Ол қазір жалғыз адамдық камерада, оған кітап оқуға және анасы мен балаларын көруге рұқсат етілген.

«Күлекбаев бұл колонияға түскенде жылпос мінезді еді. Ол кезде оның радикалды көзқарастары белгілі бір деңгейде болмады. Ол оқшауланған камерада отырып, ешкіммен байланыс орнатқан жоқ. Тек колония қызметкерлерімен, кейде психологтармен, теологтармен сөйлеседі», – дейді колония басшысы Дархан Нұрекешев.

Журналистермен сұхбатында Күлекбаев күнәсін мойындады. Журналистердің сұрақтарына жауап берген ол көзіне жас алды.

«Сот кезінде не айтқанымды бәрі біледі. Мен сол кезде: «Уа, Алла, Субханаллаһ, олар мені атып тастаса да, одан да ауыр жаза берсе де, бәрібір» дедім. Ол кезде мен ештеңеден қорықпадым. Осыны есіме түсіргенде, «Мен өте қатыгез болдым деп ойлаймын. Күнә жасағанда жүрегім қатып, қара болып кетті. Мұның үлкен күнә екенін кеш түсіндім», - дейді Күлекбаев.

Ол сондай-ақ Алматыда адамдарды жаппай атып өлтірген кездегі жағдайы туралы айтып, қаза тапқан адамдардың туыстарынан кешірім сұрады.

«Болар іс болды. Мен оларды қайтара алмаймын. Бірақ олардың жүректері тыныш болуы үшін, егер мені көріп, тыңдасаңыз, мені кешірсеңіз, бұл сіздің маған жасаған жақсылығыңыз болады. Алла сізге екі дүниеде де жақсылық берсін», - деді Күлекбаев.

7 жыл бұрын Руслан Қүлекбаев Алматы көшелерінде 10 адамды атып өлтірген. Негізінде, олар полиция қызметкерлері болды. Сот үкімі бойынша, оның мүлкі тәркіленіп, өлім жазасына кесілді. Алайда өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты, Қүлекбаев өмір бойына бас бостандығынан айырылады.

Айта кетейік, 2018 жылы Қүлекбаев колонияда өз-өзін екі рет өлтірмек болған.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер