Жатақханада қаза тапқан 20 жастағы жігіт туған ауылына жерленді

1451
Adyrna.kz Telegram
Фото: КТК телеарнасы
Фото: КТК телеарнасы

Алматыдағы жатақханадағы өрттен қаза тапқан 20 жастағы Бейбарыс Әлдібек Түркістан облысында жерленді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы» КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, жігіт осыдан үш ай бұрын мүгедек ата-анасының үйіне жөндеу жұмыстарына ақша табу үшін Алматыға жұмыс істеуге кеткен. Қайғылы оқиға болған күні Бейбарыс ата-анасына келуі керек еді, бірақ олардың айтуы бойынша, жігіттің жалақысы кешіктіріліп, қалып қойған.

Жас жігіт бір күн бұрын Шымкенттен 100 шақырым жердегі туған жері Сынтас ауылында жерленді. Бейбарыс отбасындағы төрт ұлдың кенжесі.

Жігіттің әкесі мен анасының есту қабілеті нашар. Жергілікті билік оларға тегін газ және ұлының өлімі үшін өтемақы төлеуге уәде берді. Бірақ Бейбарыстың отбасы қайғылы оқиғаға кінәлілердің жазаланғанын ғана қалайды. Қаза тапқандардың туыстары жатақхана қожайындары ғана емес, олардың қызметін бақылауға алғандардың да барынша жазалануын талап етуде.

«Бәрі арзанырақ баспана іздейді, бірақ жағдайды да қадағалау керек! Қалыпты жағдайда мұндай қайғылы оқиға болмас еді. Он үш жігіт қайтыс болды, бәрі жас, не деген сұмдық! Жатақхана иесі және оны басқаратын адамдар да жауапты болсын!» – дейді марқұм жігіттің ағасы Иса Нәлібаев.

Бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы өрт салдарынан 13 адам қаза тапқан жатақхананы жалға алушының ұсталғанын хабарлаған болатын. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қадағалау органы сонымен қатар тергеу аясында жатақхана жұмысына қатысы бар барлық тұлғалардың әрекеті қадағаланатынын атап өтті.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер