Ғалым мен кәсіпкер бірге жұмыс істеуі керек – Жұлдыз Сатаева

2343
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мысалы 2006 жылы Үкіметтің қаулысымен «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті» ММ жанынан «Ғылым қоры» Акционерлік Қоғамы құрылды. Аталған қордың арқасында біршама жоба қаржыландырылып, ауқымды жұмыс істелді. Мысалы жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын іске қосылып, оның оң нәтижесі байқалуда.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы, Өсімдік майларын өндіру цехының меңгерушісі Жұлдыз Сатаева елімізде ғылымды дамытуға көп көңіл бөлініп жатқанын айтады. Сондай-ақ ол ғылыми жаңалықтардың іс жүзіне асып, кәсіпкерлік пен ғылымның қоян-қолтық жұмыс істеп жатқанын ескертті.

«Біз студенттерге теориялық біліп ғана емес, тәжірибелік дағдыларды дамыту үшін бірнеше цех аштық. Нақтырақ айтсам ет, сүт, май өнімдерін өндіру және наубайхана ісін дамыту жұмысы мемлекеттік жобаның арқасында қаржыландырылып отыр. Біз студенттерге сабақ беруден бөлек ғылыми жұмыстармен айналысамыз. Мысалы былтыр кәсіпкер Алмаз Сүлейменов пайдаланылған аспаздық майларды қайта өңдеу бойынша Ғылым қорына барады. Бұл біле білгенге өте өзекті мәселе. Себебі пайдаланылған майлардың бәрін су құбырына немесе бір жерге төгіп қоршаған ортаны ластап жатырмыз. Өкінішке қарай оны қадағалайтын мекеме жоқ. Алмаз Сүлейменов осы іспен айналысатын «Ғалым тауып беріңіз» деп бізге келген болатын. Ұлттық техникалық ғылыми сараптама орталығына енгізіп, пайдаланған майды қайта өңдеу бойынша жұмысты бастап кеттік. Ұлттық ғылым қоры коммерцияландыру жұмыстарын бірнеше жылдан бері жүргізіп келеді әрі ол Үкімет тарапынан жақсы қаржыландырылады. Әні-міне шешім шығып, қаржыландыратын болса, өз жобамызды бастаймыз. Бұл қаржыны кәсіпкер береді, ол өз базасында барлық құрылғыларды қойса, біз ғылыми кеңес ретінде қатысамыз», – дейді Жұлдыз Сатаева.

Сондай-ақ ғалым жуырда бір кәсіпкер «амаранта өсірмекші едім» деп өздеріне келгенін айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Өзбекстанның ғылымға қалай қарайтынын мәлімдеді.

«Амаранта өсімдігі негізінде ақ уызды ұн болып келеді. Сол себепті оның құрамында май аз болады. Негізі амарантаны әлсізденіп қалған жерге яғни жүгері егіп құнары азайған жерге ексе жақсы болады екен. Жердің астындағы азонды шағарып, жерді жаңартып емдейтін қасиеті бар екен. Міне осы жобаны зерттеп, айналысамыз деп отырмыз.

Сондай-ақ жуырда Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы «Дән және өсімдік майларын өндіру» деген тақырыпта өткен конференцияға барып келдім. Сонда мен Өзбекстанның ассоциациясы өте жақсы дамығанын өз көзіммен көрдім. Яғни оларды ғылым мен кәсіпкерлік жұмыстарын ұштастыру жоғары деңгейде деп айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда Өзбекстанда ғылыми жаңалықтарды өндріске айналдыру жақсы жолға қойылған екен», – дейді ғалым.

Ғылымды қолдауға 2023-2025 жылдары 650 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл аз ба, жоқ әлде жеткілікті ме? Жалпы оқытушылардың жалақысы көңіл көншіте ме?

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы дамыту керек. Ол үшін шет елдік ғылыми байланысты арттыру керек» деп айтқан болатын. Бұл бағытта Үкімет тарапынан нақты қандай қолдау көрсетіледі. Мысалы жоғары оқу орнының студенттерін тәжірибеге алатын болса, Үкімет тарапынан кәсіпкерлер салықтан босатылса жақсы болар еді. Ашығын айтсам біздің материалдық-техникалық базамыз әлсіздеу. Мысалы әлемдік деңгейдегі журналдарға материалдарымызды жариялау керек. Бірақ зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесін орындау үшін біздің материалдық-техникалық базамыз кемшін түсіп жатады. Негізі осы мәселені шешу керек.

Жалақыға келсек, соңғы жылдары балабақша мен мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе көтерілді. Ал жоғары оқу орнындағы оқытушылардың айлығы ол дәрежеде емес. Шынын айтқанда біздің мектеп мұғалімдерінен жалақымыз төмендеу. Биылдан бастап шамамен 650 ғалымның жалақысы көтеріліп жатыр. Бірақ жоғары оқу орын оқытушыларының жалақысы бір рет қана көтерілген. Қазіргі таңда оқытушылардың жалақысы 250, ал ассистенттің жалақысы 200 мың теңге болып тұр. Ғылымға деген ынтасы болу үшін университет оқытушысының жалақысын көтеру керек», – дейді ғалым.

Сондай-ақ ол азық-түлік өнімдерінің технологиясы бойынша PhD докторларын дайындайтын елімізде 3 университет бар екенін айтты. Оның біріншісі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті болса, екіншісі Алматы технологиялық университеті және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті. Бұдан бөлек ол тамақ өніміндегі амин қышқылын анықтайтын жабдық Астанада болмағандықтан Алматыға жүгінетінін айтты. Өкінішке қарай еліміздің бас қаласы Астанада зерттеу жұмыстарын жүргізетін зертхана жоқ болып шықты.

Пікірлер