Әжетхана суы кінәлі ме? Ақтөбеде еден жуушы жұмыстан шығарылды

2872
Adyrna.kz Telegram
Фото: Диапазон
Фото: Диапазон

Мектеп дәретханасында су жоқ екенін айтқан қызметкер жұмысынан қуылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

12 қазан күні Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Ырғыз өңіріне барған. Ол аймақтағы әлеуметтік нысандар құрылысымен танысып, Ырғыздағы ауыл мектептері мен проблемалық нысандарды аралады.

Нысандардың бірінде су мәселесі болған екен. Әкім мен облыстық білім беру мекемесінің басшысына 300 орындықты гимназияда судың жоқтығын айтқан еден жуушы әйел жұмысынан айырылған.

“Міне, қараңыз, су ағып тұрған жоқ”, – деген Мөлдір Ғапыз суды ағызбақ болады, алайда судың шынымен де жоқ екенін басшылық көреді.

Алайда бірнеше уақыттан кейін шындықты айтқаны үшін қызметкерді жұмыстан шығарып жіберген.

Мөлдір Ғапыз:

“Отбасымда мен ғана жұмыс істеймін. Анам – зейнеткер, ұлым – ерекше күтімді қажет ететін бала. Бірақ мен мемлекеттік органдарда жұмыс істей алмаймын, себебі мені бап бойынша жұмыстан шығарып, балам туралы жеке мәліметтерім таратылды”, – дейді.

Алайда басшылық қызметкердің жұмысына салғырттық танытып, екі күн орнында болмағанын айтады.

“Мөлдір Ғапыз жалғызбасты ана, 6-сыныпта оқитын баласы бар, анасымен бірге тұрады. Ол 13-14 қараша аралығында белгісіз себептермен екі күн жұмыста болмаған. Сондықтан гимназия директоры оған хат жазып, пошта арқылы жіберді. Қызметкердің жұмыс орнында себепсіз болмағаны, жұмысқа жауапсыз қарағаны үшін гимназия директоры Г.Нұрмановаға тиісті заң аясында жұмыстан босату шарасы қолданылды”, – деп түсіндіреді Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Айбек Өксікбаев.

Пікірлер