"Соңына дейін барамыз". Маңғыстауда мұнайшылардың ереуілі заңсыз деп танылды

1320
Adyrna.kz Telegram
фото: Vlast.kz
фото: Vlast.kz

Қазақстанның Маңғыстау облысында West Oil Software мұнай сервистік компаниясы жұмысшыларының ереуілін заңсыз деп тану туралы сот отырысы өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

«Олар әртүрлі әрекеттерді қолданып, бізді таратуға тырысуда. Кеше СОБР келіп, бізге шатыр тігіп, суды жылытуға рұқсат бермеді. Бірақ біз кәсіпорынымызды «сенімгерлік басқарудан» шығарып, «ҚазМұнайГазға» біріктіруді талап етеміз. Өйткені тендерлер мен жеке саудагерлерден шаршадық. Қазір Маңғыстауда минус 15, бірақ біз кетпейміз. Жігіттер адамдарды жұмыстан шығара бастасақ та, біз тарамаймыз деп отыр», - деді жұмысшылардың бірі.

Оның айтуынша, митингті заңсыз деп таныған сот ереуілшілердің қатысуынсыз өткен. Мемлекеттік еңбек инспекциясы өз кезегінде «West Oil Software» компаниясының қызметкерлері жұмыс істейтін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ сияқты қауіпті өндірісі бар үздіксіз циклді кәсіпорындарда ереуілге еңбек заңнамасымен тыйым салынғанын атап өтті.

West Oil Software мұнай кәсіпкерлеріне қызмет көрсететін компанияда 500-ден астам адам жұмыс істейді. Ол мұнай өндіруші кәсіпорындарға көлік-логистика, сондай-ақ басқа да кәсіби қызметтерді көрсетеді. «West Oil Software» компаниясының жұмысшылары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қосылуды, оларға бірыңғай жалақы жүйесін қолдануды және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етіп, 11 желтоқсанда ереуілге шықты.

Олар жалақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, 2021 жылы да осындай акция ұйымдастырған. Содан кейін олардың ереуілі заңсыз деп танылып, қызмет көрсетуші компанияның ереуілге шыққан бірнеше жұмысшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осыдан кейін ереуіл тоқтатылды, бірақ жұмысшылар соңына дейін барып,  сотқа жүгінетіндерін айтты.

Пікірлер