16 желтоқсан қуаныш па, қайғы ма, білмеймін. Бірақ осы күні Кеңес үкіметіне соққы бердік – Дос Көшім

6267
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

16 желтоқсан – Қазақстан үшін атаулы дата. Дәл осы күні 1986 жылы Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастар алаңға шығып, билік қанға бөктірген - Желтоқсан көтерілісі болды. Кейін 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін дәл осы күні жариялады. Тәуелсіздіктен кейін де 16 желтоқсан 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасымен есте қалды.

16 желтоқсан Қазақстан Республикасының мерекелік күнтізбесінде «Тәуелсіздік күні» деп тұр. Бұл күнді бірі аза тұту күні десе, бірі тойлатуымыз қажет дейді. Бұл жөнінде белгілі саясаттанушы, тәуелсіздіктің белсенді куәсі, күрескер Дос Көшіммен сұхбаттастық.

– 1991 жыл 16 желтоқсанда Тәуелсіздік жарияланды. Сол оқиғаның куәсісіз. Сол кезді еске түсіріңізші. Халық қалай қабылдады?

– Меніңше, халық екі түрлі қабылдады. Орыстілді халық қабақтарын шытса, қазақтар қуана қабылдады. Бүкіл республика бір бағытта деп айта алмаймын. Себебі, бұл жерде ұлттық бағыттағы өзгерістер, айырмашылықтар болғаны рас. Қазақ ұлтындағылар көпшілігі тәуелсіздікті күтті, қолдады. Бірақ ол кезде Қазақстанда қазақ халқының саны 40 пайыздай ғана еді.

Мен ол уақытта 1990 жылы қазақ еліндегі ең алғашқы саяси партия - Қазақ Социал-Демократиялық партиясының тең төрағасы болдым. Екінші төраға Сергей Дуванов еді. Бір жылдан кейін Сергей Дуванов төрағалықтан кетіп, мен 4 жыл бойы сол партияны өзім басқардым. Одан кейін Тәуелсіздік үшін күрескен саяси күштің ең басында азаматтық «Азат» қозғалысы тұрды. Оның қатарында 400 мыңнан астам адам болды. Ол кезде біздің билікті алу мақсатымыз болған жоқ, тек Тәуелсіздікке қол жеткізгіміз келді. Тәуелсіздік бекітілген күні біз қуандық, мақсатымызға жеткеніміз үшін бақытты болдық.

Халық тәуелсіздікке дайын болды ма?

– Ол кезде Тәуелсіздікке белгілі бір топ қана дайын болды. Бүкіл халық дайын болды деп айта алмаймын. Себебі, 70 жылдық тоталитарлық режим, тағы 200 жылдық отаршылдық көбімізді қазақтықтан алып кетті. Біздер сол Кеңес үкіметінің құрамында орыстанған, орыс тіліндегі халық болып қалдық. Сондықтан бізді көбі қолдай қойған жоқ. Ашық айтайын, сол кезде бізді 30-40 пайыз адам қолдаған шығар.

Сіз төрағалық еткен партия сол кезде Тәуелсіздік алу үшін қандай жұмыстар атқарды? Қандай ықпалы болды?

– Партия 1990 жылы 26 мамырда құрылды. Біздің мақсатымыз комунистік идеологияны құрту, комунистік партияны жабу болатын. Біз шамамыз келгенше, кеңестік идеологиямен күрестік. Тәуелсіздік үшін күрестік, қазақ тілі мемлекет тіл болу керек дегенде де қолдадық. Орыстілдердің арасында алғаш рет демократияның мәселесін біз көрсеттік. Біздің үш облыста газетіміз болды. Ол кезде мұндай жағдайға ешкім жеткен жоқ.

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағы ыдырайтын қарсаңдағы наразылықтың басы болғанымен, Қазақстан тәуелсіздігін одақтағы елдердің ең соңынан жариялады. Неліктен?

– Бұл – биліктен. Иә, 86-шы жылы бірінші шыққанбыз, бірақ билік Мәскеуге берілген отаршылдық жүйені әрі қарай жалғастырған коммунистік  партияның басшылығы сол деңгейде сақтап қалды. Сондықтан біздер кеш жарияладық. Мүмкін, бізден де бар шығар. Біз билікті өзгертеміз, билікке келеміз деген жоқпыз. Ұлтшылдар бар, басқалар бар, біз оны өзгерте алмайтындығымызды білдік. Біз тек Тәуелсіздік алу мәселесін көтердік.

Қазақстан Тәуелсіздік алғанда Кеңес одағының шаланжансар орталығы Мәскеу тарапынан, немесе республика билігі тарапынан қарсылық болып па еді?

– Жоқ, қарсылық болған жоқ. Билік тарапы біздің істеген жұмысымыздың барлығын бұлар содырлар, айқайшылар деп мән бермеуге тырысты. Тәуелсіздік көтерген адамдарға билік еш уақытта оң көзқараспен қараған жоқ. Билік ол уақытта Кеңес үкіметін сақтап қалумен айналысты. Назарбаев та, Тоқаев та бар ішінде. Себебі, бұлар коммунистік партияның өкілдері болды. Сондықтан билік бізді айқайшылдар, ақымақтар, ұлтшылдар, діншілдер деп көрсетті. Бірақ нақты қарсылық жасаған жоқ

«АЗА ТҰТАМЫЗ БА? ТОЙЛАЙМЫЗ БА?»

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да осы айға дөп келді. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін де желтоқсанда жариялады. Тәуелсіздікті сол күннен ерте, немесе кешірек жариялауға болмас па еді? Неліктен дәл 16 желтоқсан күніне тура келді?

– Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Дәл осы күнді нақты ойлады деп ойламаймын. Бірақ кейін осыны пайдаланғанын ашық айтамын. Тәуелсіздік күнін тойлауды 16-сына қойғаны желтоқсанның қарсылығын араластырып жіберу керек болды. Былайша, ботқа жасады. Сонымен біз қанша жыл болды, «желтоқсанды еске алып, аза тұтамыз ба, әлде Тәуелсіздігімізді тойлаймыз ба?» деумен болдық. Меніңше, желтоқсан күніне жеке мемлекеттік атап өту күні міндетті түрде болу керек. Бұл күн қуаныш па, қайғы ма мен білмеймін. Бұл күнді асқақтатуымыз керек пе, жоқ әлде біз бұл күнде қара жамылуымыз керек пе, мен білмеймін. Бірақ біз осы күнде алғаш рет Кеңес үкіметіне соққы бердік. Тоталитарлық режимге соққы бердік. Мәскеудің айтқан бұйрығына қарсы шықтық. Осыны біз атап өтуіміз керек қой. Бірақ әлі де коммунистер барда атап өте алмаймыз.

Сол бір қуанышты сәтте Алматының алаңына халық жиналыпты. Мәз-мейрам болып, тойлатыпты. Дегенмен, Тәуелсіздік жариялағаннан кейін қандай да бір қиындықтар болды ма?

– Тәуелсіздік жариялағаннан кейін ешнәрсе болған жоқ, ең қызығы. Тәуелсіздік үшін күрескен адамдар сол деңгейінде қалды. Тәуелсіздікке қарсы шыққандар, тәуелсіздік болмасын деп тілеп отырғандар қайта билікке келді. Билікке келгендер коммунистік партия. Оның бастығы Назарбаев Президент болды.

Бір қызығы, 19 облыс болды, бір күннің ішінде 19 облыстағы басшылардың кабинетінің есігіндегі жазу ауыстырылды. Бұрынғы жазу обкомның бірінші хатшысы болатын. Оны бір күнде алып тастады да, облыстың әкімі деген жазуға өзгертті. Әлі күнге дейін сол, атауларды өзгерте береді. Негізінде, адамдар аттарын қорқыныштан алмастырады, қылмыскерлер де «мені ұстамасын» деп  өз атын алмастыра береді. Бұл сол коммунистік партияның жалғасы, осының көрінісі.

«ТӘУЕЛСІЗДІК» МЕН ҮШІН КЕРМЕК ТАТИДЫ»

Міне, бүгінде Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл толды. Бұл күн еліміз үшін атаулы дата, маңызды мереке. Осы айтулы күнді Қазақстан қалай атап өту керек? Бүгінгіге көңіліңіз тола ма?

– Тәуелсіздік – біздің байлығымыз. Бірақ Тәуелсіздік құр әшейін аспанға шашу шашып, орден мен медаль тарату емес. Тәуелсіздік бұрынғы алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алдымызға қандай мақсат қойдық?

Алашорданың мақсатын қараңдар, желтоқсанда көтерілген ұрандарды қараңдар, тәуелсіздік үшін күрескен «Азат» қозғалысының мақсаттарын қараңдар. Сол жүзеге асты ма? Сол жүзеге асса, біз сонда тойлауымыз керек. Ең қызығы, ешнәрсе жүзеге асқан жоқ. Иә, олардың бәрін мақтаймыз, кей уақытта еске түсіріп қоямыз. Бірақ ешнәрсе жүзеге асқан жоқ. Сондықтан менің көңілім толмайды. «Тәуелсіздік» деген сөз мен үшін кермек татиды. Мен тәуелсіздікті мойындар едім, егер тәуелсіздік үшін күрескендерді бірінші дастарханға отырғызған болса. Олардың алдынабас қойып, құрметтеуіміз керек.

Осыдан 2 жыл бұрын тәуелсіздіктің 30 жылдығы болғанда Тәуелсіздік үшін сотталған Хасен Қожахметке алғыс айтқан жоқ. Сол үшін күрескен, сол үшін өмірлерін қиғандарға құрмет көрсетілмесе, несіне Тәуелсіздік. Ол алдамшы. Қазақстан  осы Тәуелсіздік үшін күрескен  азаматтарды төрге отырғызбайынша, оларды таза шын жүрегімен тойлады деп айта алмаймын.

Тәуелсіздік үшін күрескендерді неге елемей отыр?

– Олар Тәуелсіздік үшін күрескендерді елесе, оларға «сен қайда болдың?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақ керек! Бірақ олар оған көбісі үндемейді, көбісі өтірік айтады. Сондықтан олар Тәуелсіздік үшін күрескендерді елемейді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы кезінде Хасен Қожахмет пен Жасарал Қуанышәлиннің еленбегені менің жаныма батады.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер