Әлпиевтің әлегі. Саудагерлерді алдап соқты делінген "Алтын Орда" иесінің ісі баяндалды

1227
Adyrna.kz Telegram

Orda life YouTube-арнасында Алтын Орда базарына байланысты даулы видео жарияланды. «Алтын Орда» сауда кешенін жалға алушы Данияр Әлпиевтің «Altyn Orda New Company» компаниясы жаңа сауда кешенін салып беремін деп уәде беріп, 300-ден астам үлескерден 1,5 млрд тг көлемінде қаржы жинаған. «Келісім» бойынша, сауда орындарына бөлек ақша, халық көп жүретін өтімді бутиктерге бөлек «шапка» алған. Енді Данияр Әлпиев бастаған сыбайластар тобы ізім-қайым жоғалған.

Бірнеше айға созылған құрылыс жобасының аяқталуын талап еткен  саудагерлер Данияр Әлпиевтің әлі күнге дейін жауапкершілікке тартылмағанына наразы екенін білдіруде.

Аталған құрылысты Данияр Әлпиевтің меншігіндегі «Алдан строй» ЖШС салуы керек болған, алайда бекітілген мерзімде ештеңе де салмаған. Енді оның қандай үйде тұратындығы анықталды. «Orda life» жүргізген журналистік зерттеуде Әлпиевтің өзіне, анасына және қарын бөлесі Эрмек Марқабаевтың атына ресми тіркелген 6 коттедж бен 4 автокөлік қана аталған. Бұдан бөлек оның өзге жақын туыстары мен сенімді өкілдерінің атына тіркелген жылжымайтын мүлік көп көрінеді.

Журналистік зерттеуде «Данияр Әлпиев осы үйде тұра ма?» деген сауалға жауап беруден қашқан келіншек әу баста Әлпиевтің үйде жоқ екенін, кейін бұл үйде тұрмайтынын айтып, есікті жауып алды. Екінші тарап тауыс құсап басын құмға тығып алғаны көрінеді.

Айта кетейік, «Алтын Орда» сауда кешенінің басшылығы аяқталмай қалған құрылысты «Прайм Строй ХХІ» ЖШС-не аяқтауды тапсырған. Жаңа мердігерлік компания өкілі Талғат Базарбаевтың айтуынша, құрылыс іргетасына 36 милиметрлік арматура пайдаланылады, алайда Данияр Әлпиевтің компаниясы оның орнына 22 милиметрлік арматура салып жіберген.

Халықтан бір жеген, құрылыстан екі жеген Әлпиевтің өзінен ешқандай хабар жоқ. Екі жеп биге шыққан ешкім жоқ, кредитке кірген халықтың наласы алысқа жібермейтіні анық.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың жаз айында «Компания номер один» ЖШС базарды жалға алушы Данияр Әлпиевпен келісім-шарт бұзған болатын.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер