Жолаушы күнделігінен. Музей ісіндегі Париж тәжірибесі

1048
Adyrna.kz Telegram

С. Мұқанов пен Ғ. Мүсірепов әдеби- мемориалды музей кешенінің ғылыми қызметкері, мен, Жанар Таева 2023 жылдың 4-10 желтоқсан аралығында Париж қаласында өткен біліктілікті арттыру курсынан өттім. Шет ел асып жасаған алғаш іс сапарым болғандықтан алған әсер мен кешкен күйім тым бөлек болды. Париж армандар мен пәк сезімдер мекені… 

Құшақ толы арманның жетегінде жас күнімде өзім қатты қалап армандаған махаббат қалама жұмыс бабымен келудің сәті түсіпті. Мәдениеті озық дамыған бұл қаладан шабыт алдым, өз еліміздің туризм саласының дамуына да керекті аргументтерді санама сақтап, қойың дәптеріме түртіп отырдым.

Ылғалды ауа мен жаңбырдан кейінгі балғын иіс буымен бойымыз жігерленіп курс өтетін белгіленген мекен-жайға жол тарттық. Спикер Аннабель Ловрей ел мәдениетімен, ежелгі ескерткіштерімен таныстырып, жылы шырай танытып қонақжайлық көрсетті.

Бірінші күнгі лекцияның тақырыбы «Музейлерге келушілерді тартудың интеграцияланған тәсілі» болды.  Қалған күндері музей ісін алға жылжыту шаралары мен интеграцияланған инновациялық жобалармен таныстырып, озық программаларымен бөлісті.

Әрине, Франция мен Қазақстан мәдениетін, экономикасын салыстыру миға қонымсыз, десе де біздің менталитет пен дәстүрімізге сай келетін кейбір креативті жобаларын біз де жасап көрсек құп болады. Мәселен, Лувр музейінен жасаған сапарымыздан сондай әсерленіп қайттым. Ондағы мультимедиалық, акустикалық құрылғылардың сондай дамығандығы әрі оны музеймен әдемі үйлестіріп, келушілерін әсерлендіре білгендері сондай қызықтырды.  Сәбит Мұқанов музей-үйінің мемориалды бөліміне сондай озық идеяны мен де ұсынып көрдім.

Мысалы, жазушының жұмыс кабинетінде проекциялы экран арқылы автордың көлеңкесі түсіп тұрса, әрі дыбыспен жазушы шығармаларымен үзінділер оқылып тұрса, әр келген келуші әсерленбей кетпесі анық.

Француз халқының сондай креавтивтілігінің тағы қуантқан тұсы ортағасырлық ежелгі қираған ғимараттарын белгілі программалар арқылы нобайын сызып, ескі-жаңа бейнесін көз алдына келтіруі де қоштайтын тың идея.

Біздің байтақ даламыздың да тарихы мен шежіресі мол. Ежелгі ескі қалаларымыздың Сығанақ, Сайрам, Суябтардың нобайын сызатын сондай программа біздің де елімізде болса ғой деп қызыға да қызғана қарайсың. Іс-сапарымыздың соңғы күндерінде Лувр музейі мен Эйфель мұнарасында қонақ болдық.

Сәулетті қаланың әрбір мүсіндері мен көз тартар биік ғимараттары, қиылысты қуыс көшелері, қарбалас өмір тіршілігі көз алдымда Пикассоның шытырман картиналарындай сақталып қалды. Париж қаласы мен үшін музеймен ассоциацияланады. Дүниежүзілік музей ісі десе ең алдымен көз алдыма гүлденген қала Париж келеді.

Шет елге келген әдепкі туристтердің бірі ретінде мен де өзім қоныстанған қонақ үйіме төл теңгемізді жастық астына тастап кеттім. Бұл сондай келушілердің салты деседі, келер жылы тағы да жол түссін деген ниетпен жасалынатын жолаяқ нышан ғана. Осымен Парижге жасаған жолаушы сапары жемісті аяқталды.

 

                                                                              Жанар ТАЕВА,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің

әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері

Пікірлер