Балқашта балаларды ұрып-соққаны үшін мұғалімнің көмекшісі сотталды

1051
Adyrna.kz Telegram
Бейнежазбадан скриншот
Бейнежазбадан скриншот

Балқашта балаларды ұрып-соғып, қорлағаны үшін айыпталған «Ер Төстік» балабақшасының тәрбиешісінің көмекшісіне үкім шықты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ағымдағы жылдың наурыз айында Балқаш қаласындағы мектепке дейінгі мекемеде жанжал шыққан болатын. Түзету тобындағы балалардың ата-аналары балаларын балабақшада күтушінің ұрып-соғып, қорлағанын айтып, бейнежазба түсіріп алған. Аталған оқиғаға байланысты балаларды азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыстық іс жақында Балқаш қалалық сотында қаралды. Сот күдіктінің 2022 жылдың 22 қыркүйегі мен 20 желтоқсаны аралығында екі баланы ұрып-соғып, қорлағанын анықтады. Айыпталушы өз кінәсін мойындады.

Істің барлық материалдарын зерделеген сот сотталушыны кінәлі деп танып, оған 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады және 3 жылға балалармен жұмыс істеу құқығынан айырды.

Балқаш қалалық сотының қызметінің мәлімдеуінше, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 2023 жылдың наурыз айында Балқаштағы балабақшада сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың ата-аналары топта орнатылған бақылау камерасының жазбасынан мұғалімнің балаларды қалай қорлағанын көрген. Сонымен қатар Қарағандыда жекеменшік балабақшаның ата-анасы бүлдіршіндерінің денелері көгергенін айтып шағымданған.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер