Дауа дегені - дерт болды. Емші-домшыға жүгіну қаншалықты дұрыс?

2697
Adyrna.kz Telegram
Adyrna
Adyrna

Әлеуметтік желіде тиісті білімі болмаса да, емшімін дейтіндер кездеседі. Медеу тұтып ем іздеп, соларға барып қаралатындар да бар. Соңынан ем қонбай алдынып қалдым дегендер де баршылық. Емшісінің намысын жыртатындар да аз емес. Жетілген медицина тұрып, адамдардың емшіге жүгінуінің салдары әрқилы болып жатады.

Бүгінде ауруын білгендер медицина қызметіне жүгінбей, емші-балгерге асығатын болған. Бұл адамның ғана емес, қоғамның дертіне айналып барады. Әйтеуір дертіне дауа іздеген адамдар емшіден де медет сұрайды. Емшіге қаралған соңынан ем қонбағаны өз алдына, өкінішті жағдайға ұрынғандары да кездеседі. Бұл қаншалықты дұрыс?

«МЕНЕН ҮЙРЕНІП БАСҚАЛАРДЫ ДА ЕМДЕЙСІҢ»

Бахыт Кәрімқызы - «ауруыңды ыстықпен емдеп жазамын» дегендерге алданып, дертін асқындырып алғандардың бірі. Әуелде ауруға шалдыққанын  естіген ол тезірек емделудің барлық жолын қарастырғанын айтады. Сондайда инстаграмнан елдің бәрі жақсы болдық жазылып кеттім деп айтып жатқан емшіге барып қаралған екен. «Жазыламын» деген ой болған дейді ол.

- Бахыт ханым, сіз дертіңіздің барын қашан білдіңіз?

- 2021 жылы скринингтен өттім, сол кезде қатерлі ісік бар деді. Басында дәрігерлерден ем алып жүрдім. Бірақ кейін инстаграмнан шулатып видео салып жататын емшілердің біріне бардым. 9  мамыр мен 19 мамыр аралығында ем алдық.

- Емнің ақысы қанша болды?

- Әр күнге 10 мың теңге төледім. Әр сеанс құны он мың теңге еді. Одан бөлек 350 мың тағы төледік. Ол оқу ақысы болды. «Менен адамдарды қалай емдеуді үйреніп, басқаларды да емдейсің» деп айтты. Оның да ұзақтығы 10 күн. Солай оқып, сертификат алдық. 

- Емнің дарымағанын қалай білдіңіз? Дәрігерлер не дейді?

- Ыстық басқан соң бір жақ бүйрегім ауырып шықты. Қаралдым, тексерілдім. Кейін ісіктің одан сайын үлкейіп кеткені анықталды.

- Сізге қандай ем қолданды? Немен емдеді?

- Қай жерің ауырса да жанжабіл (имбирь) жағу керек деді. Сосын массаж жасады нүктелерді басып. Қаншама ақшаға жанжабілдің шайын, ұнтағын алдым.

- Сізге ем дарымаған соң емшіге ескерттіңіз бе ауруыңыздың одан сайын асқынғанын?

- Айттым.  «Менде ісік одан сайын өсіп кетіпті. Сіз мені сендірдіңіз ғой жазыласың деп. Тіпті сенде ісік жоқ, дәрігерлер айта береді деп те айттыңыз» деп хабарластым, телефонын өшіріп тастады. Инстаграмға да жазғанмын. «Бүйректің ісуі ыстықпен емделмейді» деп парақшаларына жаздым. Мені қара тізімге салды.

- Сізден басқа кімдер болды? Басқа ауруға қандай ем қолданды?

- Басқа ем жоқ.  Эпилепсик, қант диабетіне де, диалез, қан қысымы, жүрек аурулары болса да сол ем. Псориазбен ауырып келген бір бала болды, Оған да сол емді қолданды. Оның да ауруы асқынған. Оны да имбирьмен емдеді.

«СОЛ ЖАҚТА ЖАҚСЫ БОЛЫП, ҮЙДЕ АСҚЫНДЫРДЫМ»

«Әлеуметтік желіде себепті нүктенің негізін қалаушы, денсаулық тренері» деген атпен танылған массаж маманының желідегі жазылушысы 170 мыңнан асады. «Ем алдым, ауруымнан жазылдым» дегендер қатары да көп.

Ал тері ауруынан арылуға барған Ерназар есімді азамат өзі емді дұрыс алмағанын айтады.

- Мен ол кісіден ем алдым он күн. Сол жақта жатып, жақсы болдым. Бірақ толық емес, қалған емді ауылыма барып алдым. Үй жағдайында емді дұрыс жасамай, ауруды асқындырдым, - дейді.

Алматылық Еңлік есімді бойжеткен де емшілердің емінен зардап шеккендердің бірі. Ол мұрын қуысының қабынуынан болатын гайморит ауруымен ауырған. 17 жасында ауруын білген науқас операциясыз емделуді жөн санаған. Алайда уақыты мен қаражатын шығындаған бойжеткен кейін бәрібір операция жолымен емделгенін айтады.

Осы емшіге біз де хабарласып көрдік. Ол бір жолғы ем бағасы 10 мың теңге екенін айтып, келіп қаралып көруді насихат етті.  Ал «журналиспін»деп іске көшкенімде емшіміз телефонын бірден өшіріп тастады. Ол өзіне қолайсыз сұрақтарға жауап беруге дайын болмай шықты...

«ДҰРЫС ЕМ ҚАБЫЛДАЙМЫН ДЕСЕҢІЗ, ЕМШІГЕ СЕНБЕҢІЗ»

Ал дәрігерлер аурудың алдын алу үшін дұрыс ем алу керектігін айтады. 13 жылдық тәжірибесі бар онколог, хирург, маммолог Жанат Бақытқызы аурудың алғашқы белгілері байқалғаннан-ақ дәрігерге қаралу керек дейді.


- Ісікті ыстықпен емдеу медицина тұрғысынан қаншалықты дұрыс?

- Ісік ыстықты жақсы көреді, ол ыстықта керісінше қатты өсіп кетеді. Тіпті басқа органдарға да тарап кету қаупі жоғары болады. Онкологиядағы емнің түрлері: химиялық, операциялық, сәулелік терапия. Басқа ешқандай ем жоқ. Ыстықпен не суықпен емделетін ауру емес бұл.

- Қазіргі таңда ауруын емші, балгерге апарып, асқындырып алатындар көп пе?

- Өкінішке орай кездеседі. Менің тәжірибемде де сондай науқастарым болды. Ондай жағдайда психологпен кеңесеміз. Мүлдем көнбеген науқасым болды. Өкінішке орай ол кісі қайтыс болды.

Жеке психолог Айгүл Басарқызы ауруын анықтаса емшілерге жүгінетіндерді сөкті.

- Ең өкініштісіде осы. Емшілерге барып, емделемін деп ауруларын асқындырып жібергендер қазір қоғамда өте көп. Тіпті арты қайғылы оқиғаларға ұласқандар бар. Ал көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар бірінші кезекте дәрігерге барады. Науқас болсаңыз, емші, балгерге сенбеңіз. Білікті, оқыған, тәжірибелі ақ халаттыларға жүгінген жөн. Сондықтан уақытыңызды ең бастысы денсаулығыңызды жоғалтпау үшін дұрыс ем қабылдауды үйреніңіз, - деп кеңес берді.

Cымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер