Астана әуежайында 2500-ден астам жолаушы өз рейстерін күтуде

1194
Adyrna.kz Telegram
nqz_airport
nqz_airport

Астана халықаралық әуежайында 2500-ден астам жолаушы өз рейсін күтуде. Бұл туралы 30 желтоқсан күні кешке Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Елорда әуежайында 30 желтоқсан күні сағат 15:00-ден 00:00-ге дейін 29 рейсті орындау жоспарланған болатын. Алайда елордадағы ауа райына байланысты 21 рейс кешіктіріліп, сегіз рейс кейінге шегерілді.

Осыған байланысты Көлік министрі Марат Қарабаев жедел штаб құрды. Қазір жедел штаб пен әуе компанияларының өкілдері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өзекті сұрақтарға жауап беруде.

Рейсін күткен жолаушыларға Terminals Astana Airport Management басшылығы екі мыңнан астам ыстық тамақ пен сусындар таратты. Жолаушылар арасында ересектерден бөлек балалар да бар. Мерекелік көңіл-күй үшін Аяз ата мен Ақшақар олармен ойын ойнайды, жаңа жылдық сыйлықтарды таратады. Сонымен қатар елордалық әртістер жолаушыларға өнер көрсетеді.

Баспасөз қызметінің айтуынша, өз ұшақтарын күткен жолаушылар ауа райына байланысты туындаған «уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарағанын». Сондай-ақ олар «қажетті көмек көрсеткен мамандарға алғыстарын білдіреді».

Елордалық аэродромдағы ауа райы әлі де ұшып-қонуға қолайсыз. Соның салдарынан әуе компаниялары рейстерді кейінге шегеріп, кейінге қалдыруға шешім қабылдады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер