4 млн 200 мың теңгелік жасырын тендер. Аурухана күніне 15 картриджді толтыра ма?

1150
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы Облыстық көп бейінді ауруханасы «2024 жылға арналған картридждерді толтыру қызметі» деген атаумен тендер жариялады, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Тендерге құжаттар тапсыру 16 қаңтарда басталады. Жеңімпаз 31 қаңтар күні анықталады. Бір қызығы, мемлекеттік сатып алу порталында облыстық бюджеттен 4 миллион 200 мың теңге бөлінген тендер хабарламасы бір апта бұрын жарияланған. Бұған дейінгі жарияланымдар тек «өтінімді қабылдау күні» басталғанда көпшілік назарына ұсынылатын.

Тендерге қатысушылар негізінен жаңа жарияланған хабарламаны іздейді. Демек, Батыс Қазақстан облысыәкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қарасты аурухананың бұл тендері 16 қаңтар күні бас беттен көрінбей, бірнеше бет астыға түсіп кетеді деген сөз. Бұл 4 миллион 200 мың теңгелік хабарламаны жасырудың жолы емес пе?

Техникалық сипаттама «Жанармай құюға өтінім беру және картридждерді толтыру бойынша басқа да мәселелер орындаушының байланыс орталығы (колл-орталығы) арқылы жүзеге асырылады» деген жаңылтпаш сөйлеммен басталған. «Жанармай құюға өтінім беру» деген не? Аурухана принтерге бензин құймақ па? Ұзын-сонар техникалық сипаттамадан түсінгеніміз аурухана 4 миллион 200 мың теңгеге 5 468 мәрте картридж толтырмақ екен. Әр картриджді толтыру құны шамамен 769 теңгеге бағаланған. Бар болғаны 30 түрлі принтер маркасы көрсетілген. Олардың ішінде бір жылда 778 мәрте картридж толтыру керек «HP LaserJet Pro M102a» деген марка бар. Мұндай маркалы қанша принтер бар екені жазылмаған.

5 468 мәрте картридж толтыруды жылдың 365 күніне бөлсек, тапсырыс орындаушы күніге 15 принтерге қызмет көрсетуі керек.

Облыстық көп бейінді ауруханада қанша принтер бар? Бізді осы сұрақ мазалайды? Бұл сұрақтың жауабын тиісті мекеме нақты бермесе, облыс бюджетінен бөлінген 4 миллион 200 мың теңгенің дұрыс мақсатта жұмсалып жатқанына көз жеткізе алмайтынымыз анық. Сол себепті күмән тудырған сауалдарды аталған мекемеге жолдадық. Жауап келіп жатса, оны да жариялайтын боламыз.

Қанат Бірлікұлы
Адырна ұлттық порталы

Пікірлер