Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді

1184
Adyrna.kz Telegram

7 қаңтар күні «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді. Толғағы келген әйелді жолсерік босандырып алған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Қазақстан темір жолы" баспасөз қызметі хабарлағандай, жас ана Айнагүл Тілеубергенова Тоғыз станциясынан Ақтөбе қаласына дейін №33 «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы пойызымен жолға шыққан. Пойыз бригадасының қызметкерлері дереу қажетті шараларды қабылдап, нұсқаулыққа сәйкес пойыз машинисін хабардар етіп, жедел жәрдемді жақын маңдағы Жем станциясына шақырған.

Жедел жәрдем келгенге дейін пойыздың жолсерігі Ғалия Қабдрахманова вагонда босанған әйелге қажетті көмек көрсетті. Сағат 14:27 минутта сәби дүниеге келген.

Жем станциясына келгеннен кейін нәресте мен анасын жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.

"Мен баламның өмірі үшін қатты қорықтым. Алайда, пойыз қызметкерлері маған осындай жағдайда көмек көрсетіп, жанымнан кетпей, аман-есен босануыма септігін тигізді. Бұл күн біздің отбасымыз үшін естен кетпес сәттердің біріне айналды. Енді қызым есейген кезде бұл ерекше оқиғаны айтатын боламыз", - деді жас ана Айнагүл Тілеубергенова.

Ата-анасы нәрестенің есімін Малика деп қойған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер