Вице-министрдің ұлы «Бәйтерек» холдингінің басшысы болып тағайындалды

1396
Adyrna.kz Telegram
Сурет: ortcom.kz
Сурет: ortcom.kz

Рустам Қарағойшин «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Рустам Тимурұлы 1983 жылы туған. Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институтын және Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған. Іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие.

Еңбек жолын 2004 жылы «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-да («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) бастады, онда жобалық талдау департаментінің менеджері, бас менеджері және басқарма бастығы болып жұмыс істеді. 2007 жылдан 2011 жылға дейін «ҚДБ – Лизинг» АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі лауазымына ауыстырылды.

2011-2015 жылдары «Petroleum Operating» ЖШС мұнай және мұнай өнімдері маркетингі департаментінің сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің бастығы, «Credit Systems» ЖШС Басқарма Төрағасы, «Сбербанк Лизинг» ЖШС Бас директорының орынбасары, Бас директоры болып жұмыс істеді.

2015 жылдан 2019 жылдың ақпан айына дейін «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында «Қазақстанның астық консорциумы» ЖШС Бас директоры болды.

2019 жылдан 2021 жылға дейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды, оның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болды.

2021 жылдан 2024 жылға дейін жеке секторда әртүрлі қызметтер атқарды.

Айта кетейік, ашық деректерде Рустам Қарағойшин Индустрия және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшиннің ұлы екені көрсетілген. 2023 жылы ол Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің қатарына кірген еді.

Пікірлер