Сұйытылған газ бағасы қанша болуы керек?

1134
Adyrna.kz Telegram
Фото:gov.kz
Фото:gov.kz

Автогаз бағасын қайта қарау қажеттілігі туралы Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, сарапшы Нұрлан Жұмағұлов пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Естеріңізде болса, өткен жылдың қараша айында сұйытылған газ бағасының қымбаттайтыны айтылған еді. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов мәлімдеген болатын.

Осы мәселеге қатысты Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың пікірін білдік.

“Жалпы, Қазақстанда сұйытылған газ бағасы қазіргі таңда әлем бойынша Алжирдан кейін ең төменгі баға болып есептеледі және соңғы екі жылда бағасы қатты өскен жоқ. Тек 5 теңгеге ғана айырмашылық бар. Бүгінде сұйытылған мұнай газын өндіретін 11 компания бар. Олар шикізатты нарыққа өз бағасынан төмен бағамен өткізеді. Жалпы, осы 11 компания жылына 2,9–3млн тонна сұйытылған мұнай газын өндіреді. Ал ең үлкен Теңізшевройл компаниясы мұнайды ішкі нарықтағы бағамен сатпайды, Теңізшевройлдағы баға басқа компанияларға қарағанда 2 есеге жоғары. Айта кетерлігі, біздің мұнай өңдеу зауыттарында мұнай көлемі шектеулі. Біз 3 млн тоннадан жоғары сұйытылған мұнай газын (пропан/бутан) шығара алмаймыз”, - деді ол.

Оның айтуынша, газ бағасының қымбаттауы әділ шешім болмақ.

“Еліміздегі автокөлік жүргізушілері жыл сайын (кемінде 15 пайыз) автогазға деген сұранысты көтеріп отыр. Өйткені пропан бағасы 55-70 тг болып тұр, ал былтыр бензиннің бағасы 11 пайызға өскен болатын. Мысалы, АИ-92, АИ-93 бағаларының қазіргі бағасы 205 тг. Енді салыстыратын болсақ, сұйытылған газ бағасы 3 есеге арзан болып тұр. Бірақ газдың құны әрқашан осы бекітілген бағамен тұрмайды ғой. Бағаның өзгеруіне әртүрлі жағдай әсер етеді. Мысалы, шикізаттың өз бағасы, жыл сайынғы жөндеу жұмыстары мен жұмысшылардың айлық табыс көзі бар. Сол үшін осы мәселеге әділ көзқараспен қараған жөн. Автокөлік иелері тек өз қалталарын ойламай, өндірісті шығарушы зауыттардың да жағдайына қарау қажет, осы себептерге байланысты бірқалыпты бағаны көтеру керек.

Сондықтан, жыл сайынғы баға өзгерісі ол қалыпты жағдай деп есептеймін. Бұл - әділ шешім. Өйткені баға төмен болса, ешқандай инвестор бұл салаға инвестиция жасамайды”, - деп толықтырды Жұмағұлов.

Сондай-ақ сарапшы баға өспеген жағдайда елде дефицит болып, импортталған тауарға тәуелді болуымыз мүмкін екенін жеткізді.

“Энергетика министрлігі бағаны жылына екі рет өзгертуге құқылы. Бірақ, байқағанымыздай, желтоқсан айында бағаны көтеру керек болатын, бірақ баға өзгерген жоқ. Дегенмен наурыз айында қайтадан бағаның өзгеру мүмкіндігі бар. Менің жеке ойым, жыл сайын шикізат бағасын 10-15 пайызға көтеріп отырған дұрыс. Себебі мұнай өндіруші звуыттарға арнайы болжамдар керек, әр компания өз экономикасына қарай есеп жүйесін құруы қажет.

Дегенмен бұл тұрғыда халықпен де санасу керек деп ойлаймын. Себебі пропан, бутан газымен жүретін көліктер саны 15 пайызға өсіп отыр. Бұл жағдайдың салдарынан болашақта дефицит болуы мүмкін. Дефицит болған жағдайда баға өседі, сәйкесінше Ресейден импортталған тауарға тәуелді немесе Теңізшевройл компаниясының қымбат газын сатып алуға мәжбүр боламыз”, - деп Жұмағұлов ойын қорытындылады.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер