Астана әкімінен алғашқы жаңалық. Елордада жолақы қымбаттайды

904
Adyrna.kz Telegram
Фото: inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

Астана әкімі қоғамдық көлікте жүру құнының қымбаттайтынын айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл жаңалықты қала мэрі Жеңіс Қасымбек «Сарыарқа» ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты.

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, ескі баға 10 жыл бұрын бекітілген.

2023 жылы 900 автобус болса, қазір олардың саны 1300-ге жеткен. Яғни, біз автобустар санын шамамен 40% арттырдық. Биыл тағы 300 автобус келеді. Негізі халық саны 1,5 млн болса, қызмет көрсететін автобустар саны 2 мыңнан асуы керек. Сондықтан біз бұл мәселені тездетіп шешуге тырысып жатырмыз. Бағаға келсек, 90 теңгелік жол ақысы 2014 жылы бекітілген. 10 жыл өтті. Осы аралықта жанармай, газ, автобус жүргізушілерінің жалақысы өсті. Олардың айлығы қазір 500-600 мың теңгені құрайды. Бізде автобус жүргізушілерінің жетіспеушілігі бар, мұндай айлыққа кәсіби мамандарды жеткілікті мөлшерде жалдай алмай жатырмыз, - деді әкім.

Әкім тұрғындар үшін жолақыны мемлекет төлеп отырғанын да есептеді.

Бір жолаушының жүру ақысы, егер электроавтобус болса, 400-500 теңгені, газ не дизельмен жүретін автобус болса, 240-400 теңгені құрайды, яғни әкімдік әр азамат үшін 200 теңге қосымша төлеп отыр. Меніңше, 110 теңге – бұл 7-10 жыл бұрын көтерілуі тиіс баға. Біріншіден, 10 жыл бұрынғы тариф қазір өзекті емес, сондықтан мұндай қадамға баруға мәжбүрміз, - деді әкім.

Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын қоғамдық көлікке сыймай, есіктен құлаған әйелдің видеосы тарап еді.

Пікірлер