Заң, сот, құқық: Кең ауқымды сот реформаларындағы өзгеріс

924
Adyrna.kz Telegram

Сот, заң, реформа, құқық. Мемлекет ішінде осы төрт ұғымның билігі зор. Бірінсіз құрдымға кетеміз. Барлығын сақтасақ, тәртіпке бағынсақ тасымыз көкке өрлейтіні белгілі. Мемлекет басшысы бастаған сот реформасы жыл сайын қарқынды дамуда. Бастапқыда енгізілген өзгерістердің маңызды аспектілері туралы қысқаша баяндайық.  

Соңғы жылдары Қазақстанда сот жүйесінің тиімділігін, тәуелсіздігі мен ашықтығын жақсарту мақсатында кең ауқымды реформалар жүргізілуде. Осы реформалар шеңберінде мынадай өзгерістер енгізілді:

  • Қайта ұйымдастыру. Реформа барысында сот мекемелері қайта құрылды, олардың саны азайтылды және олардың жұмыс істеуі оңтайландырылды.
  • Электрондық құжат айналымын енгізу. Соттардың жұмысын жақсарту мақсатында электрондық құжат айналымы енгізілді, бұл істерді қарау уақытын қысқартып, процестің ашықтығын арттырды.
  • Судьяларды оқыту және біліктілігін арттыру. Оқыту және біліктілікті арттыру арқылы судьялардың кәсіби деңгейін жақсарту бойынша шаралар қабылданды.
  • Судьялардың тәуелсіздігін нығайту. Судьялардың тәуелсіздігін қорғауға және олардың қызметіне араласудың алдын алуға бағытталған заңдар мен ережелер қабылданды.

Қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сенатта сот жүйесін реформалау үшін жұмыс істейтін арнайы жұмыс топтары құрылды. Адвокат, заңгер, депутатар, ғалымар, жалпы алғанда түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері барлық бастамаларды толықтай талқылауға тартылған.

Бұл тәсіл нәтижелі, әрине. Бұл тек шағымдарды ғана емес, сонымен қатар сот қызметтерін тікелей пайдаланушылардың нақты ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік береді. Бірінші кезеңнің нәтижесі 2023 жылдың наурыз айында қабылданған заңнамалық актілер еді.

Негізі аталған көптеген шағымдар сот процестерін кешіктірумен тікелей байланысты болды. Бірінші саты істі толықтай зерттемей, апелляциға жіберетін, осылай іс белгілі бір шеңбер бойынша шешімін таппай, айналып жүретін. Сондықтан шілде айынан бастап апелляциялық соттар істерді қайтару процесін толығымен тоқтатты. Егер апелляция бірінші сатыда қабылдаған барлық шешімдердің күшін жоятын болса, онда ол бірінші сатыдағы соттың ережелеріне сәйкес іске нүкте қояды, яғни істің барлық жағдайларды анықтап, шешім қабылдайды.

Бұл аталған шара екі сатыдағы судьялардың да қабылданған шешім үшін алатын жауапкершілігін күшейтеді, сондай-ақ сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етпек.

Адвокаттар және құқық қорғау ұйымдарының сөзіне сүйенсек, бұған дейін судьяларға құқық қорғау органдары мен сот төрағалары үлкен қысым жасайтын, Қауіпсіздік күштері тарапынан мұндай қысымды жою үшін судьяларға қатысты жасырын арнайы жедел іс-шараларды өткізу үшін бұрынғыдай облыс прокурорының емес, Бас прокурордың санкциясы қажет екенін заңнамалық тұрғыдан анықтады.

Жоғарғы Сот судьяларына кандидаттар Сенатқа балама негізде ұсыныла бастады.

Аудандық соттардың төрағаларына қатысты 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап сайлау элементтері енгізілді. Бұл лауазымдарға кандидаттарды судьялардың өздері жасырын дауыс беру арқылы сайлайды.

Тағы бір маңызды қадам "отбасылық соттардың" құрылуы еді. Бұл шын мәнінде ювеналды соттардың өкілеттігін кеңейтті. Яғни бұл жағдайда балалардың мүдделері бірінші орынға қойылды. Сондықтан, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ювеналды соттар іс жүзінде барлық істерді және түрлі дауларды қарайды.

Реформалардың келесі пакеті Парламенттің жаңа шақырылымының депутаттарымен қалыптасты. Ол, ең алдымен, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыруға, сонымен қатар судьялардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Реформа жанданып, жаңғырып жатқанын аңғаруға болады. Ал азаматтарымыздың құқығы мен бостандығы не болып жатыр? Қазақстандағы адамдардың бостандықтары заңнамалық және құқық қорғау деңгейлерінде қорғалады. Заңнамалық деңгейде бұл Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдармен, халықаралық шарттармен және келісімдермен қамтамасыз етіледі.

Азаматтар құқықтары бұзылған жағдайда құқық қорғау органдарына, омбудсменге немесе басқа да құқық қорғау ұйымдарына жүгіне алады. Сонымен қатар, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) және Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) сияқты әртүрлі халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады, бұл да азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал етеді.

Заң білген адам, құқықтық тұрғыдан сауатты азамат осы тәсілдердің пайдалана отырып, кез келген қиындықтан өзін алып шығып, әділеттілікке қол жеткізе алады. Өмір өзгеріс үстінде, қоғам да солай. Реформалардың уақыт талабына сай өзгеріп тұруы - ақиқат. Ескірген дүние ессіз әрекеттерге апарады. Бастысы, халық барлығынан хабардар болып отырса болғаны.

фото: infozakon.kz

Пікірлер