Жаңаарқадағы жұт. Аудан әкімі "Адырнаға" комментарии жазды

1826
Adyrna.kz Telegram

Жаңаарқа ауданының әкімі "Адырна" ұлттық порталының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған жазбаға жауап берді. 

"Адырна" порталының Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ерлан Төлеутайдың "Жаңаарқада сұрапыл жұт болып жатыр" деген жазбасы жарияланған болатын. Сол жазбаға Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев жауап берді.

"Елде – Жаңаарқада жүрмін. Арқада, оның ішінде Жаңаарқа ауданында құлақ естіп, көз көрмеген (мен туғалы) жұт болып жатыр, ағайын. Кеше өзім өсіп, ержеткен Жаңаарқа ауданы, Байдалы би ауылында болып, өз көзіммен көрдім, жылқы жарықтық қырылып жатыр, қырылмағаны әбден арып, тулаққа айналған.Түртіп қалсаң – құлағалы тұр. Құлағаны тұрмайды – пышаққа ілінеді. Биелер тегіс құлын тастаған. Тұтас үйірлер жоғалып, із-түссіз кеткен. Мал баққан, оның сүмесіне қарап отырған елдің еңсесі түсіңкі. Жем-шөп жетпейді. Жылқы қолға қараған соң – елдің шөбі түгесілуге таяу", - деген Ерлан Төлеутайдың жазбасы апатты жағдайдан хабар беретін еді.

Желідегі сол жазбаға Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының әкімі  Қанат Қожықаев былай жауап берді.

"Жаңаарқа ауданындағы жылқы малына байланысты орын алып жатқан жағдайға алаңдатушылық танытқан көптеген азамат өз пікірлерін жазуда.

Ең алдымен, осындай жағдайда тысқары қалмай, елге жанашырлық білдірген жандарға ризашылығымызды білдіреміз. Қыс соңында орын алған қиыншылықтармен толық таныспыз. Бұл бағытта аудандық штаб құрылып, тиісті мекемелер, кент, ауылдық округ әкімдері мен кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен бірлескен шаралар қолға алынуда.

Шығынға ұшыраған мал санын анықтау, шаруа қожалықтарына жылқыларды тиісті орындарға жеткізіп алу үшін материалдық-техникалық көмек көрсету, жем-шөп бағасын тұрақты ұстап тұру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта далада табылған жылқылардың иелері анықталмауда.

Өзіңіз көтеріп отырған мәселе - Кеңестік кезеңде осындай жағдайда мемлекет тарапынан үлкен күш салынғаны рас. Дегенмен, ол уақытта мал толығымен мемлекеттік меншікте, яғни, ортаның малы болып табылды. Соған сәйкес, тиісті шаралар қабылданды. Қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Жылқы малы толық жеке меншік иелерінде. Сондықтан, оларды базаға тіркеу, жем-шөп қорын даярлау, олардың бағылуын ұйымдастыру мемлекеттік орган құзыретіне кірмейді. Жем-шөп шығынын қайтару үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидияға да әркім арнайы жүйеге (базаға) кіріп, электронды қол қою арқылы, жергілікті әкімдіктің қатысуынсыз сұраныс бере алады", - деп жазды әкім.

Сонымен қатар, әкім шөптің тоннасының бағасы 120 мың деген дерек негізсіз екенін айтты.

"Қызылорда мен Шымкент жақтан жоңышқа жеткізіліп, сатылуда. Аудан ішінде шөп қоры бар, шаруашылықтар тоннасын 35-60 мың аралығында сатуда. Кебек қоры жеткілікті. Олар әр пунктте қабы 1350 -1450 теңгеден сатылуда. Аудан әкімдігі жем-шөп бағасын көтермеу үшін кәсіпкерлермен келісімге келу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жалпы, Жаңаарқа ауданында агроөнеркәсіптік кешенінде 12- ЖШС, 987 шаруа қожалықтары жұмыс жасайды.

2023 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен бекіткен ережесіне сайкес, талапқа сай келетін шаруа қожалықтарына облыстық бюджет есебінен ауданымыздың 584 шаруа қожалығына жем-шөп шығынын өтеу үшін барлығы 749 млн. 294 мың теңге көлемінде субсидия берілді.

Жаңаарқа ауданында қарасты шаруа қожалықтарына субсидия үлестіруді Ұлытау облысының ауыл шаруашылық басқармасы жүзеге асырады. Ол үшін EGov электронды үкімет порталы арқылы өтінім беруге болады", - деп комментарии жазды әкім Қанат Қожықаев.

Пікірлер