“Біздің заманның Аяз биі". Жазушы Жұмабай Шаштайұлы қайтыс болды

1944
Adyrna.kz Telegram
Фото: malim.kz
Фото: malim.kz

74 жасқа қараған шағында жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы Алматы облысында туған.

Жазушының өлімі туралы қаралы хабарды мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан жазды. Депутат әлеуметтік желідегі жазбасында:

"Қасиетті Оразаның екінші күні қазақтың біртуар қаламгері, асыл Ағамыз Жұмабай Шаштайұлы Жаратқанның құзырына қайтыпты… Өкінішті… Сөз жоқ… Бірнеше буынға ұстаз болған, адал һәм тап-таза қалпынан айнымай, соңынан бір ауыз бөтен сөз ілестірмеген сәби болмысты Жұмағаң туралы айтар жақсы әңгіме көп. Жақсылар шетінен кетіп жатыр… Сізді сағынатын болдық…" – деп жазды ол.

Жұмабай Шаштайұлы қызмет жолын "Коммунизм жолы" газетінде бастап, кейіннен республикалық "Лениншіл жас", "Социалистік Қазақстан" газеттерінде, "Жалын" журналында жұмыс істеді.

Жазушы 2002 жылдан Қазақ радиосының бас редакторы болды.

Жұмабай Шаштайұлының "Қияда" атты алғашқы повесі "Таң нұры" атты ұжымдық жинаққа енген. Ал 1984 жылы шыққан "Қызыл қар" атты тұңғыш жинағы сол жылдары саяси басшылық тарапынан қатал сынға да ілікті.

Одан бөлек жазушының "Жала мен нала", "Жыр жолбарыс", "Біздің заманның Аяз биі", "Жаңғырық" романы сынды еңбектері бар.

Жұмабай Шаштайұлының қонақасы бүгін, 12 наурызда Жамбыл музейі ауылындағы үйінде, кешкі ауызашармен бірге өтеді.

Жаназасы 13 наурыз күні осы ауылдан сағат 10:00-же шығарылады.

Пікірлер