Елтаңбаны қабылдай алмай, іштей тыңғанмын - Жазушы

823
Adyrna.kz Telegram
Фото: kmmt.kz
Фото: kmmt.kz

Атыраудағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент Қ.Тоқаев біраз мәселені айтыпты.

Соның ішінде Елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс ел арасында бірден қызу талқыға түсіп жатыр екен. Қарасам, қарсы шығушылардың қарасы басым, дегенмен қолдаушылар да аз емес сияқты.

Әу баста бекітілген дүниені орта жолда «әрі тарт та бері тарт» жасауға мүлде құлықсыз адамның бірі – мен едім. Алайда тап осы Елтаңба мәселесіне келгенде елең ете қалғаным...

Өйткені, жасыратыны жоқ, қазіргі Елтаңба маған ә дегеннен-ақ ұнамаған болатын, тіпті 1992 жылы бұл туралы пікірім «Алматы ақшамы» газетіне жарияланғаны есімде. Біріншіден, баяғы кеңестік пошымнан алыс кете қоймаған. Өзбекстан мен Тәжікстанның қазіргі гербтері де сондай. Екіншіден, мемлекеттік рәміз секілді нақты да байсалды дүниеге «бәрін қамти берсем, ештеңе ұмыт қалмаса екен» деген ағыл-тегіл «максимализм» жараса бермейді. Шаңырақ, уық, пырақ, күмбез, күн, жұлдыз, т.б. бәрін қамти беруге тырысу – ақырында жыпырлаған быжырқай бейнеге ұласып кетуі мүмкін. Рас, кезінде оның әрқайсысын бізге қилы қисынмен қиыстырып түсіндірді, түрлі сараптау мақалалар да жазылды. Бірақ... сол күйі қабылдай алмай, іштей тынғанмын.

Содан бергі қанша жылдан бері көпшіліктің көзі де үйренді, көзқарасы қалыптасты ғой, сондықтан «осы қалпында қала берсін» деген пікірлерге де түсіністікпен қараймын. «Бұдан басқа бас қатырар шаруа жоқ па?» деушілердің наразылығы да түсінікті.

Президент былай дейді: «...Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады».

Яғни, менің түсінгенім, алдымен түрлі пайымдар, пікірлер тыңдалуы керек. Содан соң да, ортақ шешімге келген жағдайда да, мәселе әбден жан-жақты қарастырылып, пысықталуы шарт. Егер Елтаңбаны ауыстырмасақ болмайды деген түбегейлі қорытындыға келген кезде ғана жаңа Елтаңбаның жобасын жасауға ашық байқау жарияланады. 

Демек, Елтаңба ауыстыру есік ауыстырғандай бүгін-ертең бола салатын шаруа емес. Әбден талданып-таразылануы керек, түрлі көзқарастар тыңдалып, ескерілуі керек.

Менікі де ойым сол...

Сәкен СЫБАНБАЙ,

жазушы-журналист

Пікірлер