“Құтқармайды сені кеп Нұқ пайғамбар!..” Судың зары өлеңге айналды

1838
Adyrna.kz Telegram

Бірнеше өңірді су алып, ел басына күн туғанда ақындар үнсіз қалмады. Олар іштегі мұң мен халықтың қазіргі күйін өлең арқылы жеткізуде. 

Ақын Қайырбек Шағыр Facebook парақшасына не үшін күн оқиғасын өлеңге түсіргенін былай түсіндіріпті.

"Лирикаға саясатты араластырмайын дейсің, бірақ айналада болып жатқан оқиғалар көңіліңді алаңдатқан соң, өлеңге түсірмеске лаж жоқ", - деп өлең арнады.

Қалғанда су астында момын жандар,

Ақшаның тасқынына шомылғандар,

Ел басына күн туған мына күнде,

Етікпен су кешуге қорынбаңдар.

Уайымдап кедей жүр ғой кредитін,

Өсімқор миығынан күледі итің.

Халықты күнкөріске байлап қойса,

Құл қылу оңайлығын біледі итің.

Ақын Ершат Қайболдин де су басқан ауылдардың жәй-күйін жырлаған:

Көктем сайын ауылды су басады,

Көктем сайын ағайын шуласады.

Судан құрғақ шығатын суайт көкем

Салы суға кеткендей түр жасады.

“Белгілі ғой тасқынның жүретіні,

Сабыр, сабыр” көкемнің білетіні.

Балшық басып көрмеген судай жаңа,

Шіркін, қандай әдемі су етігі?!

Халықтың көктемгі көңіл-күйін сел бұзған.

Сәтжан Кәріпбаев билік өкілдерінің рапортына меңзеп "Тұрақталды" деп жырлатып, баспанасыз қалғандардың жайын айтты.

Қазақ сан өткерсе де сынақтарды,

Бұл қоғам...

Қашан да бір-ақ қалпы...

Топан су жайлап жатқан жерді көрсем...

Көкейімде онсыз да сан сұрақ қалды.

Бас қайғы баспанасы... Бала жылап,

Зар илеп,ел билікке сыр ақтарды.

Сыр ақтарды...

Биліктен бір-ақ жауап...

"Ол ауданда жағдай сол тұрақталды".

Ақын Дәурен Берікқажыұлы Facebook желісіндегі парақшасында:

Өз-өзінен шешілетін сияқты

Бұл қазақтың тағдыры -

Тым алаңсыз қар жауады ұятты,

Тым мезгілсіз сіркірейді жаңбыры.

Бағым ұшып баратқандай бастағы

Терлеп шықсам өз-өзімді сұраққа ап.

Тым көңілді көрінеді аспаны,

Ақпаны да тым бейкүнә, тым әппақ.

Күннен-күнге түсінуден қалдым мен

Бұл ұлысты, расында.

Шығар деп ем ақыл-есім сәл кірген

Дәл осынау жасымда.

Қазақ десе жанын сығып беретін

Тым сүйкімді маздайды от ошақта.

Сонда менің әлдеқандай көретін

Мемлекетім осы-ақ па? - деп өлеңдетті.

Тасқын мәселесіне бей-жай қарай алмаған ақынның бірі - Арман Жусанбаев. Ол сел басып, бөгеттер бұзылып жатқандағы биліктің бүгінгі әрекетін сынға алды.

Көзін жасын сорлы елім көл еткенде,

Сел басты да бұзылды бөгет демде...

Жемқорлықпен бетпе-бет келіп тұрсың,

Қиямет күн қыйналып сол өткелде!.

Тоймадың ба судыр сөз уәдеге,

Құрғақ қиял –жел қайық қуа берме!.

Жұмақ жасау өзіңнің қолыңда тұр,

Тозақ жасау тіпті оңай мына жерде!

Жағымпаздар жалбақай қыртқа айналар,

Қайда қамсыз алаңсыз жұртқа жәй бар?

Салың суға кеткенде топалаңмен,

Құтқармайды сені кеп Нұқ пайғамбар!

Ақын Санжар Келекеев те "Әй, Үкімет!" деп сындарлы шақтағы биліктің әрекетін сынға алды.

Жазамын жабығып жыр, торығып ән,

Кім бар ей... кім бар дейсің соны ұғынған?

Бас-басына би болған көкелердің,

Келмейді екен топан су тобығынан.

Қардың суы.

Қарғын су даланы алып,

Паналаған байғұс жұрт жаға барып.

Маңдайынан бес елі сор кетпеген,

Сол баяғы, баяғы қара халық.

Ісі басқа..

Сөздері кіл жасанды,

Қу билікке қарайды күн қашанғы?

Уәдесінің түкке де тамтығы жоқ,

Құр мінбеде отырып шуласады.

Бөгеті жоқ..

Қатырған бөгені жоқ,

Көктем келсе жерімді су басады.

Түкке тұрмас сөз қылып насыбайды,

Түкірігі ауызынан шашырайды.

Көтендерін май басқан көкелерім,

Креслоға құл болған басыбайлы.

Өз жыртығын жамаған өз еліне,

Ешбірінің жандары ашымайды.

Сені қайдам билігім...

Мен қайғырдым.

Тумастай боп көгімнен енді ай, күнім.

От алады қисапсыз жер байлығын,

Жат алады есепсіз ел байлығын.

Сөз түсінсе бас изер құптағаны,

Қанша айтсаң да ұқпайды , ұқпағаны.

Әй, Үкімет қашанғы жұт болады,

Қашан біздің Қазаққа құт қонады ?

Жауап бер?!

Әлеуметтік желіде оқиғаға үн қосқан ақындар бір бұл емес. Дегенмен алғашқы лекпен 12 облыста болған апатты жағдайға бей-жай қарамай, жанымен болса да елімен бірге екенін танытқан ақындар тобы осындай болды.

Сымбат Наухан

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер