«Шахристан» орталығы Әулиеатаның атын аспандатады

2905
Adyrna.kz Telegram

Екі мың жылдық Тараз шаһары турзим дамытуда таптырмас мүмкіндік. Сондықтан да Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласы шеберлер орталығына айналуы керек деп отыр.

Облыс әкімдігінде өткен «Шахристан» этно-мәдени орталығының құрылысының барысы қаралған жиында айтылды. Бұл этно-мәдени орталықта орын алатын бірнеше нысандар басқармалар мен қала әкімдігіне бөлініп берілген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, құрылысшылар екі ауысымда еңбек етіп жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, орталықтың нысандарын өздерінің қолданысына қарай безендіру керек. Өз кезегінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов безендіру шаралары бойынша өз ойын ортаға салды.

«Жалпы, бұл жұмыстар рухани жаңыру құндылықтарын ескеруді керек етеді. Бой көтерген ғимараттың өзі, әр қабатта орын алатын тақырыптық бөлмелер безендірілуімен үндесуі де қажет. Сондай-ақ, осы дизайнерлік белсенділікте жаңа технологияларды игерген компаниялармен бірлесе жұмыс жасау шарт. Әрине, бір ғана Таразда ондай әлеуеті жоғары компаниялар жоқ болса, өзге қалалардан да шақыру керек. Орталықта орын алатын әр тақырыптық нысандарда мысалы, Шерхан Мұртаза орталығында ол кісінің сөздері жазылып, тәрбиелік, өнегелік ой толғамдары да орын алуы керек. Сонымен қатар, кешегі Күлтегін, Баласағұн, Қағандардың өнегелі сөздері де айшықталатын болады. Біз осы орталық арқылы Тараздың әлеуетін әлемге танытуды мақсат етуіміз керек. Сондықтан, безендіру жұмыстарының жан-жақтылығы, үндестігі, заманауилығы қатаң ескерілетін болады», – деді облыс әкімі.

Туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша келешекте мұнда туризм нысандарының онлайн картасы іске қосылмақ. Сондай-ақ, ол көрмеге бүгінгі күннің өзінде тараздық 23 шебердің 1118 бұйымы қойылатынын ескертті. Олар сатылымға да шығады. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлер үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтуды да көздеп отыр.

«Біз Таразға өзге де қалалардың ұста, шеберлерін шақырып, олардың бұйымдарын көрмеге қоюымыз керек. Көрші жатқан облыс орталықтарында мұндай орталық әзірге жоқ. Сондықтан, олардың яғни ұста-шеберлердің әлеуетін пайдалана отырып, туризмнің бір тетігін дамытуға ықпал етуіміз керек. Жалпы, этно-мәдени орталықтың жұмысын жүйелі жүргізу үшін бірыңғай жүйені енгізу керек. Париж – сән орталығына айналған қала десек, біз Таразды – ұста-шеберлердің шеберханасына, орталығына айналдыруымызға мол мүмкіндігіміз бар. Сол орайда жұмыс жүргізуіміз қажет. Алдағы уақытта «Көрме» залында Жамбыл облысының 80 жылдығын атап өтетін боламыз» – деді облыс әкімі.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер