Досым Сәтпаев: Әбдірахымов үшін кеңесші қызметі - трамплин

4089
Adyrna.kz Telegram

Саясаттанушы Ғ.Әбдірахымовтың Шымкент әкімі қызметінен шеттетілуін саяси элита ішіндегі өзара қақтығыстармен байланыстырады

Шымкент қаласының екі дүркін экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметінен кеткен бетте, Президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев ол «сенімді ақтамады» деп суыт мәлімдеме жасады. Бұл сөз қоғам үшін «экс-әкім  енді қайтып мемлекеттік қызметтің табалдырығын аттамайды» дегендей естілген еді. Бірақ, басы дауға қалған шенеунік бір айдың ішінде қайта қатарға қосылды. Осы орайда «Azattyq Ruhy» тілшісі саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірін білді.

«Көшербаевтан кетті, Маминге жетті»

Саясаттанушы Ғ.Әбдірахымовтың Шымкент әкімі қызметінен шеттетілуін саяси элита ішіндегі өзара қақтығыстармен байланыстырады. Ал Көшербаевтың «сенімнен шықты» дегені тек шартты түрде айтылған сөз деп біледі.

«Сенім кредиті» деген шындығында ешқандай мәні жоқ, шенеуніктер тіліндегі номенклатуралық ұғым ғана. Себебі қазақстандық бюрократизм мысалында биліктің үмітін ақтамай, орнынан алынып тасталып, уақыт өте қайта лауазымды қызметке сайланғандарды талай көрдік. Көпшілік көзіне саяси элитаның бір бөлігі Ғ. Әбдірахымовқа деген сенімді жоғалтса, екінші жағы жаңа «сенім депозитін» бергендей болып көрінді. Әлеуметттік желідегі осындай тұрпаттағы әзілдерде де бір шындық бар. Сондықтан, оның әкім қызметінен отставкаға кетуі, алдымен, саяси элита ішіндегі өзара қақтығыстардың нәтижесі деп ойлаймын. Ал Үкімет басшысына кеңесші болып, мемлекеттік қызметке қайта оралуы – сол қақтығыстардың жалғасы іспетті. Көріп отырғанымыздай, жүйеден толық аластатылған жоқ»,- деді саясаттанушы.

«Биліктің емес, халықтың сенімі маңызды»

Сарапшы үшінші мегаполистің экс-әкімі «жарнамаға құмарлығына» қарамастан, бірталай шаруа атқарып, тұрғындардың оң бағасын алып үлгергенін жоққа шығармайды. Сол себепті әкімді билік басындағылар емес, халықтың өзі сайлайтын жүйеге көшу керектігін айтады.

«Бізде билік элитасы  әкімді өзі сайлайды, өзі отставкаға жібереді, өзі қайта басқа қызмет ұсынады. Халық тек бақылаушы ретінде қызықтап отырады. Халық таңдау  құқығынан мүлдем шеттетілген. Әкімдерді халық сайлайтын заң болғанда Шымкент халқы, мүмкін, Ғ.Әбдірахымовты жібермей алып қалар ма еді?! Себебі ол пәлендей нашар кадр болған жоқ. Өзін жарнамалауға көп құмартса да, қала үшін біраз нәрсе істеуге тырысып бақты. Басқалар Оңтүстікті бұрынғыдай стереотиптерге сүйеніп депрессивті емес, қарқынды даму үстіндегі өңір ретінде қабылдай бастады. Сондықтан да «сенім кредиті» деген ұғымның анықтамасын түбегейлі өзгертуіміз керек. Биліктің емес, халықтың сенімі ескерілуі тиіс», - деген ойын жеткізді ол.

Лондон мен «Ольга VIP-тің» кінәсі жоқ

Ғ.Әбдірахымов отставкаға кеткенде, көпшілік оған Лондон қаласынан сәлем жолдап, елдің сынына ұшыраған видеосының кесірі тиді деп ойлаған. Жығылғанға жұдырық болғандай, сол уақытта ғаламторда Әбдірахымовқа бұрыннан теліп жүрген Инстаграмдағы бикештің суреттері де тарап кетті. Д.Сәтпаев бұл жағдайлардың бәрі экс-әкімді жұмыстан шығаруға тек сылтау болды дейді.

«Ең қызығы, Ғ.Әбдірахымов қызметінен Шымкент республикалық дәрежедегі қала статусын алғаннан кейін босатылды. Яғни, сол кезден бастап элита үшін Шымкенттің рөлі Алматы сияқты бірден артып шыға келді. Әрине, сондықтан қала әкімінің «креслосына» талас та күшейе береді. Мұны да Әбдірахымовтың қызметтен кетуі себептерінің бір нұсқасы ретінде қарастыру керек шығар», - дейді сарапшы.

«Кеңесшілік – жаңа лауазымға жетелейтін көпір»

Сәтпаевқа сенсек, Әбдірахымов Премьер-министрдің кеңесші болып ұзақ отырмайды. Егер Президент әкімшілігіндегілер қайта ашуға мінсе, ол көпшілік әзілдегендей «сүйікті» Лондонына кетеді, болмаса басқа бір жылы орынға жайғасады. Ал кеңесшілік деген - жағдайы «қыл үстіндегі» шенеуніктер үшін транзит іспеттес.

«Әрине, Премьер-министрдің кеңесшісі болу - бұрынғы мегаполис әкімі үшін қызметте төмендеу. «Көмекші», «кеңесші» деген атаулар құлаққа әдемі естілгенімен, олардың қолында ешқандай билік жоқ. Біздегі практика көрсеткендей, бұл орындарға әдетте болашақта жаңа бір лауазымды орынға тағайындалатын кадрларды қояды. Ұқсас жағдайлар бұрын да болған», - деп түсіндіреді саясаттанушы.

Осыған ұқсас жағдай ретінде «Патамушта, патамушта» сөзімен есте қалған бұрынғы Еңбек және әлеуметтік даму министрі Серік Әбденовті мысалға келтірді. Басына жұмыртқа тиіп, дау-дамаймен отставкаға кеткен Әбденов те көп ұзамай кеңесші болып қызметке тұрған. Бірақ Премьер-министрдің емес, сол кездегі «ҚазМұнайГаз»  басшысы Сауат Мыңбаевтың жанынан табылып еді. Қазір «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

 Сұхбаттасқан - Абай СЕЙФУЛЛА

«Azattyq Ruhy»

Пікірлер