Министрлік ұсынған тұжырымдама -дін саласындағы саясаттың бағдарын анықтап берді

1473
Adyrna.kz Telegram

Дін саласында тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру мақсатымен еліміздің тарихында тұңғыш рет Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан «Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017–2020 жылдарға арналған Тұжырымдамасы» қабылданған болатын. Құжаттың ресми қолданысқа енгеніне де бес ай уақыт болды. Дін саласы төңірегінде жүрген мамандар болмаса, Тұжырымдамамен толық таныс емес екендігіміз рас. Соны ескеріп, бүгін философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Нағима Бәйтеновамен әңгімелескен едік.

 

Үш жылға арналған Тұжырымдамада дінге байланысты мемлекет қандай бағдар ұстанған?

 

– Бұл құжатты уақтылы қабылданған және мемлекеттік маңызы бар құжаттар қатарына жатқызуға болады. Тұжырымдамада дін саласындағы мемлекеттік саясатты, дін мен мемлекеттің өзара байланысын, мемлекет пен конфессия­лардың және конфессияаралық қатынастарды реттеуге, мемлекеттің зайырлы дәрежесін нығайтуға, дінді деструктивтік мақсатта пайдаланудан қорғауға және министрліктің жүйелі, кешенді түрде жұмыс жасауына негіз болады. Мемлекеттің ұстанатын негізгі бағдарына дін мен мемлекеттің өзара байланысын реттеуде мемлекеттің зайырлық принциптерін негізге алу, осы қатынастарды реттеуде нормативтік-құқықтық актілер жүйесін жетілдіру, діни экстремизмге жол бермеу үшін және кешенді түрде дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік ұйымдар мен азаматтық қоғам институт­тарын, яғни үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жетілдіру қарастырылған. Мұндай Тұжырымдаманы қабылдауға негіз болған себептердің бірі – соңғы жылдардағы әлемдегі және Қазақстандағы діни ахуалдың барған сайын күрделенуі, экстремизм мен терроризмнің етек жаюы, олардың іс-әрекетінің барған сайын күрделеніп, жаңа технологияларды кең қолдануы бұл мәселелерді кәсіби деңгей­де, жүйелі және кешенді түрде шешу қажеттігінен туындады деп айтуға болады.

 

Қазіргі діни жағдайда барлық жауапкершілікті тек мемлекетке жүктеу діни салада қалыптасқан мәселелерді тиімді және уақтылы шешуге мүмкіндік бермейді. Бұл мәселені тек бүкіл қоғам болып атсалысқанда ғана шешуге шынайы мүмкіндік туады. Сондықтан Тұжырым­дамада әр азаматтың борышы «дінді деструктивтік мақсатта пайдалануға жол бермеу», «зайырлы мемлекеттің конститу­циялық негізін бұзатын және халықтың белгілі бір топтарын радикалдандыруға әсер ететін деструктивті діни ағымдардың қызметіне жол бермеу», «қоғамда діни қатынастар саласында радикалды және экстремистік көріністермен байланысты кез-келген іс-қимылға мүлде төзбеуші­лікке қол жеткізу» керектігі туралы нақтылы атап өтілген. Осы мәселеге байланысты Тұжырымдаманы «осы саладағы мемле­кеттік қызметкерлер ғана басшылыққа алуы тиіс» деген біржақты пікір қалып­таспауы керек, оны қарапайым халыққа, көпшілікке түсіндіріп жеткізу мамандар мен бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті болуы керек деп есептеймін.

Осы Тұжырымдамаға байланысты қандай нақты шаралар іске асып жатыр?

– Іске асырылып жатқан жұмыстар жетерлік. Атап айтсам, мемлекеттік ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының ведомствоаралық үйлестіру жұмысы қолға алынды. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің осы сала үшін маңызды екі Комитеттен (Дін істері, Азаматтық қоғам істері комитеті және Жастар саясаты департаменті) тұруы аталған мәселені тез арада шешуге мүмкіндік туғызуда. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Астанада Дін істері комитетінің  және «Ұлытау» қорының бірлесе ұйымдастырумен «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелерінде қоғамдық институттардың рөлі» атты Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Б.Арынның төрағалығымен республикалық конферен­ция өтті. Қазір 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу мә­селесі белсенді түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, «діни радикализм мен экстремизм идеоло­гиясының таралуына жол бермейтін жаңа құқықтық норма­ларды әзірлеу қажет­тілігіне» байланысты нормативтік-құқықтық актілер жүйесін жетілдіру мәселесі қолға алынды деп айтуға болады. Тұжырым­дамада «радикал­ды діни ағымдар идеологиясына қарсы бағытталған білікті діни қызметкерлер мен насихаттау­шы­ларды тарта отырып, тұрғындар арасында, әсіресе, нысаналы және «проблемалық» топтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру» қажеттілігіне байланысты Алматы қаласының Дін істері басқармасы конференция-семинар, лекция, кездесу­лер өткізуде. Тұжырым­дамада «радикалды діни ағымдардың идеяларына деген сенімсіздікті орнату және олардың шынайы «бейнесін» әшкерелеу үшін БАҚ, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт әлеуетін пайдалану» туралы айтылған. Осы бағытта әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-нің философия және саясаттану факультеті дінтану және мәде­ниеттану кафедрасының оқытушылары, магистранттары мен докторанттары белсенді түрде жұмыстар атқаруда.

Қазақстанзайырлы мемлекет. Тұжырымдама зайырлық принципіне қарсы келмей ме?

– Қабылданған құжат зайырлық принципіне қарсы келмейді, керісінше Тұжырымдамада ерекше атап өтілгендей, «Еліміздің Конституциясына сәйкес тілі мен діни көзқарасына қарамастан, барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты» деп көрсетілген. Дегенмен, осы жетістіктермен бірге әлі де болса, мемле­кеттің зайырлы қағидаларын нығайту мәселесі өмірлік маңызы бар мәселеге айналып отыр. Бұл мәселенің өзектілігі соңғы жылдары қоғамдағы діндарлықтың кең ауқымды сипат алуынан, жастардың радикалдануынан, «жекелеген азаматтардың қоғам алдындағы конституциялық және азаматтық борыштарын атқарудан бас тартуынан», «заңдарға, елдің мемле­кеттік рәміздеріне, халықтың ұлттық-мәдени салт-дәстүріне, сондай-ақ жалпыға бірдей әдеп және мінез-құлық нормаларына құрмет танытпау жағдайларынан» көрінуде. Әсіресе, исламистік ағымдардың түпкі мақсатының теократиялық мемлекет орнатуға бағытталған іс-әрекеттері зайырлыққа, зайырлы мемлекетке тікелей қауіп төндіріп отыр. Теократиялық мемлекеттің қазіргі моделін ДАИШ нақтылы көрсетіп берді. ДАИШ-тың іс-әрекетінен көп зардап шеккен мұсыл­мандар екенін көріп отырмыз. Бұл ислам мемлекеті емес, ол тек белгілі бір исламистік топтың құрылымы, олардың ұстанымдарына сай келмеген адамдарды, ең алдымен, мұсылмандарды қырып-жоюда. Зайырлы мемлекет – дін мен мемлекеттің қызметін ажырату, әрқайсысының өз компетенциясы шеңберінде қызметін атқаруы, бір-бірінің қызметіне араласпауы. Тұжырымдамада зайырлылық дегеніміз – атеизм дегенді білдірмейді деп жақсы айтылған.

Еліміздегі діни ахуалға қандай баға берер едіңіз? Мемлекеттің дін саласын құқықтық реттеуі қалай жүзеге асырылмақшы?

– Қазіргі біздегі діни ахуалға біржақты баға беру біршама қиын болар. Дегенмен, Қазақстан сияқты көп конфессиялы елде жаңа діни ұйымдардың көпшілігінің біздің ел үшін дәстүрлі емес діни ұйымдар екенін және соңғы 20 жыл ішінде қаулап тез арада кең етек жайғанын ескеретін болсақ, діни ахуалдың әр уақытта күрделі қоғамдық сфера екенін есте сақтап, назарда ұстап отыруымыз қажет. «Үлкен Еуразия – 2027: конфронтация және серіктестік» мәселесіне арналған Астана клубының үшінші отырысындағы сөйле­ген сөзінде ҚР Президенті Н.Назарбаев әлемдегі терроризмнің барған сайын кең ауқымды сипат алғанына, әлемнің кез-келген жерінің олардың деструктивті әрекетінің нысанына айналу мүмкіндігінің өскендігіне назар аударды. 2016 жы­лы 104 мемлекетте теракті болған. Бұл үшінші мыңжылдықтағы терактілер мен оның құрбаны болған адамдардың саны он есе өскенін көрсетіп отыр. Әлемдік деңгейде болсын, біздің қоғам аумағында болсын, бұл мәселенің жылдан-жылға шиеленісіп бара жатқанын көруге болады. Осы қалыптасқан жағдайға жауап ретінде Қазақстандағы қазіргі қалыптасқан діни ахуалды реттеудің маңызды бағыты ретінде «Дін саласын реттейтін заңнаманы жетілдіру; Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтуға және діни экстремизмге қарсы іс-қимылға бағытталған Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру бойынша барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары жұмысының бірыңғай жүйесін жетілдіру; Азаматтардың ар-ождан бостандығы мен олардың діни наным-сенімін құрметтеу құқық­тарына заңнамалық кепілдік беруді қамтамасыз ету» мәселелері жан-жақты қарасты­рыл­ған. Тұжырымдамада жалпы діни мәсе­лелер мен конфессияаралық қарым-қаты­настарды реттеудің құқықтық-нормативтік негіздерін жетілдіру – мемлекеттің дінге қатысты саясатын жетілдірудің маңызды бөлігі ретінде қарастырылған. Тұжырымдаманы 2017–2020 жылдар аралығында мемлекеттің дін саласындағы саясатының негізгі бағыт-бағдарын айқындап берген негізгі құжат деп қабылдау керек, онда аталған проблемалардың жоғары кәсіби деңгейде шешілуінің нақты жолдары көрсетілген.

Жастар арасындағы дінге қызығушылықтың өсуі олардың радикалды діни ағымға кіріп кетуінің қаупін күшейтуде. Тұжырымдама бұл мәселеге қандай шешім ұсынады?

– Шын мәнінде жастар арасындағы дінге қызығушылықтың өсуі олардың радикалды діни ағымға кіріп кетуінің қаупін күшейтуде. Бүгінгі діни ахуалдағы жастардың орны мен рөлі туралы айтар болсақ, ата-ана кейбір жағдайда атеист болса, балалары діндар, бұл кеңестік қоғамның салдары деп айтуға болады. Екінші жағынан, бүгінгі күні дәстүрлі дінде ғана емес, жаңа діни ұйымдардың, әсіресе, исламистік топтардың құрамының 90, кейде тіпті 95–99 пайызын жастар құрайды. Дін саласында жастарға байланысты қалыптасқан осы жағдай, әрине, біраз мәселені туындатады. Жастар кез-келген қоғамның болашағы және де ол жай айтыла салған сөз емес екендігін әркім түсінеді. Тұжырымдамада  жастар арасындағы діни радикализм мен экстремизм идеологиясының таралу себептері мен жолдарына жан-жақты талдау жасалып, жастар арасында орын алған осы мәселелерді шешудің нақты жолдары қарастырылған. Әлеуметтік желілер жастардың санасына мақсатты түрде ықпал ету арқылы «сана-сезімі өзгеріске ұшырайды, азаматтардың мемлекетке деген әлеуметтік сенім деңгейі төмендейді, патриотизм мен тілектестік сезімі жойылады, құндылық бағыттары мен этикалық нормалар өзгереді, отбасына іріткі салынады, қоғам жікке бөлінеді», «қоғамдағы шиеленістің өршуіне, радикалды діни ағым өкілдерінің, оның ішінде халықаралық террористік ұйымдардың қатарына қосылу үшін шет елге заңсыз шығуға тырысатындар санының артуына алып келуімен қауіпті» деп ерекше назар аударылды. Тұжырымдамада мемлекеттің зайырлық сипатын сақтай отырып, осы салада туындаған мәселелерді кешенді түрде шешу қажеттігі жолға қойылған.

– Сұхбатыңызға рахмет

Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер