Жамбылдық белсенділер еріктілер жылынан ерекше жаңалық күтеді

3282
Adyrna.kz Telegram

Біздің қоғамда «еріктілер» туралы әңгіме қозғалса, бос уақытын қалай өткізерін білмей жүретін студенттің бейнесі көз алдымызға келеді.  Алайда «волонтерлар»  өскелең жастарды еңбексүйгіштік пен  жақсылыққа итермелеп, өзінің туып-өскен жерінің дамуы мен гүлденуіне септігін тигізіп жүрген кең жүректі жомарт жандар. Міне, еріктілердің еңбегін ерлікке балаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды – еріктілер жылы деп жариялап отыр.

Мемлекет басшысы еріктілерге деген көзқарасты өзгерту үшін дамыған елдердегідей волонтерлікке бүтін бір сала ретінде қарау қажеттігін және ерікті болып жүрген студенттердің шәкіртақысын көтеру мәселесін алға тартқан-ды. Әлбетте мұндай ақжолтай хабар еріктілердің қатарын арттырары күмәнсіз. Десе де, ел қазынасынан қыруар қаржы бөлінетін еріктілер жылы өз міндетін тисінше атқара ала ма? Біздің жастардың волонтерлік қызмет туралы таным-түсініктері, білім-тәжірбиесі көңіл көншітеді ме? Жалпы, «еріктілер жылынан» не күтеміз? көкейдегі осындай сұрақтарды облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне қойған болатынбыз.

Сонымен, саулнамамызға қатысқан Жамбыл облыстық ҮЕҰ қауымдастығының төрайымы Айнұр Зауырбекова «еріктілер жылы» жастарға мол мүмкіндік береді деп санайды.

«Ерікті болу – маңызды әрі жауапты іс. Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін солай. Еріктілердің көмегіне зәру адамдар көп. Себебі олар әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады. Соған қарамастан, тегін әрі аянбай еңбек етеді. Заман ағымына байланысты ерікті болудың да түрі өзгерді. Бұрын еріктілер қоршаған ортаны таза ұстап, ата-әженің үйіне барып қолғабыс етсе, ал қазір мемлекеттік қолдаудың арқасында барлық сала қамтылуда. Қыркүйектен бастап, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрігі  қоғамдық жұмысқа араласқысы келетін еріктілерге арнайы сайтты іске қосты, онда әрбір білімгер өзінің белсенді еріктілік қызметін ұсынып, нәтижесінде оқу ақысын төлеуге мүмкіндік алмақ. Осылайша еріктілердің еңбегі еленбек, – дейді ол.

Ал  "Елім-ай Достық" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Полина Ким еріктілер жылы жастарды патриотылыққа баулып, оларды жаппай жақсылық жасауға жұмылдырады деп санайды.

«Азаматтық қоғамның алға дамуына әсер ететін бірегей күштің бірі – еріктілер. Қазақстанда нәтижелі жұмыстар атқарып келе жатқан еріктілердің белсенділігін түрлі оқиғалар орын алғанда жіті аңғарамыз. Мәселен, Арыс қаласында орын алған қайғылы жағдайда еріктілер жұдырықтай жұмылып, асарлатты. Ел риза болды. Еріктелер жылында қаламен қатар ауыл жастарын да қамтып, олардың өздерін жан-жақты жетілдіргенін қалаймын, – дейді ол.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

 

Пікірлер