Арғы Алтай, Өр Қаңғай мен Орхон, Байкал...

2636
Adyrna.kz Telegram

24.07.07 ж.

Бұдан әрi майжол – асфальт. Екi күнгi «әншiлiктi» қойып, қалғып кетiппiн. Қалғып емес, қалың ұйқыға басыппын. Көзiмдi ашсам… Айнала көк жасыл, жусанның иiсi бұрқырайды. Таң сiбiрлей атып келедi. Екi жолшы (моңғолша жүргiзушiнi солай атайды) анадайда көк шөптiң үстiнде көсiлiп тұрып ұйықтап жатыр. Үш күнгi жолдан, шөлейттен, құмнан кейiн мынау салқын бел, жасыл жер, самал жел жұмақ сияқты көрiндi маған. Сөйтсек, бұл Қаңғай үстiртiнiң нағыз өзi екен. Қарақорым, Ордабалық, Күлтегiн мен Бiлге қағанның ескерткiшi тұрған Хошо – Цайдам, Орхон өзенi – Түркiнiң жер ұйығы — Өтүкен қойнауының өкпе тұсы екен. Сексен шақырым бұрылсақ iздеген Жиделiбайсынға жетедi екенбiз. Амал жоқ, беталыс – Ұланбатыр. Алда–екi жүз елу шақырым жол бар.

Түркiнiң кiндiгi кесiлдi-мiс дейтiн – Тулу – Толы өзенiне келдiк. Аялдама жасадық. Мыңғырған мал. Бес жүз метрде бiр қора қой, ешкi, үйiрлi жылқы, тiптi доңыз да қорсылдап Толыға бас қойып жатыр. Судың өзiнен малдың шайыр иiсi шығады. Бет аузыңды жууға дәтiң жетпейдi. Суретке түсумен шектелдiк.
Көрер қызығымыз бен шыжығымыз алда екен. Луңнан – Толыдан – Ұланбатырға дейiнгi жолды жөндеп жатыр екен. Жиек жолдардың шаңы жол көрсетпейдi. Аспан да, жер де, көкжиек те шаңның астында қалған. Салып жатқан қытайлар екен. Ұланбатырға дейiнгi көпiрлердiң бәрiн бұзып, жаңғыртып отырыпты. Асфальтты қырып тастапты. Ал май төсеу Луңның маңында, сонда жүз елу – екi жүз шақырым жолға кiрiп шығып, шаңның астында жүргенiң… Ғарышкер Гуррагчаның ауылы жол шетiнде, еңселi екен. Халық батырын сыйлағандарының белгiсi. Тулы – Толы өзенi тауды оңтүстiкке қарай орағытып өтiп, Ұланбатырдың ортасынан өтедi екен.
Кешкi алты мөлшерiнде (үш-төрт сағатта жетемiз деген жерге) қалаға келдiк. Тiлеуiңдi бергiр Қаржаубай «Өргөө» қонақ үйiнен орын алып қойыпты. Кiре сала себезгiге жүгiрдiк.
Мұнда – Қырымбек Алтынбекұлы, Зейнолла Самашев жүр екен. Арқа-жарқа амандастық. Ертеңiнде сағат екiде Орхонға жүрiп кететiн болып келiстiк, жеке көлiк жалдау мәселесiн Қаржаубай шештi.
Кешке Қаржау, Қырым, Сеңгiл, Нұргүл, Әминә бәрiмiз бiрге ас iштiк. Үшеуiмiз бiраз қалжыңдасып, қужыңдасып алдық. Қырымның ата-бабасын (төре), Қаржаубайдың отыз жыл өмiрi өткен қаласындағы ойдағысы мен қырдағысын түгендеп, олар да менiң түп-тұқиянымды қазып, Таян ханның алтын шаңырағына (шындығында да бар екен) қондырмақшы болып талай жерге барып қайттық.
Ұланбатыр — Боғда тауының ортасында, Тулу – Толы өзенiнiң бойында, ұзынынан-ұзақ созылған бiр көшенiң екi жағына орналасқан қала екен. Миллион адам тұрады-мыс. Маған Семейге жете қабыл «қатын» — қала сияқты көрiндi. Ендi ғана етегiн жиып, бойын тiктеп келедi екен. Салынып жатқан құрылыстың денi қытайдiкi сияқты. Ал өздерi қытай десе көздерi бақжаң ете қалады. Әбден жүрегiне тиiп, зәтте болған. Моңғолдардың «Совет одағын сағынып қарсы алуы да» сол қытайдың құрсауынан құтылудың амалы болса керек. Орыстың қолтығына тығылғаны да, әлi де тығыла бергiсi келетiнi сол сияқты.

25.07.2007ж.
Ұланбатырға түнеп шықтық. Жақсы тынықтық. Батмунх атты «жолшыны» таңдадық. Жиырма екi жасар бала. Алғашқы сапары. Шақырымына төрт жүз түгiрiк, бұл шақырымы төрт жүз теңгеге тең. Жолдың қиындығын есептесек, арзан (Тоныкөк ескерткiшiне барғанда шақырымына екi жүз елу түгiрiктен төледiк). Әминә (бiздiң қосағымыз да Қаржаубайдың қарық қыламын дегенiне сенiп қап, бiзбен бiрге қосақталып жүрген едi) ақша ауыстырды, фотопленканы, камераның таспасын көшiрдi. Мен тарих институтының лабараториясына барып, Ел- Етмш қағанның жазу тасын, Сақсайда мұздан қазылған ағаш үйдiң бөренелерiн, қазба заттарын көрдiм. Сағат екiде шықтық. Бiрден дүкендердi аралап, карта iздедiм. Бiреуiн емес, екеуiн алдым. Оның қызығын Иркутскiге жеткенше көрдiк. Жердi, жолды айыруға үлкен көмегi тидi. Жазуға да септiгi тиерi сөзсiз. Әсiресе, өзiң жүрген жердiң нобайы мен жер аттарын бiлуге септiгi зор. Жолдың жөнiн бiлетiн бiр кiсiнi алмастырады.
Қала сыртында З.Самашевтi ұзақ күттiк. Кеш қарая шығып, Тулу – Толы өзенiнiң бойында қондық.

26.07.2007 ж.
Ұланбатыр – Қарақорым – Ордабалық – Хотын – Рашан (Арасан) – Цаған-сұм (Ақмешiт) – Хошо Цайдам – Онгии – Бұлғын — Дашилен – Ұланбатыр.
Бұл күнi археолог Зейнолла Самашевтiң қазақ–моңғол археологиялық экспедициясымен бiрге Қарақорымға бет алдық. Ұланбатырдан шыққандағы 180 шақырым жолды қайта жөндеп жатқандықтан да, Толы (Тула) өзенiнiң жағасына қондық. Өзен лай, лас, бас-аяғында түгел малшылар отырғандықтан да суы iшуге, не жуынуға келмедi. Судан шуаш иiсi шығып тұрады екен.
Сағат таңғы 6-да тұрып шай iшiп, 7-де жолға шығып, түскi сағат 11 шамасында Көген (Когмен — ?) тауының айрығындағы Тарнын гы — өзенiнiң қырқасындағы қорымдағы Қаған тасты көрдiк. Басы жоқ. Жоны, жағасы, арқасы тұтастай ою-өрнек. Әрине, қорым қазылған. Негiзгi атрибуттары – тағантасы, қосымша балбалдар, мүсiндерден түк те жоқ. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Байыр (Баяр) Дөвгойдың айтуынша қорымның тасының жартысын тас жолға төсептi. Бұрын төбенiң үстiндегi төбе сияқты боп үйiлiп жатады екен. Әр топ өз мүддесi бойынша жұмыс жасады: суретке түсiрдi, өлшедi, жер бағдарын сызды. Мұндай өрнектi қағантас ешқайда жоқ екен. Тiлшi ғалым Нәпiл Бәзiлхан маған: «Көген, Көген тауы анау», – дедi батыс солтүстiктi нұсқап. Мен: «Көгман тауы осы емес пе?» – деп Байырға қарадым. Ол үндемедi. Ал соның арғы шетiнде Арғынаты қыраты көгерiп көрiнiп тұр. Қалайда жерi құйқалы, қарағайлы, бұталы.
Осы арадан жол екiге айырылды. Оңтүстiкке бұрылғаны – баяғы, Арпакерге-Авайкерге тартады. Жүрегiмiз зырқ ете қалды. Екiншiсi, Өрқанғайға апарады. Тал түсте Қарақорымға келдiк. Қаланы сырттай көрдiк. Ең ұлы мақсатымыз – көк түрiктiң астанасы Ордабалық болғандықтан да, топ жетекшiсi Зейнолла ағамыз сонда барып тоқтап, шатыр тiгiп, қоныс тебудi ұйғарды. Кешкi 4.30-да Ордабалыққа келдiк. Алдымызда – Өрқанғай – ұлы Өтүкен тауы. Ортадағы Орхон жазығында – Ордабалық. Шығыс солтүстiгi – Орхон өзенi. Қарсы беттегi Қошо-Цайдамнан (жергiлiктi карта бойынша Тарбағатайдан) Күлтегiн мен Бiлге қағанның ескерткiшi бiзге қарап тұр екен. Тек Орхоннан өткел тауып өтсек болғаны.
Қала аумағы 5+5 шаршы шақырымдай. Ұлы Орхон жазығының ортасына орналасқан. 843 жылы қырғыз бен ойғырлардың бiрлескен қағанаты талқандаған. Қаланы соңғы қорғаған жауынгер – Құла Шор. Айқасқа жетi рет кiрiп, ақыры жетiншi атымен бiрге ат тұяғына тапталып өлген.Құла Шордың сөзiн тыңдамаған Тоныкөктiң қызы Бүбiбегiм тұтқынға түсiп, Шиань қаласына күңдiкке емес, күндiкке жiберiлiп, құсалықпен өмiр өткiзген. Сөйтiп, Көк түрiк қағанатының құлаған, күйреген жерi осы Ордабалық. Қорғанның шығыс бетiнде 500 метрдей жерде биiктiгi 4 метрлiк құлпытас тұр. Ойғыр ханның өзiне қойдырған тасы. Түрiк, ойғыр, қытай әлiпбиiнде «Тәңiр тектi Тәңiрге болмыш…» деп басталатын эпитафиясын жаздырыпты. Нәпiл Бәзiлхан мен түрколог Ораз Сапашев мәтiндi оқыды. Жастар Орхонның жағасына шатыр тiгуге кеттi. Бiз – «қарттар»: Зейнолла, Байыр үшеуiмiз қаланың орынын араладық. Серiк Аман мен Мәулен Бекенов қаланың картографиясын түсiруге кiрiстi. Археолог Аман Оңғар да «көр көруге» кiрiсiп кеттi. Өз iстерiн жатық бiлгендiктен де ешкiмде жұмысы жоқ, бiрден камералары мен өлшеуiш құралдарын, қағаз-қарындашын ала жүгiредi. З.Самашевтiң экспедициясының бұл жолғы жүгiнiң негiзгi салмағы да соларда сияқты.
Бiз де қаланың үйiндiсiне шығып, әр төбенi бiр шолып, өткен дәуiрдiң белгiсiн iздедiк. Бұрын да орыс археологi Киселев қазба жұмысын жүргiзiптi. Ендi ол тiзгiндi немiстер қолға алыпты. Зекеңнiң – Зейнолланың жанталасып жүрiп жапондар мен немiстердiң алдын орап шолу жұмыстарын жүргiзуiнiң бiр себебi осы екен. Мынадай алып қорғанды толық зерттеу 30-40 жылдың жұмысы, сондықтан да бiрiккен халықаралық ғылыми экспедиция құруға моңғолдарды көндiру мақсатына шындап кiрiскен жайы бар. Тiкелей тарихына қатысты болғандықтан да Қазақстанның да ғылыми мүддесi қорғалуы тиiс – деген талап қойыпты.
Қаланың орны Отырарды елестеткенiмен де, мұндағы бұрынғы ғимараттардың сiлемi анық байқалады. Қазына, жасауыл, бақауыл, тосқауыл, күзетшi, шеру алаңы, елшi қабылдау ғимараты, қағанның тақ орыны, мiнәжатхана, қорғанның артындағы бегiмдер қалашығы, әскер жиналатын алаң, бәр-бәрi де менмұндалап тұр. Төрдегi саздан құйылған дыңның ғана мазмұн-мiндетi толық ашылмапты. Қаланың сырты – күре арықпен қоршалған. Оның сырты әскери қорған. Мұнаралардың орны да бедерленiп тұр. Жиырма шақырым айналасы тегiс қорған төбелер. Тас балбалдар, тиiрмен тастары, қабырғалардың, iргетастардың өрнектелген сынықтары аттап басқан сайын шәркейiңнiң тұмсығын қағады. Сол сынтастардың қадасы көкжиекке дейiн көзiңдi сүрiндiредi. Бұл арадан дүниенiң төрт бұрышы түгел көрiнедi екен. Қас дұшпанның қалай қапыда қалдырғанына таңқаласың. Бiрақ, таңқалатын да ештеңесi жоқ, оны бiз жақсы бiлемiз, баяғы сол iшкi алауыздық. Қырғыз бен ойғырдың ойран әскерi қамалап тұрғанда да Бүбiбегiм күндестiгiн жасап, Бiлге қағанның басқа әйелден туған балаларын қорғанды қорғауға жеткiзбей, желкесiн қиған. Ашынған Құла Шор абыз жауға жалғыз аттанып…ажалын тапқан.
О, сорлы тағдыр! О, арманда кеткен көк түрiктер! О, менiң қасиеттi ата-бабам!
Жұмыр жердiң төрi – кешегi Өтүкен, бүгiнгi Өр Қанғай деп бiлген екенсiң. Жасынның әбiлһаят суы – Орхон (Өр қон) өзенi екенiн бiлген екенсiң. Дүниенiң тура ортасы – жер кiндiгi Орхон жазығы екенiн бiлгенсiң сен. Кейiн ұрпақтарың Жерұйық, Жиделiбайсын деп iздейтiн «құтты қойнаудың» Орхон жазығы екенiн де бiлдiң. Сондықтан да сол араға Ордабалықты Орхонның жағасына салдың. Қорғаның да, қағаның да, қолбасың да мықты, жауынгерiң жаугер едi. Оны да бiлiп, тасқа қашап жаздырдың сен. Сонда, сонда деймiн-ау, арытыңның бiрлiгiн сақтауды неге ғана бiлмей қалдың екен?! Деп қорғантөбенiң басында назаланып тұрып…
Өтүкеннiң батыс шоқысына иегiн тосып, батып бара жатқан күндi көрiп…таңғажайып құбылысты жаңалық аштым. Мынау шынында да ғажап қой. Қанғай-Өтүкен Азиядағы ең биiк және ұланғайыр үстiрт. Өр Қанғай — Өр Өтүкен соның кеуде төстiгi. Орхон жазығы — өр қоныс. Күн Өтүкеннiң тұмсығынан – Қарақорымнан көтерiлiп шығады да, күнұзақ Өтүкеннiң тақ төбесiнен төнiп, оны күншуаққа малып, кешке Өтүкеннiң екiншi тұмсығынан – Онгин көлi тұсынан батады екен. Көлбемей, көлденеңдемей, тура жарты шаңырақты бойлап өтедi. Түнгi Ай да тура солай жарты шеңбер жасайды. Күн мен Айдың атысы мен батысын көне түрiктер – көк түрiктер киiз үйде отырып көз қиығымен қарсы алып, көз қиығымен ұзатып салған екен. Шығысы – Қарақорым. Оңтүстiгi — Өтүкен. Батысы – Онгин көлi, солтүстiгi, яғни, қарсы алды – Тарбағатай тауы – Қошо Цайдам. Қала төрт бұрыш. Оның сырты су. Оның сырты – қорым. Ол қорғанның сырты 1+1 шақырымдай тағы үлкен қорған. Үлкен қақпасы шығысқа қараған. Қыш құмыра, қыш шатыр, өрнектi тас дiңгектердiң шағындылары шашылып жатыр (Әлқисса, Ордабалықтың орынын көре тұрып, оның осыдан он-он бес жылғы бұрын түсiрiлген суреттерiне қарағанда қатты бұзылып, қабырғалары жермен-жексен тартып, биiк мiнiжәтхананың соншама тез мүжiлiп кеткенiне таң қалғанмын. Оны қорған маңындағы үйездеген жылқы мен үйелеген қойлардан көрiп, iшiм ашыған. Бiрақ күнi кеше қытайлар түсiрген «Шыңғысхан» фильмiн көрiп отырып, көне қаланың неге соншама шұғыл жермен-жексен татқанын бiлдiм. Фильмнiң бiр бөлiмi осы қаланың iшiнде түсiрiлiптi. Мұнараның басына құрылыстар салыныпты. Қаланы қалың әскер шаңдатып жүр…Тарихи шындықты көрсету ниетi дұрыс, бiрақ мың үш жүз жыл уақыт үкiмiне шыдаған қала, миллиардтың салмағын көтере алмапты. Көз алдымызда көне қала күлтөбеге солай айналыпты. Оған кiмнiң қабырғасы қайысар дешi?!).
Кешке көк түрiктердiң әруағына бағыштап қой сойғызып, қымыз сатып алып, экспедиция мүшелерiне iлтипат бiлдiрдiм. Нәпiл батасын жасап, Нұргүл қандыжап жасап, Әмина етiн мүшелеп, басын Байырға тарттық. Ол моңғолша өз рәсiмiн жасап, күмiс тостағаннан архи iштi.
Айлы түн. Салқын самал. Көк майса. Тынып ағатын Орхон өзенiнiң ағысының сырылы. Шеменденген талдардың жапырақ сыбдыры. Сарыала қаздың сұңқылы, Үйректiң қиқуы. Дөңгеленiп туған Айдың төбеден себезгiлеп құйылған ақ сәулесi. Қолмен басқан мөр сияқты дөп-дөңгелек көкжиек. Қанғай да, Тарбағатай да дөңгелене қалыпты. Ұйқыңды силайтын-ақ түн. Шатырдағылар тынықты. Кеудеңе үрiп тартып сиғызып алатын емес. Көзiңдi жұмсаң көрген түсiң ғайып болатындай. Ауасын жұта-жұта, мынау ғажайыпқа сенер-сенбесiңдi бiлмей …ұйқыға жұтыласың.

27.07.2007 ж.
Таңсәрiнiң сұлуы-ай десеңшi. Қарақорымнан сарғайып көтерiлiп, Қанғайдың – Өтүкеннiң иығына басын сүйеген ерке күн сұлу. Тағы да сарыала қаздың сыңқылы, үйректiң қанат сусылы. Жылқының дүбiрi… Әуелi ақ балтырлы аспұзыл моңғол келiншегi, содан кейiн Зейнолла ағамыз оянды. Таңғы 8-де экспедициясымен бiрге Ордабалықты тағы да көрiп, суретке, бейнелi таспаға түсiрдiк. Әмина Зейнолла ағамыздан сұхбат жазып алды. Олар қала мен айналасын зерттеуге кiрiстi, бiз Қарақорымға кеттiк. Жолдағы ескерткiштерге таң қалдық. Бiз кеше бұл араның барлығын адымдап өлшеп шыққанбыз. Сонда да түгел аңғармаппыз. Шығыс қақпаның алды – майдан. Мұнара – тұтастай саз балшықтан, арасына бөрене салып құйылған. Бiр қатар сары саз балшық, екiншi қатар қиыршық құм балшық. Бiр қабырғаның үш жерiнде үлкен үш қуыс бар. Астында не бары белгiсiз. З.Самашев пен Байыр профессор рәсiмдiк ғибадатхана дейдi. Осыншама үлкен мұнараны (биiктiгi мен енi 15-20 метрдей) тұтастай балшықтан құйып шығудың мәнiсi не? Астында қуыс көрiнедi, онда қандай да бiр рәсiм өтуi мүмкiн. Бетбақ даладағы мәйiттi уақытша сақтайтын сағаналар сияқты мiндеттi атқарған жоқ па екен? Мысалы, Күлтегiн мен Бiлге қағанның денесi қашан қойылғанша (Тәңiрге бергенше) мәйiтi 40 күннен артық сақталды емес пе. Бұл, әрине, долбар, ебепке себеп iздегендiк.
Қарақорымға бардық. Бүкiл Еуро-Азия ғалымдары орнын iздеп, қиялдаған жер. Қанғайдың — Өтүкеннiң тұмсығында. Орхон өзенiнiң шығыс жағасы. Мұнда көне Қарақорымның үстiне ХҮI ғасырда салынған пұтханалар сақталыпты. Қағандар соның сыртында тұрған делiнедi. Зады, қытайлардың бiр түннiң iшiнде жаппай бауыздауынан аман қайтқан,бағы тайған хандардың мүттайым тұсында тақуалар сарайдың орнына пұтхана салса керек. Бұл да жер де төртбұрыштанып салынған. Көне қала күлтөбеге айналған. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары пұтханалардың денiн бұзыпты. Бiразы ғана сақталыпты. Будда рәсiмханасын көрдiк. Суреттер мен мүсiндерден Мықан ағашы, үш өлшемдi әлем, үш өмiр туралы мол мағлұмат алдық. Ортасындағы хан сарайының орынына немiстер қазба жұмысын жүргiзiп жатыр екен. Қазiргi көзге көрiнгенi жәй үйiндi ғана. Пұтхананың сыртында мәңгiлiк билiктiң нысаны – үлкен тасбақа мүсiнi сақталыпты. Хан ордасының орнына тағы да сол немiстер қазба жұмысын жүргiзiп жатыр.Ендi оларға жапондар қосылмақ.
Түсте шатырға қайтып келдiк. Түстен кейiн Қатын тауды аралап, көне қорымдар мен тастағы иероглифтердi көрдiк. Мен де қағыс қалған арқардың суретiн «тауып», «ешкiлi боп» олжаланып қалдым. Ескерткiш бүкiл Орхон жазығында шашылып жатыр. Әсiресе, диiрмен тас көп. Бiр Бұғытас көрдiк. Зейнолла Самашев пен Нәпiл Базылхан, Ораз бетiнде жазуы бар, әбден өшiп кеткен екен дедi. Байыр үндемедi. Қаржаубай бiлмейтiн бұл неғылған жазу? Өз басым таңбасы қайсы, жазуы қайсы, ажырата алмадым. Мүмкiн, кәсiби сауатсыздық шығар..
Түнде тағы да сол Орхонның жағасындағы шатырға қондық.
Мiне, барша түрiк қауымының түсiне кiретiн Өтүкен тауы. Өтүкен қойнауы, Өтүкен – Орхон жазығы. Ендi таңертең Орхон өзенi бұлақтанып басталып, Жарғантай мен Орхон боп екi шатқа бөлiнiп кеткен Сат (Шат) ауылына барып, көне қала Цаған (Шаған) сұмды – Ақмешiттi көрмекпiз.
Тағы да сол Орхонның айлы түнi, дөңгеленген дүние, көгерген көкжиек. Ұлы тыныштық. Маған моңғолдардың жылқысы пысқырынбайтын – кiсiнемейтiн, сиыры ыңыранбайтын – мөңiремейтiн, қойы күйiс қайырып – маңырамайтын, итi үрмейтiн сияқты көрiндi. Әйтпесе, Орхонды бойлай 500 метр сайын бiр-бiр отар қой, үйiрлi жылқы жүр. Түнде солардың бiр тосын дыбысы шалынбады. Өздерi де, малдары да қалың ұйқыны кәсiп еткендей.

28.07.2007 ж.
Таңертең 6.30 да жолға шығып, Қатын сұмына келдiк. Орталықта ескерткiш тас тұр. Нәпiл мен Ораз оқып едi, бұл мәнжұрлар билеген тұста жазылған жазу екен. Онда Жарғантай өзенiнiң аты бар.
Байыр мен жас моңғол ғалымы Мунхтулга Ринчинхорал Жарғантай өзенiн өрлеп, Қанғайдың iшiне бастады. Тебiнге айналған Орхон жазығы барған сайын жасаңданып, жоталар мен қыраттар орманданып, күн көңiлденiп сала бердi. Әр бес жүз метр сайын үйiрлi киiз үй, үйiр-үйiр жылқы, отар-отар ешкiсi аралас қой. Бiр кезде шоқының басынан нысаналы Мықан ағашы көрiндi. Шыңдағы қарағай. Өзiнен басқа айналасында ештеңе жоқ. Өзгесiн кесiп әкеттi дейiн десең – томар, түбiр жоқ. Суретке түсiрдiк. Ал келесi күнгей бетiнен қалың орман басталды.
Жарғантай – кең аңғарлы өзен екен, екi таудың ортасы 2-3 шақырымдай өзек. Бiр кезде оң-сол жақтағы биiк шоқылардан мұнаралар сияқты менмұндалап қорған төбелер көрiндi. Екi жақтан жарыса қарауылдайды. Зейнолла ағамыз түсе қалып, суретке түсiрiп, дүрбiмен қарап жатыр.
… Бұл қорымдар ұлы қорымдар. Хундар, көк түрiктер ата-бабасын биiк таудың басындағы қорымға жерлеген. Мүмкiн, Күлтегiн мен Бiлге қағанның сүйегi де солардың арасында жатқан шығар.
Қанғайды бойлай 90 шақырым iшке кiрiп, Сат (Шат) ауылына, Рашан (Арасан) демалыс орны орналасқан елдi мекенге келдiк. Орхон – сол жақтағы шатқалдан басталып, шығысқа қарай оратыла ағады екен. Оң жақтағы аңғардан Жарғантай өзеншесi басталады..
Мұқым алқап ақ шаңқан ақбоз киiз үйлерге толы. Мыңғырған мал.
Бiз жылқылар үйездеп, қодастар «құлағында ойнап» жүрген үлкен ескi қаланың орнына келдiк. Цаған Цумға (Шағанға) – Ақмешiтке (Қаржаубайша), Аққорымға келдiк. Ордабалықтан көлемi сәл шағын. Бiрақ құрылымы жағынан ұқсас. Төрт бұрышты қорған. Байыр профессор пұтхана болған дейдi. Тәңiрге табынғандардың рәсiтханасы. Жан-жағы орманды тау, көгалды жазық. Оң жағында – Жарғантай, сол жағында – Орхон бұлағы.
Тәңiрдiң нұры тұнса тұнғандай жер. Гоби Алтай мен Қарақорымның ыстығынан соң мынау– жұмақтың өзiндей көрiндi.
Бiз таңдана, тамсана жүрiп, Қазақстанның туын желбiретiп тұрып экспедициямен қоштастық. Олар «сөз қазатын емес, көр қазатын» зерттеу жұмысын жүргiзбек.
Ендiгi беталыс – Қарақорым арқылы Қоша-Цайдамға, Күлтегiн мен Бiлге қағанның ескерткiшi. Қасиеттi, аңсарлы ұстын.
Сағат түскi 2-де аңсарлы Бiлге қаған мен Күлтегiннiң жазба ескерткiшiне келдiк. Майжолды түрiктер салып жатыр екен. Жолдың қос қапталын қуалаған құмды құйындар алдыңа түсiп ап есiле борайды. Қарағанды – бүргендi, құмдауыт жер екен. Шығыстан батысқа қарай Қаңғай – Откен тауы созылып жатыр, ортада Орхон өзенi мен Орхон жазығы, күнбатыста Онгин көлi, Тарбағатай тауы, ол арадан Бұлғын аймағы басталады. Жолдың сол жақ шетiндегi салынып жатқан аңғарға тоқтадық.
Бiз өмiр бойы тiк тұрған күйiнде елестетiп келген аңсарлы ескерткiш тастарымыз алдымызда сұлап жатқанын көргенде өне бойымыз суып кеттi. Сөйтсек, түрiктер Бiлге қаған мен Күлтегiн жазуынан көшiрме жасағанда химиялық заттарды пайдаланыпты.Улы қосынды заттар тастағы жазуды қопсытып, қабыршақтап кетiптi. Содан моңғол – түрiк арасында бiраз ырғасу болып, ақыры түрiктер аңғар салып, тас ескерткiштердi соған көшiрiп, орнына көшiрме тастар қоймақ екен. Барлық ескерткiш тастарды жиып, шатырдың астына қойыпты. Қытайдың жасанды шатырын күн жеп,жел қағып, быт-шытын шығарыпты. Желмен қоса дар-дар айырылып жатыр. Қыштарды қапқа салып әкеп, үйiп тастапты. Моңғол құрылысшылары жүр. Николай атты орыс прораб бар екен. Украинадан. Оны мұнда қай құдай айдап әкелдi екен. Әрине, ақша құдайы. Бiрақ мына тас жазулардың қадiр-қасиетiн ол шiркiн бiле ме екен?!
Балбал тастар мен тасбақаның сынықтарын, киiзге ораулы Күлтегiннiң ұстынының бетiн ашқызып, суретке түсiрдiк. Жанында күлдiбадамдау, дөрекiлеу домалатылған, гипстен жасалған көшiрмесi жатыр. Екеуiне кезек-кезек қарадым. Екеуiнiң де жағдайы мүшкiл екен. Бiрақ Күлтегiннiң ұстынын ұстап көргенде-ақ ұлы бiр қуат, күш бойыма құйылды. Сезгенiм тастың салмағы. Сом тас. Ауыр тас. «Қасиеттi» сын тас. Дүниенiң барлық салмағын салмақтап, түркiнiң тағдырлы жүгiн көтерiп, сұлап түсiп жатыр… Жат. Бiрақ тастың бетiндегi жазулар, Мәңгiлiк өшпе! – дедiк iштей. Бiлге қағанның ұстыны аңғар iшiне енгiзiлiп, тiк төрт бұрыш тағанға қойылыпты. Қасына Күлтегiнге орын дайындапты. Тасбақасыз. Шаршы, ортасы ойық тумба. Қыркүйекте сонда қойылмақ. Орындарын барып көрдiк. Суретке түстiк. Орхонның жазығындай емес, бұл арадағы жер ыңғайы батысқа сұлай жамбастайды екен. Балбал тастар қатарын тiзiп барып батыс беткейдегi Онгин көлiне тiреледi екен. Орхон жазығынан қарағанда күннiң бататын тұсы да сол – Онгин көлi. Көк түрiктер өмiрiн де, өлiмiн де Күнмен өлшеген. Күлтегiннiң де өмiр күнi батты деген емеурiн бұл. Ал балбал тастар оның өмiр жолындағы басынан кешкен батырлық дәуренiнiң белгiсi. Бұзылған көңiлiмiз солай болды ма, жоқ, шындығында да табиғат солай ұйғарды ма, бiлмеймiн, Күн де қабағын түйiп, түнере бердi. Өкiнiштiсi видеоның майы да сол араға келгенде бiтiп қалды. Қырсық!
Сонша аңсарлы көңiл ауанымен келгенде, қасиеттi ұстындардың жайрап жатқаны өкiнiштi. Бiрақ амал бар ма?
(Жалпы Қошо-Цайдам мен Ақ оттағы көне жазба ескерткiштердi түрiктер иемденiп алыпты. Айыбы үшiн – аңғар, жазасы үшiн – жол салыпты. Түптеп келсек бұл жазулар түрiктен гөрi бiзге жақын едi ғой. Кезiнде сұрау неге салмадық? Көшiрмесiн көрiп көкiрегiмiздi кергенмен, өшпейтiндi өшiрiп жатса, ол мақтанымыз қай мақтан?!. Несiне жетiсемiз осы бiз? Тоныкөктiң басында да сол жағдай. Тасты түрiктердiң өзi қашап орнатқандай, басына жарнамасын жасап, туының қадасын қағыпты. Тоныкөктiң де мүсiнтастарын аңғарға жиып, үйiп тастапты. Бұл сақтау ма, жоқ, сандырақ па? Әйтеуiр өзiм түсiнбеген бiр жай болды. Сонда бiз қайдамыз? Көшiрмесiне қарап мөңiрей бергенiмiз бе? Мұндай ұлы жазбасын орыстар әскермен де, саясатпен де, ғылыммен де қорғайды. Партия боп бөлiнiп, алашапқын сайлаудан-ақ шабылып, ұлттың мәйегiн iрiтiп, тұқымымыз титықтап бiтетiн болды-ау).
Мұнда Қаржаубай Сартқожаұлы мен Зейнолла Самашевтiң, Байыр Довгөйдiң, Қырым Алтынбектiң ғылми экспедициялары бiзден кейiн келмек. Олардың қолынан не келедi?
Қош, Күлтегiн! Көрiскенше. Ендi келгенде орныңнан тiк тұрғаныңды көрейiн! Бiз де батысқа бет алдық. Онгин көлi арқылы Бұлғын аймағына өттiк. Осы көлдiң маңында 4 шақырым жерде Шiлiң хото-Шилi қыстақ деген көне түркi қаласы бар. Екi-үш күннен кейiн З.Самашев сонда қос тiгiп, зерттеу жасамақ.
Көк түрiк өркениеттiң шоқтығы әрi күлтөбесi болған, Орхон жазығы, қош!
Дашилен – Баяннұр арқылы Тулаға-Толыға жетiп, әлденiп, көз көрген бұралаңмен Ұланбатырға қыр жолымен жеттiк. Моңғолдың мiнезiн бiлдiретiн бiр қызық жайтты жаза кетейiн. Тула-Толыдан шыққан соң қыр жолына түстiк. Батмунх бiр машинаның «жолаушысымен» сөйлесiп, артыңнан ерiп отырайын дедi. 10 шақырым жүрдiк. Күре жол қиыс қалды. Батмунх қуып жетiп, тағы да жолдың жөнiн сұрады. Жүре тоқтап, жүре тоқтап, кенет алдыңғы орындықтағы сақалды менi көрдi де, баж ете қалып, кiлт қырға бұрылды. Батмунх та бұрылды. Қайта жолға түсiп, керi Тула-Толыға тартты. Шаң iлестiрер емес. Батмунх бiраз қуып, керi қайттық. Күлдiк те, күдiктендiк те. Не себеп, неден қорықты, алдыға кетпей керi неге қашты?
Сол түсiнiксiз күйiнде қалды. Есесiне бiз оңды қыр жолымен жүрiп жол қысқарттық.
Отыр ма екен Қаржаубай,
Жатыр ма екен Қаржаубай.
Қабағымыз қатулы,
Жаңбыр жаумай, қар жаумай,-
деп Ұланбатырға таңғы сағат 4-те жеттiк.
«Өргоодегi» орынға бiреулер түнеп шықты. Ертеңiнде қайтадан №10 бөлмеге кiрiп, жуынып-шайынып, жан шақырдық.

29.07.2007 ж.
Күндiз археология институтының лаборатория–музейiне тағы да барып, Ел-Етмиш қағанның жазуын, Сақсайдағы қорғаннан табылған ағаш үйдi суретке, видеоға түсiрдiк. Астана мен Алматыдағы балалармен сөйлестiк. Сұңқармен сөйлесiп тұрып, оны туған күнiмен құттықтауды ұмытып кетiппiз.
Түстен кейiн ақша ауыстырдық. «Моңғол» қонақ үйiне бардық. Хан сарайы – Қарақорымның үлгiсiмен салыныпты. Керейдiң, Найманның, Қоңыраттың атаулы ордасы бар екен. Таян ханның ордасына кiрiп, суретке түстiк. Баян-Өлгийдiң кигiз үйi тiгулi тұр. Әншi қыз жасапты. Бәрi де бизнес. Есiк алдында бүркiт тұр. Үйдiң жасауы да келiстi. Жұмыс iстейтiн студент жiгiттер. Әр нәрсенiң нарқын айтып тақ-тақ етедi.
Кешке Бүбiбегiмнiң үйiнде қонақта болдық. Келiн Салтанаттың «қою қызыл, ыстық шайын тегiн» ғана iштiк.
Ертең Тоныкөкке жүремiз.

30.07.2007 ж.
Тоныкөкке жаңбырлатып жеттiк. Ұланбатырдан 70 шақырым, шығыс оңтүстiкте. Боғда тауының ту сыртында. Жолда Шыңғысханға соғылып жатқан ескерткiштi бұрылып барып көрдiк. Шығыс солтүстiкке қарап, қамшысын қолына ұстап тұр. Биiктiгi алты қабат үймен тең. Ғажап! Неге шығыс солтүстiкке қарап тұр? –дегенiмiзде, сол тұстағы тау iшiндегi демалыс үйiн нұсқап тұр-мыс дедi. Бiз сенген болдық, олар сендiрген болды. Бiрақ өтiрiгiмiздi екi жақтың iшi де сезiп тұрды.
Содан ендi Тоныкөкке бет алдық. Майжолдан 15 шақырымдай жазықта орналасыпты. Орналасқан жерi де жасаң. Төскей. Айналасы ашық жазық. Бiзбен қатарласа ағылшындар да келдi. Екi жазуы да тiкесiнен тiк тұр. Тура, «Егер мен болмасам!..» – деп кеудесiн соққан Тоныкөктiң өзi сияқты өр, мысы айналасын басып тұр. Ескерткiштiң алдынан тiзiлген балбал тастар да ұзыннан ұзақ созылып, қарсы алдындағы жатаған қыраттан асып жатыр.
… Тоныкөктiң өзi қалай жылап жыр жазса, күн де солай жылап тұрды. Тастағы жазулардың арасынан су тамшылары жылғалай тамады, ол да жылағандай. Бiз де жылап тұрдық. Екеулесiп жыладық. Кеудемде өксiк те жоқ, өкiнiш те жоқ, бiрақ көзiмнен жас тиылмады. Жаңбыр жауып тұрғандықтан да көз жасы мен жаңбыр тамшысы қосылып, жанымдағылар аңғармай қалды. «Сүйсеiңзшi тасты. Құшақтап сүйiңiз!» – дейдi Нұргүл қарындасымыз. Оған да жүрек, дәт керек екен. Тек алақаныммен сипай бердiм де, iштей жазудағы сөздi жатқа күбiрлей бердiм. «Егер сен – Тоныкөк болмасаң, егер сенiң қағаның болмаса… түркi жұрты болар ма едi, жоқ па! Сол үшiн қара терiңдi төктiң, қызыл қаныңды ағыздың! Сол үшiн де Тағзым саған, Тоныкөк ата!» Бұл бiр ұлы әсер болды.
Жазудың алдыңғы жағындағы жота — Баян цаң, ал оңтүстiк бетi – Ақ от аталады екен. Ақ от – ақ бетегелi, жайсаң жазық. Мiне, мың екi жүз елу жылдан берi жердiң сол атауы әлi сақталып келедi. Ғажап! Көк отта (Хохотта) түркi елiнiң туын тiккен Тоныкөк Ақ отта өсиетiн тасқа бәдiздетiптi.
Жанында ескерткiш тастар жиналған, түрiктер салған аңғар бар екен. Жүрек шым ете қалды.
Көрсеткiште: моңғол, түрiк және түрiктiң «Тика» фирмасының туы салынған. Сонда, бiз қайдамыз?! Қырғызстан мен Грузияға, Ресейге «достық көмек ұсынған» бiздiң алпауыт көпестерiмiз қайда – деген сұрақ тағы көкейге тығылды. Жаңбырлатып қайттық. Қош, абыз баба!

1.08.2007 ж.
Билеттi реттедiк. Көне түркiнiң қасиеттi ыдысы – Күмiс тостаған алдық. Түйе жүнiнен басылған әр түрлi киiмдердi шетелдiк саяхатшылар таңсық көредi екен. Бiз үшiн сыйлы бұйым. Алмаға туған күнiне деп ескерткiш үшiн моңғолдың асыл тасы бар сырға, жүзiк, алқа алдық. Сонымен қалтаның түбi де қағылды. Кешке Қырымды Қаржаубайға қосып қонақ етiп, қоштасу рәсiмiн жасадық..

2.08.2007 ж.
Сағат 1.50-де вокзалға келiп, поезбен Ресей арқылы елге аттандық.
Мiне, 12 күнге созылған Моңғолия сапарынан Байкал арқылы қайтып барамыз. Әсер деген ұшан теңiз. Ұланбатырдан шыққаннан кейiн бiр сағаттан соң жер бедерi жоталанып, әуелi талды, қайыңды тоғай, содан соң кәдiмгi қыратты орман басталды. Жан-жақтан жамыраған бұлақтар өзенге ұласып, жоталар қырланып, ойпаттарға өң кiрiп, жасаң тарта бердi. Мүлдем сенгiсiз табиғат қойнына кiресiң. Ши мен бетеге жұмырылып өскен. Аппақ-аппақ киiз үйлер де бұрынғыдай шаңданып, бозаң тартпай, сай-өзектердiң, қырлы таулардың, талды өзендердiң өңiн кiргiзiп тұр. Үйiр-үйiр жылқы, отар-отар қой, табынды сиыр жердi сүйсiне емедi. Тебiндер тозбаған. Бұрынғы үмiтсiздiктiң жiбiн үзiп жiбердi. Адамға сенiм бередi. Ағын судағы балықтарға құрылған шарбақтар да өзгешелiк танытады. Үйлерi де еңселi.
Өндiрiстiң жуан жұдырығы түйiлiп тұр.
Әйтеуiр бұрынғы аңызақ кептiрген өңештi самал мен салқын ауа, орманды бұйра жота, құйқалы ойпат сусындатады. Ұзынқара (Зұұнхара – жазықтың ортасында шоқпар бас ұзынтұра шоқының аты сияқты, жол соны айналып өтедi) мен Баянголдың (Бай өзен) адамдары, әйелдерi оңтүстiктегiдей емес сом көрiндi. Осыдан былай Орхон өзенi Дархан, Сухэбатыр қаласын жанап өтiп, Қияқтыға барып тiреледi. Яғни, көк түрiк қағанаты мен Шыңғыс заманындағы «Орман кiсiлерi» – Орман елi басталады. Шыңғыстың өзi жаңағы мың бұлақ жамырап шығатын Кентей (Бас, орта, аяқ Кентей) жотасында туған. Сауыры мен желке-жиегi қазiр мынадай болғанда, мың жыл бұрын қандай туырылып тұрды десеңiзшi. Ендiгi сапар, Алла бұйырса, Керулен мен Онон, Кентей жотасына түссе, бiр қайырлы сапар болар едi…
Әттең, асулар мен шоқы басындағы ағаштар моңғолдардың өзiнiң сирек сақал-мұртындай андағайлап қалыпты. Жер аттарына қарасақ – Моңғолияны – Қазақстанға, не Қазақстанның қартасын Моңғолияға көшiрiп әкелгендей көрiнедi. Тек жолда кезiккен бұлақтардың атын ғана атап өтейiн: Алтын бұлақ, Ор бұлақ, Тал бұлақ, Бал бұлақ, Құрбан бұлақ, Бор бұлақ, Баян бұлақ, Гұн бұлақ, Темiр бұлақ, Ар бұлақ; сонымен қатар Мың су (Мин гол), Мерген, Баянауыл, Шаған, Шағантоғай, Ақот (Тоныкөктiң ескерткiшiнiң оңтүстiгiндегi ақ бетегелi жон), Баянжүрек (Баянзұрээх), Қарғалы, Бұлғын, оңтүстiк Құбы Алтай (Гоби Алтай) шөлiндегi Алтын бұлақ, Аруан тал, Ұлан оба, Жалба, Арасан (Рашан), Жарғалант, Жырғалант, Әйнек, Түнел, Босқын төбе, Қара оба, Арғалан (Арғанаты), Шыңғыстай, Қатынсу, Қатынбұлақ сияқты өте таныс жер аттары кездестi. Оны былай қойғанда Ұлы Өтукен жотасындағы бұрын наймандар (мың жыл бұрын)мекендеген дәуiрдегi жер аттары әлi де Тарбағатай, Ұлытау, Кiшiтау, Найманкүре деп аталады екен. Бейне бiр жерiн де, аттарын да, елдерiн де көтерiп әкеп қондыра салғандай. Алыста қалған атамекенiне деген сағынышын жер атына берiп барып тыныс алғандай…
Оңтүстiк және орталық моңғол жазығы отар-отар қойдың тұяғымен түте-түтесi шығып, тозаңдап, құм иiрiп, ыстық шыжғырып, соны шағыл дала ауырсынып тұрғандай көрiнушi едi…
Мiне, Дарханға келдiк. Батыстағы алыс көгiлдiр тауды орағытып, бiзбен жарыса Орхон өзенi солтүстiкке бет алып барады. Толысқан толқыны iрiленген, қуат алған. Ал бiз оның жаңа ғана шымнан мөлт-мөлт етiп жыланкөзденiп шығып, бастаудан тұнған сәби лебiн көргенбiз. Онда пәк, мөлдiр, жуас едi…
Дархан – қабатты үйлерi көп, сергек, өндiрiстi қала (көмiр шығады. Шахтада бұрын қазақтар iстеген. Қазiр азайған… – деп естiдiм).
Мiне, Орхонмен қамыттасып келемiз. Талды, қайыңды, шилi, көк өзектi өзендi бойлай өрлеп, шекараға жеттiк.
Моңғол жағы жақсы қарады.
Қош, Орхон!


Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

«Түркістан».

 

Пікірлер