Жадыраған жаны гүлдей жеңеше-ай…

10631
Adyrna.kz Telegram

Жеңге – туыстық атау, ағаның әйелі. Бірге туған бауырлардың жасы үлкенінің әйелі іні-қарындастарына жеңге болады. Қазақ халқының дәстүрінде жақын болмаса да, өзінен үлкеннің әйелін жеңге, жеңеше деп атай береді. Кейде жеңгенің қайны, қайын сіңлілерінен жасы кіші болуы да мүмкін. Жасы үлкендер үшін келін, кішілері үшін жеңге аталатын бұл адамның ауыл, үй, тәлім-тәрбие үшін орны ерекше. Ол, әсіресе, өзінен кіші қайнылары мен қайын сіңлілері үшін әзіл-қалжыңы араласа жүретін сүйкімді де сыйлы адам. Жеңге дастарқан басында бұлардан төмен отырады. Абысындардың кішісі үлкенін, жасы кіші, туыстығы жақын ер адамдар жеңгесін жеңеше деп атайды.

Жеңге мен қайын сіңлі, қайын іні арасындағы өзара сыйластық, бір-біріне деген сүйіспеншілік туған тілін, қазақи салт-дәстүрді құрметтей білуге тәрбиелейтіні сөзсіз. Жеңге мен қайын інілер қарым-қатынасы әпке-інілік қарым-қатынаста болады. Жеңгелер қайын інілерін еркелетіп, «тентегім», «төрем», «мырза жігіт», «молда бала» деген сияқты жарасымды аттар қойып желпіндіріп, болашақта жақсы азамат болып есеюлеріне тілектес болып отырады. Сондай-ақ қайын інілерін өзінің туған бауырларындай көріп, ақыл-кеңес, әзіл-қалжыңдарын айтып, олардың топ ішінде еңселері биік, жүздері жарқын болуы үшін біркиер киімдерін сәндеп, ел назарын аударатындай етіп киіндіреді. Ел-жұртқа жағымды болуы үшін өлең-жыр үйретіп, «ақын», «сері жігіт» атануларына қолдарынан келгенше жәрдемдеседі. Жеңгелер қайын сіңлілерін «ақылдым», «аяулым», «ақ қыз», «сырғалым», «сұлуым» деп еркелетеді. Қайын сіңлілер жеңгеге ағынан жарылып, ашық-жарқын әңгімелеседі. Ал ақылды, білімді, сұңғыла жеңгелер қайсы біреулерше ұрыс-керіс тудырмай-ақ қайын іні, қайын сіңлілері арқылы ата-ене, туыс-туғандарына өткізе алмаған сөздері мен істете алмаған жұмыстарының ебін тауып, жөнін келтіріп, шаруаны дөңгелетіп әкете алады. Ал өз кезегінде алымды да алғыр қайын іні мен қайын сіңлілер іскер жеңгелері арқылы жар таңдап, маңызды істерде ата-ана, аға-бауырларына көмек көрсетіп, сүйген жар, таңдаған қалыңдықтарына қосылып, арман-тілектеріне жетеді. Ешқашан жеңгелерін ренжітпей, өз құрдастарындай әзілдесіп, сырласып, өмір бойы тату-тәтті өтеді.

Қызды көрсетіп көрімдік сұрауда да жеңгенің атқаратын қызметі айтарлықтай. Құдалық тойдың ертесінде немесе құдалық өткен соң дастарқан үстінде отырғанда болашақ келін болатын қызды екі жеңгесі ертіп апарып жігіт жақтан келген құда-құдағиға көрсетіп «болашақ келініңіз міне, көрімдік беріңіз» деп қолқалайды. Қызды болашақ ата-енесі мен қайын жұртынан келген адамдарға «көрімдікті» сылтау­ратып барып жүздестіруінің де өзіндік ғылыми негізі мен тамаша тәлім-тәрбиелік мәні бар. Былай істеу болашақ келін болатын қыздың көңіл күйін орнықтырады. Болашақ ата-енелері мен қайын жұртын көріп белгілі түсінікке ие болады. Екінші бір жерде кездесіп қалса сый-құрмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Осылайша әртүрлі ұятты істерге жолығып қалудың да алдын алады.

Бұрынырақта қызға таласатын жігіттерді араздастырмау мақсатында «қыз қашар» деген де дәстүр болған. Ауыл жастары күн ұзаққа ән салып, күй тартып, күрес, бәйге, қыз қуу ойындарын өткізеді. Күйеу жігіт қыз жеңгесіне «қыз қашарға» деп бір жорға немесе бағалы киім, ол болмаса лайықты бір сыйлық береді. Қыз жеңгелері қызды кілемге отырғызып әкесінің оңаша бір үйіне алып барады. Сонымен қатар жеңгелер ретін тауып «күйеу шақырар» кәдесін алады. Жігітті ертіп бара жатқан жолында жеңгелер әртүрлі кәделер алуына болады. Мысалы, желіден өтіп бара жатса «желі тартар», «ит ырылдатар», «бақан салар», үйге жетіп келгенде «табалдырық аттар», тіпті қалыңдықтың бөлмесінің алдында өтірік өліп жатқан бір кемпірге «кемпір кәде» беріп, оны тірілтіп жолына салады. Шымылдық ашқан жеңгелеріне «шымылдық ашар», төсек салған жеңгелеріне «төсек салар», сондай-ақ «қол ұстатар», «шаш сипатар» сияқты толып жатқан жөн-жоралғылар жасалады. Ал қыз болса өз жүрегін жаулаған жігітке жеңгелерінің ықпалымен қосыла алады.

Құдай деп құда болысып, өзара баталасып, құйрық-бауыр асасқан жағдайда егер күйеу жігіт қайтыс болып кетсе, құдалықты сақтап қалу үшін екі жақ келісіп, қаралы қалыңдықты күйеу жігіттің інісіне алып берген. Сондай-ақ жеңгесін інісіне қосу жағдайлары да бұрынғы қазақ өмірінде орын алған екен. Бұның өзі адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, береке-бірлікті жалғастыруға, ұрыс-керістің алдын алуға ықпал еткені анық. Бұндай жағдай екі жақтың да ауыр уайым-қайғыларын аз да болса жеңілдетіп, үміткерлікке жетелегені сөзсіз.

Қызға ұрын барған кезде де жігіттер қыз жеңгелерінің көмегіне жүгініп, оларға сәлем-сауқат жолдап, білезік-сырға, алқа-жүзік, қол орамалдар, жаулықтар сыйлағанын әдеби және танымдық кітаптардан кезінде оқып білгенбіз. Ауылдың қызына жігіттер әдетте қыздың жеңгесі арқылы сөз салатын болған. Оңаша кездесуге алып шығуға немесе сөйлестіру үшін олардың арасында жеңге жүрген. «Қалмады баста бөрік, белде белбеу, Жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» деген өлең жолдары тегіннен-тегін айтылмаса керек. Өйткені жеңгенің көңілін табу үшін жігіт оған сыйлықтар беретін болған.

Түрлі жыр-думан, кездесулер, ырым-сырымдардың барлығы да болашақ жұбайларды адамгершілікке, ата-баба дәстүріне құрмет етуге, ар-ұят пен адалдықты сақтауға, ұстамдылыққа, сезімдерін ақылға жеңдіруге баулитынына күмәніміз жоқ.

Ұзатылатын қызды туған үйінен шығарып  салып, құтты орынға қондыру қазақ салтында аса қуанышты, ерекше игілікті іс болып саналады. Қызды аттандырарда екі жеңгесі екі жағынан қолтықтаған күйі жаяулатып алып шығады. Қызды алғаш өз үйінен ұзатып шығарар алдында қыз жеңгелері оны оңаша бір үйге апарып отырып қалаған-сұрағаны болса беріп, өкпе-реніші, арман-тілегі болса айтқызып, ел-жұртты ұмытпай ұдайы келіп-кетуін, сондай-ақ барған жаңа ел-жұртында тату-тәтті өмір сүруін үгіттеп, түрлі әзіл-қалжың айтып күлдіріп, көңілін орнықтырып аттандырады.

Келінге арнап беташар жыры айтылған және бетін ашатын кезде де екі жеңгесі екі қолтығынан демеп тұрады.

Таяуда Назгүл есімді таныс келіншектің айтқан әңгімесі осындайда ойға оралады.

–Інім істі болып ойламаған жерден Ақтаудан Астанаға бармақшы болдым. Қайда тоқтарымды білмедім. Есіме елдегі бір адамдардың балалары түсті. Балалық шақтағы ауылымыз бір болғандығы үшін ғана еріксіз Гүлжанға жағдайды айтып телефон соқтым. –Ой, еш қысылма, кел,–деп тұратын мекенжайын СМС-пен жазып жіберіпті. Мұндай қуанбаспын. Түн ортасында мені вокзалдан ұлы күтіп алды. Ет асып, Гүлжан дастарханды жайнатып қойыпты. Содан таңға дейін Бейнеудегі балалық күнімізді әңгімелеп көз ілмедік. Өмірі көрмеген Гүлжанның күйеуін ағалап, Гүлжанды жеңгелеп жүріп бүкіл шаруамды бітіріп алдым. Сол жолы байқағаным Гүлжанның үйіне қайын іні, сіңлілері де топырлап келіп жатты. Ешқайсына қабағын шытпайтын, тарылмайтын осындай жаны ізгі жандардың болғаны қандай жақсы. Осындай адамдардың арқасында ғана жер өз кіндігінен ажырамай айналып келеді емес пе?!

Көптеген өзім қатарлас әйелдер жеңгелеріне тым батыл болғандығын жасырмай айтып берді. Жұмысбасты ағаларынан гөрі жеңгелеріне жақын болыпты. Ал кейінгі ұрпақ жеңгелері туралы қандай ойда?

Қорқыт атамыз әйелдің төрт түрі болатынын (салақ әйел, ынсапсыз әйел, үйдің құты болатын әйел, адам тілін алмайтын кесір әйел) айтып кеткен ғой. Демек, жеңгелер де өскен ортасына, өмірдің көрген-түйгеніне байланысты сан алуан болып келетіні шындық. Бүгінгі күні жастарды жарастыру, оларға тәлім-тәрбие берудің орнына теріс жолға итермелейтін, жас қыздардың тәнін саудалауға, жеңіл жүріске итермелеп, сол арқылы нәпақа табатын «жеңгетайлардың» бой көрсетіп жататыны өкінішті. Материалдық игілік бірінші орынға шыққандықтан ақшаны ардан жоғары қоятындар бар. Әкесіндей адамның қойнына он екіде бір гүлі ашылмаған қызды салып беретін жеңгелер туралы не айтуға болады?! Мәселен, Алматыда жын-ойнақ ұйымдастырғаны үшін «Мама Роза» есімді жеңгетай  ретінде белгілі Ольга Хамбулатова айыпты деп танылып, 7 жылға сотталды. Үкімді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот шығарды.

Әлеуметтік жағынан қорғалмаған қыздарды тәнін сатуға мәжбүрлейтін қылмыстық топтың басында «жеңгетайлар» жүруінің өзі ұят нәрсе емес пе?!

Ақтөбеде оқушы қыздарды жезөкшелікке мәжбүрледі деген күдік бойынша 33 жастағы әйел соттың санкциясымен тұтқынға алынды. Оқушыларды жезөкшелікке мәжбүрлеген  33 жастағы ақтөбелік әйелдің есімі – Шолпан. Ол «жеңгетай» болған қыздардың ең кішісі – 14  жаста. Жезөкшелікпен айналысқандардың арасында  16, 17 жастағы қыздар да бар.

Қазақтың әу бастағы салт-дәстүрінде үйге келін болып түскен соң  үлкендерге ілтипат, кішілерге қамқорлық танытататын нәзік жандылардың орны ерекше. Өйткені шаңырақтағы ұл – ұлағатты, қыз – инабатты болып өсуіне жеңгелердің көрегенділігі айтарлықтай әсер етеді. Тіпті енесі дүниеден өтсе қайын інілерін үйлендіріп, қайын сіңлілерін ұзатуға бар күш-жігерін арнайды. Жеңгелер дегеніміз, ең алдымен, ана. Ана туған балаларына үлгі бола білуі керек. Демек, адамзат баласының өмір жібінің үзіліп кетпеуін қада­ғалайды. Өмірдің ыстық-суығына төзіп, отбасының береке-бірлігін ойлайды. Ата-бабадан қалған құнды заттарды көзінің қарашығындай сақтау сынды дәстүрлерге беріктігімен ерекшеленеді. Сөйтіп, шаңырақтың ұйытқысы, әулеттің анасына айналады. Ауылдағы жеңгелердің қайсарлығына, намысшылдығына талай рет куә болғанымыз бар. Жеңгенің қадір-қасиетіне жетпесе халық аузында «Айдап салдым жылқымды тепсең жерге, Сіздей адам табылмас ексем жерге» деп бас­талатын ән тумас еді ғой. Сондай-ақ А.Мекебаев пен Н.Тілендиевтің тамаша туындысы «Аралдағы жеңеше-ай» деп аталады. Әуелеген әнге оранған жыр жолдарын тыңдап отырсаңыз, көз алдыңызға ақкөңіл, кең жүректі, үлкен-кішіге қайырымды, мінезі жібектей нәзік жанды жеңгелердің бейнесі келе қалады. Жүрегі жылы, жүзі жарқын жеңгелердің жаратылысқа, тұрмысқа деген өзіндік философиясы, терең сезімі қалыптасқан. Зерделі жеңгелер үй ішінің береке-бірлігін арттырып қана қоймай, бір ауылға, тіптен тұтас ұлтқа үлгі-өнеге бола біледі. Күйеуінің қызметте жақсы жетістіктерге қол жеткізуіне, жарқырап көрінуіне көмектесетін де жеңгелер болып саналады.

 

Роза МАДИЯРОВА, ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері:

– Шіркін, баяғының жеңгелері-ай. Олардың қадірін өзім жер ортасына келгендіктен терең түсінемін. Мен қазіргі Алматы облысында туып-өстім. Менің ауданым ол кезде Андреевка деп аталатын-ды. Бүгінгі таңда осы ауданның көп жерін Алакөлге, жартысын Үшаралға қосып жіберді ғой. Балалық шақта менің Халимаш, Бәтес, Төлеухан дейтін алтын жеңгелерім болған еді. Әсіресе, әкемнің інісінің әйелі, ауылда сауыншы болып жұмыс істейтін Халимаш жеңгем жаныма жақын болды. Менің бойым булығып кеш өсті. «Кішкентайым», «сап-сарым» деп еркелетіп мені жеңгем көбінесе арқалап жүретін. Қазір жоғарыда аты аталған үш жеңгем де өмірден өтіп кетті. Оларға деген сағынышым жанымды тербейді.

 

Марат БАЛТАБАЕВ, «Игілік» құрылыс компаниясының жүргізушісі:

– Өткен ғасырдың 70-жылдары Алматыға оқу іздеп солтүстік өңірден келген кезім. Демалыс саябағына жақын тұста тұратын шағын үйге ауылдас ағайынның үйіне жиі барғыштайтынмын. Бірде ескертусіз бір топ жолдастарымды ертіп барғаным бар.  Жеңгеміз жайдары қарсы алды. Осыған әбден үйреніп алып, кейін қарнымыз ашса болды сол үйден шықпайтынбыз. Тіптен үйдің кілтін қай жерге тығып кететінін жеңгемнен сұрап білгендіктен, талай рет өздері үйде жоқта емін-еркін тоңазытқышта тұрған бар тамақты жеп кете баратынбыз. Айгүл жеңгеме ұнатқан қызымды әкеліп таныстырғанымда ол кісі қатты қуанды. Тіпті үйленген кезде де көптеген қолғабыс тигізді. Осы күні өзім үйлі-баранды болған соң көп жайды түсіндім. Кеңпейіл, момын, қонақжай Айгүлдей жеңгелер көп болса өмір соншалықты жарқын болар еді ғой. Әттең, қазіргі заманда біреудің үйіне рұқсатсыз кіру түгілі, барған үйіңнің адамдарының қас-қабағын бағу да оңай емес-ау.

 

Роза РАХМЕТОВА, АҚ «Қазақтелеком» жедел басқару орталығының менеджері:

– Әкемнің нағашы ағасының әйелі Жұмағызды бәріміз жеңге деп атайтынбыз. Мінезі жұмсақ жан балалардың бабын таба білетін. Кейде қолымыздағы нанды кез келген жерге тастай салсақ қабағын шытатын. Ақырын сөйлеп бізге ұқыптылық, обал-сауап туралы әңгіме айтып беретін-ді. Біздің ауылда көшеде айқайлап жүретін ерекше бір бала болды. Оның дене мүшесіндегі кемшілікті көріп «қисық бас» деп мазақтаушыларды менің жеңгем тоқтатты. Біреудің кем-кетіктерін бетіне баспау, кемсітпеу, келемеждемеу, ауру-сырқау адамға үңіліп, тесіліп қарауға болмайтынын ауыл балаларына түсіндірді. Осы жайт есімде мықтап сақталып қалды. Қазіргі күні немере, шөбере сүйіп отырған Жұмағыз жеңгем Астанада тұрады. Ол кісінің көптеген жақсы қасиеттерін көріп өскендіктен болар, өмірде асып-таспауға, адал жүріп-тұруға көбіміз кезінде сабақ алған сияқтымыз.


Салтанат ҚАЖЫКЕН,
 
"Ана тілі" газеті

 

Пікірлер