Қазаққа кілем тоқуды қайта жаңғырту керек

4035
Adyrna.kz Telegram

Ежелгі сауда кезінде  ең алғаш қазақтың кілемі ақшаға сатылған. Ал бертін келе Кеңес Одағының тұсында қазақтың қалы кілемі Ашхабадта мұражайда сақталған.

 Ежелгі сауданың тарихына үңілсек,  жеңіл өнеркәсіп өнімдері сауданың айырбас түріне ыңғайлы болған. Жеңіл өнеркәсіп саудасында ежелгі саудада  Қазақ-Ресей саудасы үнемі табысты болыпты. Ол кездегі қазақтар базарға мал басымен қоса астық, жарма, кездеме маталар, шұға-мәуіті, иленген тері және металл бұйымдарын шығарып отырған.
Мұндай сауданың эквиваленттік тепе-тең балама бағалары болмаған. Мысалы, бағасы 75 тиын тұратын 18 метр кенепті бір жылқы мен өгізге айырбас жасаған жайттар да кездескен. Сондай-ақ Ресей базарына Орта Азиядан жібек, мақта-мата және шапан, кілем, төсеніш, көрпе басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар әкелінген. Десек те, сол кездің өзінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері өтімді болған деседі. Әсіресе қазақтың кілемі мен текеметі қозғалмалы айырбас саудасының көрігін қыздырып, алғаш рет тауар-ақша қатынастарын дамытқан екен.

Бұл ретте экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов «Қазақ текеметіне көзі түскен Орта Азия елдерінің шеберлері Ресей базарында ең алғаш текеметті 1875 жылы қолма-қол ақшаға сатып алыпты. Ондағы текеметтің бағасы 820 сом болған екен» деседі.

«Қазақтың көне дүниелері қазірдің өзінде кәдеге жарап жатыр. Мысалы, Алматы қаласында бірқатар жиһаз сататын дүкендер қазақтың ескі көнерген қалы кілемдерін сатып алып жатыр деген ақпаратты ұзынқұлақтан естідім. Негізінде, кез келген кәсіп иесі өзінен ақша алыстап, табысы тоқырай бастамасын десе көненің көзі асыл деген қағиданы ұстанады. Заманында алғашқы қауымдық құрылыс кезінде бір тауардың басқа бір тауарға кездейсоқ айырбасталуы барысында, айырбас құнның жай немесе кездейсоқ формалары қолданылған. Мысалы, 1 балта – 5 құмыра, 1 қой – 1 қап бидай және тағы басқа. Солтүстік халықтары тауар ретінде айырбас үшін жүнді пайдаланыпты. Жүнді ақшалау Монғолияда, Тибетте және Памирде кең көлемде таралды. Сондай-ақ Ежелгі русьтардың, арабтар мен жазарлардың Византиямен сауда саттық жасауы барысында тері-жүн ең басты құралдардың бірі болды.
Жапонияда темір, мырыш, қорғасын, мыс, күміс, алтын түрінде ақшалар пайдаланды. Металл ақшаның артықшылығы, ол – біркелкі, төзімді еді. Кейін металдардың арасында басты рөл алтын мен күміске өте бастады. Алтын, күміспен сауда-саттық жасауды қазақтар да іске асыра бастады. Жалпы, тарихи деректер қазақтардың айырбас саудаға бейім болғанын алға тартады. Бұл ретте қазақтың тоқыған қалы кілемдері, тоқыма өнімдері, сырмақтары, кестелері, текеметтері өтімді болған»,-дейді Жаңабай Алдабергенов.

Осылайша маманның пайымдауынша, өз заманында қазақтың жеңіл өнеркәсібі ұқсатқан кісінің шаруасын дөңгелетіп тұрған «Ал қазірде біз осы жайтқа аса мән бермей отырмыз» дейді маман.

«Негізінде, кілем тоқу – қазаққа жат үрдіс емес. Кеңес өкіметі кезінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері Ашхабад мұражайында неше жыл сақталғаны туралы да деректер бар. Кеңес Одағы тұсында Түрікменстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Қазақстанның кілемдері өздерінің сән-салтанатымен көш ілгері болды. Қазірде Өзбек елі де, іргеміздегі Қырғыз елі де, Түркіменстан да кілем тоқу өндірісіне ерекше көңіл бөліп отыр. Кеңестік кезеңде Орта Азия бойынша  түрікмен кілемдерінің 10 пайыздық сауда үлесі болса, одан кейін 8 пайыздық межемен Қазақстан кілемдері көш басынан көрінді. Ал қазір кілем өндіруде өзіміздің отандық тұтынушыларымызды мүлде қамтамасыз ете алмай отырғанымыз қынжылтады»,-дейді Жаңабай Алдабергенов.

Жалпы, маманның пайымдауынша, кілем өндірісінде жекелеген шеберлерге қолдау көрсету қазір маңызды болып отыр.

«Мысалы, Иранда кілем тоқумен айналысатын шеберлер үнемі өкімет назарынан тыс қалмайды. Оларда кілемнің авангард, классикалық, ұлттық түрлерін тоқумен айналысатын шеберлерге белгілі бір салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Ал балаларға арнап кілем тоқитын шеберлеріне деген ирандықтардың ықыласы тіпті ерекше. Тіпті ескерткішке кішкентай кілемше тоқитын шеберлерін де олар аса қадірлейді екен. Әрине, мұның барлығы қолөнерді бағалағаннан кейін туындайтын құрмет екені белгілі. Ендеше, біз неге осындай шеберлерді назардан тыс қалдырдық»,-дейді маман,

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

 

Пікірлер