Алматыда дәстүрлі өнер театыры ашылды

2374
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тарихында тұңғыш рет Алматы қаласында дәстүрлі өнер театры ашылды. Бұл өнер ордасының Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы аясында шымылдығы түріліп отыр. Атаулы өнер ошағы халқымыздың көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан ұлттық мұраларымызды жаңғыртуды басты мұрат етеді.

Алматы қаласына Бауыржан Байбек мырза әкім болып келгеннен бастап қазақ руханиятының дамуына ерекше жағдай жасап жатыр. Осы істерінің ең басында – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуы тұр. Өнер ошағының ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімі: «Қазақ мәдениеті қайраткерлерінің бірнеше буыны әсем қаламызда өмір сүріп, өздерінің өлмес туындыларын дүниеге әкелді. Міне, осындай мәдениет пен өнердің киелі орталығы, дәстүрлі шығармашылықтың қасиетті шаңырағы, оңаша отауы болуы тиіс еді. «Алатау» дәстүрлі өнер театрын исі қазақ үшін аса маңызды ән, жыр-терме, күй, айтыс және ұлттық кино сияқты айтулы бес бағытта қызмет ететін, осы сала майталмандарының басын құрайтын шаңырақ болады деп үміттемін» – деді.

«Сазген сазы» ансамблінің күйімен басталған коцертті халық ерекше ықыласпен тыңдады. Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосынова, Жанқожа Аяповтар тәрізді өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.  Айтыскер ақындар  Мұхтар Ниязов пен Аспанбек Шұғатаевтар тамаша айтыс жасады. Нұргүл Амантайқызы жетекшілік ететін «Арнау» фольклорлық ансамблінің жас өнерпаздары да жұрт көңілінен шықты.  

 

 Ұлжан Байбосынова, жыршы:

-         Дәстүрлі әнші-жыршылар үшін үлкен қуаныш, зор мақтаныш. Бұл театр әншілік, жыршылық, күйшілік мұраларымыздың дамуына мол үлесін қосады. Мұндай театрды көптеген жыл бойы армандап келдік. Енді, міне, сол тілегіміз орындалды.

 

 

Театрға жиналған жұртшылық Қазақ музыкалық аспаптар музейі мен «Шертер» ұлттық саз аспаптар компаниясының ұсынған қолөнер көрмесін тамашалады. Көрмеге дауылпаз, адырна, сазсырнай, қобыз секілді қазақтың барлық ұлттық аспаптары қойылған екен.


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

 

Пікірлер