Жазықсыз жандар жатқан жер...

3763
Adyrna.kz Telegram

Маусым айының 5 күні Алматы қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан, саяси қуғын-сүргін құрбандары жатқан ең үлкен зират «Жаңалық» мемориал кешені мен «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне» арнайы барып қайттық. Тап сол күні жаңбыр жауып, күн де біздің бұл сапарымызға қарасып тұрғандай сезілді. 2018 жылдың желтоқсан айында  ашылған «Саяси қуғын-сүргін музейінің» меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев пен экскурсия жетекшісі Айнұр Нұржақыпқызы бізді қарсы алып, музей тарихымен түгелдей таныстырып шықты. Мұражайға кірген сәттегі әсердің өзі ерекше. Кірген кезден бастап іздеп оқуға тиіс ақпараттардан хабардар болдық. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» жинағының бар екендігі айқын болғанымен, Байбатыр Ержанұлының 1914 жылы Қазанда шыққан «Тұр, қазақ», Әбілқасым Арғынидың 1917 жылы Тәшкентте шыққан «Жатпа, қазақ» кітабының бар екендігін көпшілігіміз біле бермейтіндігіміз анық. Тап осындай белгісіз деректердің әлі де жетіп артылатындығы тағы бар. Демек, біздің де алдымызда талай міндет күтіп тұрғандығын сезіне түстім.

Негізгі үш залдан тұратын  мұражайдың бірінші залында Қазақстандағы 1916-1986 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандар жайлы мәліметтер жазылған. Сонымен қатар «Жаңалық» мемориалдық кешенінен табылған  адамдардың киімдерінің түймелері, көзілдіріктері, тіпті жан түршігерлігі, оларды атқан оқтардың да қалдығы қойылған. Қазақстандағы сталиндік қуғын-сүргін жылдарында ел аумағында миллиондаған тұтқындарға арнайы 11 лагерь құрылған. Мұражайда осы сталиндік лагерлердегі тұтқындар өмірі төрт диорамада көрсетілген. Отбасынан айырылған адамдардың азапты халін көрсететін бұл бейнелер жанды түршіктіреді.

Ал екінші зал «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» («Реквием» залы) деп аталады екен. Мұнда жазықсыз азап шеккен 4125 адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қабырғаларға ілінген. Олардың өмірі жайлы деректің қысқаша нұсқасымен де танысуға мүмкіндік бар. Жаңа технологияның көмегімен іздегіңіз келген адамның аты-жөнін, қай нөмірде орналасқанын тез тауып аласыз.

Одан кейінгі үшінші залға «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы мен оның қызметіне қатысты экспонаттар қойылған. Бұдан өзге мұражайда сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың зиялы қауым өкілдерінің аты-жөндері жазылған тақта орнатылған. Ахмет Байтұсынұлы мұражай-үйі атынан мұражай жетекшісі Райхан Сахыбекқызы Ахмет Байтұрсынұлына қатысты кітаптарды сыйға берді.

 

Бір қызығы, осыдан екі жыл бұрын Семей қаласына саяхат жасадық. Ол кезде де Семей қаласындағы, одан соң Жидебай, Бөрілідегі бірнеше мұражайларға арнайы барып қайтқанбыз. Жидебайға барар жолда Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесінде бейнеленген «Күшікбай асуына» тоқтадық. Сол жерде талай Алаштың жанашырлары дәм татқан бұлақ бар. Бұлақтан су ішіп, асуға да шығып көрдік. Мұнда келген жандарды қуана қарсы алатын бір күшік бар екен. Біз асуға шығып бара жатқанда соңымыздан еріп, бізді айналшықтап шықпай қойды. Осы барған мұражайда да тап сондай күшік бар. Барсаңыз көресіз. Екеуміз бір-бірімізге еркелеп, ойнап та алдық. Мейіржан Мұсабаев пен Айнұр Нұржақыпқызы бұл күшіктің қайдан келгені белгісіз екенін, өзі келгендігін айтты. Оған өзімше Ақтөс деген ат қойып кеттім. Бұл екі сәйкестік мені ойландырып қойды...

Мейіржан Мұсабаев, Айнұр Нұржақыпқызы, Райхан Сахыбекқызы, Анар Бейсен, Ерзат Төлешұлы және мен енді мұражайдың қасындағы «Жаңалық» мемориал кешеніне келдік. Бұл жерге «1937-1946 жылдар аралығында Қазақстанның ІІХК –МҚК абақтыларында  атылған саяси қуғын- сүргін құрбандары жатқан ең үлкен зират. Мұнда еліміздің барлық облыстарынан, КСРО-ның барлық республикаларынан, әлемнің Қытай, Иран, Австрия, Германия, Чехия, Польша және басқа елдерінен 4,5 мыңнан астам адам жерленген» деген жазба жазылған. Қоршалған кешен ішіне кіріп, құран бағыштадық. Бұл сәтте аспан түнеріп, күн көзі көрінбей кетті. Алаш зиялыларының да басына осындай қара бұл төнген еді. Бір өкініштісі, жарық күнде өмір сүріп жатқан ұрпақтары, біздер, қанша жыл өтсе де оларды «ақтап» келеміз. Олар неге ақталуы тиіс? Олар ұрпақ үшін бір ауыз орыс тілінде сөз қоспай еңбек жазғаны үшін «ақталуы» қажет пе? Әлде қазақ баласын бесіктен тәрбиелеу үшін жазған еңбегі үшін «ақталу» керек пе? Халқы үшін жанын құрбан еткендігі үшін бе? Олар біз үшін бес күндік қызықты ойламай, бастарын оққа байлады емес пе? Олар жазықсыз еді... Осы ойға шомып кетіппін...

Көптен ойымызда жүрген маңызды жерге келіп, арқамыздан жүк түскендей болды. Бізге барлығын түсіндіріп, көрсеткен мұражай меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев пен экскурсия жетекшісі Айнұр Нұржақыпқызына шексіз алғысымызды білдірдік. Ақтөспен де қимай қоштастым. Қайтып келе жатқан жолда Әлмерек бабаның зиратына соғып, құран бағыштадық. Бұл жердің киесі жайлы да бірнеше рет естуші едік. Жаныңа тыныштық сыйлап, күш беретіндігі де рас секілді. Бүгін ерекше күн болды. Көңіліміз тойып, Алматыға қарай жол тарттық...

 

«Адырна» ұлттық порталы,

Жансая Сман

Пікірлер