Жаңа заң жобасы мақұлданды

1973
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері менің, С.Бычкова, Қ.Мусиннің және Сенат депутаттары В.Волков, Л.Сүлейменнің бастамасымен әзірленген «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мақұлданды.

Заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты нотариат туралы заңнаманы, сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық жүйесін жетілдіру болып табылады.
Түзетулердің бірінші блогы – нотариат жұмысындағы цифрлық технологияларға арналған.
Нотариаттық қызметті одан әрі цифрландыру нотариаттық іс-әрекеттерді жасауды жеделдетеді, оның ашықтығын және заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, нотариаттық құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетеді. Бұл үшін электрондық нотариаттың жекелеген ерекшеліктерін заңнамалық реттеу қажет.
Заң жобасында Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің (БНАЖ) жұмысын реттейтін нормалар бекітіледі.
Ұсынылып отырған нотариаттық құжаттарды сақтаудың, есепке алудың және электрондық мұрағаттың орталықтандырылған электрондық жүйесін құру - бұл нотариаттық қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Нотариустарға жазбаша мәмілелерді электрондық нысанда жасау құқығы беріледі. Бұл ретте тараптар мен нотариустың қол қоюы электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен немесе цифрлық қолтаңбаға арналған графикалық планшеттің көмегімен жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар, нотариаттық қызмет туралы қажетті ақпаратты интернет – ресурста орналастыру мәселелері заңнамалық деңгейде реттеледі.
Екіншіден, заң жобасына нотариаттық құпия ұғымы енгізілді. Нотариаттық құпия нотариаттық қызметтің негізгі принциптерінің бірі және кепілі болып табылады.
«Нотариат туралы» Заңда нотариаттық іс-әрекеттер жасау құпиясын құрайтын мәліметтер құрамын бекіту, осы мәліметтерді қорғау жөніндегі құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар азаматтың да, жеке және заңды тұлғалардың азаматтық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған институт ретінде нотариаттың да ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Түзетулердің үшінші блогы – аумақтарда және республика деңгейінде де нотариаттың басқару органдарын регламенттеуге қатысты.
Төртінші. Тәртіптік іс жүргізуді объективті және жан-жақты қарау мақсатында шағымдарды республикалық деңгейде қарайтын Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясын құру заңнамалық тұрғыда бекітіледі.
Бесінші. Заң жобасында электрондық құжаттың қағаз жеткізгіштегі құжатпен тең мәнділігін куәландыру және қағаз түріндегі құжаттың электрондық құжатпен тең мәнділігін куәландыру сияқты екі жаңа нотариаттық іс-әрекет енгізіледі. Қазіргі уақытта азаматтар құжаттарды бір қаладан екінші қалаға беріп жіберуге байланысты қиындықтарға кездеседі. Қағаз түріндегі нотариалдық құжаттарды /сенімхат, келісім сияқты/ электронды түрге ауыстыру осы мәселені тез шешуге мүмкіндік береді. Бұл, мысалы сіз басқа аймақта келісім шарт жасау кезінде жұбайыңыздың келісімін тез арада рәсімдеп, жіберу керек болған кезде өте ыңғайлы болады.


Заң жобасын қабылдау азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге және нотариат институтын жетілдіруге ықпал етеді деп үміттенеміз.

Балайым Кенесбаева

Пікірлер