Оңтүстікте аштық қалай басталды...

2796
Adyrna.kz Telegram

(ОҚ Облыстық мұрағатынан табылған құжаттар бойынша)

1928 жылдың 3 мамыр күні Кремльде өткен жиында Ф.И.Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетінің атынан берген есебін тыңдаған Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының басшылығы өлкедегі болыс, уезд, облыстарды әкімшілік-шаруашылық жағынан аудандастырудың кезек күттірмейтін міндет екендігін атап көрсетті.

Осылайша, 1928 жылы жаңадан аудандастыру іске асырылды.

Бұрынғы бес буынды (ауыл( село)-болыс-уезд-округ-орталық) басқару жүйесінен төрт буынды(ауыл(село)- аудан- округ-орталық) басқару жүйесі енгізілді.

Келесі қадам ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудару еді.

1928 жылғы 27 тамызда – «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» декрет жарияланды. Тәркілеу 20 қыркүйекте басталып, 1 қарашада аяқталуға тиісті болды.

Қабылданған декрет бойынша, ірі байларға көшпелі аудандарда ірі малға шаққанда, 400-ден аса малы барлар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден аса, ал, отырықшы аудандарда 150 бас малдан жоғары малы барлар жатқызылды.

Мәселен, отырықшы орыс селоларымен іргелес отырған Бадам ауданы отырықшы ауданға жатқызылды.

Бірақ, мұның аяғы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген ұранға айналып, орташалардың да малы ортаға түсіп кетті. Тәркілеуге жататын нормаға дейін жеткізу үшін жекелеген отбасы шаруашылықтары әдейі біріктірілді.

Қыза келе, бай – кулактар қатарына темір шатырлы үйі немесе 2 аты болғандар да енгізілді.

Ф. Голощекин ауыл мен қоныстарға 4800 уәкіл жіберіп, 31 мың шаруа жазаға тартылды. 1928 жылғы 1 қазан – 1929 жылғы 1 желтоқсан аралығы – 277 шаруа атылды.

Декретте «бай – феодалдар өздерінің мүліктік және қоғамдық ықпалымен ауылды кеңестендіруге кедергі жасайды» деген ұстаным негізге алынды. 657 бай жер аударылып, 145 мыңы тәркіленіп, олардың ауылшаруашылық құралдары – 877 колхозға, 24491 жеке шаруашылыққа бөлініп берілді.

...Халық шет жақтарға қаша бастады.

ОҚО мұрағатында Бадам ауданынан «мал-мүлкі тәркіленгендердің» барлығының тізімі бар. Бір өкініштісі, ащы да болса, шындық, жер аудару туралы жарлықтың бәріне Қаз АКСР ОАК-ң сол кездегі төрағасы, жерлесіміз Елтай Ерназаров қол қойған.

1929 жылдың екінші жартысынан бастап республикада колхоз құрылысы жеделдей бастады.

Ұжымдастыру мен отырықшыландыруды жаппай жүргізу үшін орталықтан Қазақстанға 8 мың жұмысшы және 1204 «жиырма бес мыңдықшылар» жіберілді.

Осы жерде айта кету керек, 1920 жылдардың соңында КСРО –да «25 мыңшылар» қозғалысы деген қозғалыс өмірге келді. Оның мақсаты , шеткері ұлттық аймақтарда «кәмпескелеу», «ауыл шаруашылығын ұжымдастыру» науқандарын өткізуге зауыт-фабрик жұмысшыларын тарту еді.

Осы қозғалыс аясында, Мәскеу қаласындағы «Красная Пресня» ауданындағы 4-мемлекеттік «Свобода» (1960-80 жылдардағы бет-қол мен аяқ терісінің жарылғанына жағатын кішкене құтыдағы май (вазелин) естеріңізде болар?!) фабрикасы жұмысшыларының Бадам ауданын шефтік қамқорлыққа алу туралы Үндеуі жарияланды. Осы үндеу негізінде, кәмпескелеу мен колхоз құрылысын жеделдету мақсатында ауданға фабриканың 235 жұмысшысы келді.

Аталған науқандарға жалпы басшылық жасау, осы «25 мыңшылар» қозғалысы өкілдерінің қолында болған. Бадам ауданындағы «кәмпескелеу», артынан «ұжымдастыру» науқандарын өткізуге олар құлшына кірісті.

Олар Ресейдегі колхоз жобасын қайталайтын қоныстандыру үлгісін орнықтыруға тиіс болды.

Қарсыласқандарға сол кездегі атақты, ең қатал -58/8 бап пен халық жадында «7 август заңы» деген заңдар қолданылды.

(1927 ж. 25 ақпанда күшіне енген РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58/8 бабы « Кеңес өкіметі өкілдері мен революциялық жұмысшы және шаруа ұйымдарының қызметкерлеріне қарсы бағытталған террорлық әрекет―Жазасы: мүлкі тәркіленіп, «еңбекшілердің жауы» деп жарияланып, өлім жазасына дейін қолданылады».

1932 ж. «7 тамыз» (әйгілі 3 масақ заңы ) Заңы: Қоғамдық мүлікке қол салу―мүлкі тәркіленіп, ату жазасына, ал, жеңілдететін жағдайлар табылғанда, мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан кем емес- мерзімге, бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады).

Мұрағат деректері бойынша Сырдария округіне қарайтын 15 ауданнан 89 шаруашылық ( мұны отбасы деп түсіну керек) мал-мүлкі тәркіленіп, Орал облысына жер аударылды.Оның ішінде көшпелі аудандардан-27, жартылай көшпелі аудандардан-52, отырықшы аудандардан-10 шаруашылық.

Жалғасы бар...

Пікірлер