«Атаңа қайыр бермеген мал саған қайдан бұйырсын?»

10890
Adyrna.kz Telegram

Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановтың дүниеден өткеніне, міне, қырық күн болды. Әдебиет сүйер қауым белгілі ақынды әлі күнге дейін қимайды. Осы орайда біз ақынның естелігінен мына бір үзіндіні ұсынамыз:

«Біздің үйде арғы аталарымыздан қалған күміс ер, жиегі алтын жіппен әдіптелген ақ жабу, кемер белбеу, жаупері пышақ, бесатар мылтық, шешемнің алтын білезігі мен балдақты сырғасы, салпыншақ күміс өңіржиегі болды. Сол заттарды 1970 жылдардың басында Алматыдан суретші Құлахмет Қожықов бастаған топ келіп қолқаласын. Құлахмет ақсақал біздің елге күйеу екен, кезінде КазЦИК-тің төрағасы болған Жалау Мыңбаев көкеміздің қызына үйленген. Соны бұлдап әкеме: «Әбеке, күйеу мен жиеннің назасы жаман болады, бермесеңіз өкпелеймін» деп жатып алды. Бауыры Сұлтанахмет Қожықов «Қыз Жібек» деген фильм түсірмекші екен, соған керек дейді. Фильм жарыққа шыққан соң ол заттардан біз көз жазып қалдық. Алматыда ешкімнің адресін де алмаппыз. Кімнің қолында ненің кеткенін білмейміз. Әкей қайтыс болды. Мен болсам сол бұйымдарды ұзақ уақыт іздеумен жүрдім. Әсіресе, күміс ерді. Сондайда анам: «Қойшы, іздеме. Керек емес. Бар пәле сонымен кетсін. Үкіметке тиіспе, құрысын. Тыныш жүрші» — дей беретін. Кәмпескені көзімен көрген шайлықпалы жүрек қой ол.
Бірде тәуекел деп Құлахмет ақсақалды іздеп барып: «Мен баяғы Раушанов Әбдіжаппар деген кісінің баласымын» деп жөнімді айттым. Ол болса маған: «Сенің әкең сол жолы деңмент белбеуді бермей қалды. Милиция жіберіп алдыртам. Оның тоғасынан ілдірмесіне дейін ішкі қабатына қатарлап хантеңге деген қызыл алтын тыққанын білеміз»  — деп қыңырайды. Шешеме айтып келдім. «Күйеу деп, аяқ астынан туыс тауып едіңдер, туыстарың осылай деп жатыр» демеймін бе? «Айттым ғой саған. Басың пәлеге қалады дегенім жоқ па? Атаңа қайырсыз болған мал саған қайдан абырой әпереді?!» — деп сарыуайымға салсын-ай келіп. Содан қайтып ол заттарды іздемедік. Балалық қой, аңқаулық тағы бар, шешем менен өткен аңқау, күйеудің қайын жұртына қалжыңы болатынын қайдан білейін, шынымен бір пәлені бастап отыр деп сеніппін.
Бір есімде қалғаны, сол жолы Қожықовтың жанына бір сұлу қыз еріп келген. Аты Баян секілді еді. Енді мен Баянды іздейін. Өнердің маңындағы жігіттер музей саласында білікті өнертанушы Баян Алдабергенова деген кісі бар деген соң іздеп жүріп оны да таптым. Жолықтым. Сөйлестім. «Иә, сендердің үйлеріңе Құлахмет ағаға еріп барған мен болатынмын» дегенде, жүрегім жарылып кетер ме екен деп ойладым. Қазір 72-ге келіпті. Бірақ бәрі есінде, адамның көзі өзгермейді ғой, тани кеттім, ойы бұлдырамапты. «Құранды ер, алтын білезік, күміс өңіржиекті сендердің үйден алғанбыз. Барлық құжатты өз қолыммен толтырғам. Ештеңе жоғалған жоқ. Ол заттар қазақтың сол замандағы асыл бұйымдары ретінде Ә.Қастеев атындағы музейге апарып қойылды. Қазір сол музейдің қорында сақтаулы тұр. Астындағы әйнекке «Әбдіжаппаровтардан алынды» деп жазылған», – дейді. Суреттері альбомдарға да шығыпты. Қырық жылдан астам уақыттан соң әкем тіріліп келгендей қуандым. Бір кезде ренжіген Құлахмет ақсақалға іштей рахметімді айттым. Баян тәтеміз мені заңды мұрагер ретінде құнды дүниелерді өзіне қайтарып алғысы келеді деп ойласа керек, маған ол енді халықтың мүлкі екенін түсіндіре бастағанда, күлдім. Анамның «Атаңа қайыр бермеген мал саған қайдан бұйырсын?» дегенін есіме түсірдім...

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер