Кәсіпкерлер Даниал Ахметовтің отставкаға кетуін талап етті

2061
Adyrna.kz Telegram

Семейлік және өскемендік кәсіпкерлер Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің отставкаға кетуін талап етіп отыр. Олар өңір басшысын «мемлекеттік билікке нұқсан келтіріп отыр» деп айыптады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы  «Информбюроға» сілтеме жасап.  

«Біз ШҚО басшысы Даниал Ахметовтің лауазымын босату туралы мәселені қарастыруды сұраймыз. Ол мемлекеттік биліктің абыройына нұқсан келтіруде. Біз өзіміздің дұрыс нәрсе айтып отырғанымызға сенімдіміз және алдағы уақытта өз азаматтық ұстанымызды қорғаймыз», – деді «Металлист» ЖШС жетекшісі Серік Айдос.

Аймақтың әр жерінен жиналған кәсіпкерлер өңір басшысының әрекеттерінен зардап шеккендерін айтып, баспасөз жиынын өткізген. Негізінен олар тендер ойнатуда әкімдіктегілер ауыз жаласуға жиі баратынын айтып шағымдануда.

Бұған қоса, наразы бизнесмендер пандемия кезінде әкімдік тек бір мердігерден қажетті заттар сатып алғанын алға тартады. Сөздерінше, бұл жерде де  іс таза емес. Дегенмен, әкімдік өкілдері мұның барлығын жоққа шығарып, айғақпен дәлелдеуді сұрады.

«Айтылған дүниелердің барлығы да құр сөз, ешқандай дәлел келтірілген жоқ. Менің ойымша, айыптаулардың ақ-қарасын заңгерлер анықтауы қажет. Бекерге әуре болып, сөз құртудың қажеті жоқ», – деді ШҚО әкімінің кеңесшісі Ермак Салимов.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер