Мәсімовтың бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты ешқандай қылмыстық-іс қозғалмайды

2343
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық қауіпсіздің қызметінің төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы nege.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Самат Әбішке қатысты қандай да бір тергеу шаралары жүргізіліп жатыр ма? деген сұраққа ҰҚК-нің бөлімше бастығы С.Ахметқалиевтен жауап келді.

«Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінде С.С.Әбішке қатысты қылмыстық істер жоқ екенін хабарлаймыз. Оған қандай да бір іс жүргізу шараларын қолдану туралы ақпарат жоқ» деп жауап берді С.Ахметқалиев.

Самат Сатыбалдыұлы Әбіш – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. Ағасы – Қайрат Сатыбалды. 2000 жылдан ҰҚК саласында қызмет атқарған. 2015 жылдың желтоқсанынан бастап ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымында болды. ҰҚК-нің генерал-лейтенанты. 2022 жылы 17 қаңтарда қызметінен босатылды. Қызметтен босату себебі айтылмады.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта ҚР ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов қамауға алынған. Оған қатысты сатқындық фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті билікті күшпен басып алуға және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен бұрынғы орынбасарлары – «Арыстан» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин да ұсталды.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер