Жаңа комиссияның тарихи рөлі қандай?

3790
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы саяси құғын сүргін құрбандарының саны нақты белгілі емес. Деректер бойынша 125 мың адам сотталып, 26 мың адамның ең ауыр жазаға, яғни ату жазасына кесілгені айтылады. Алайда бұл тек белгілісі ғана. Белгісіз тұстары ашаршылық жылдары бас көтерген шаруалар мен азаттық үшін соғысқан тұлғалардың әлі күнге дейін не есімдері белгісіз, не деректері мен қайда және қанша болғаны жайлы ақпараттың жоқтығында болып отыр. Кей деректер бойынша бір ғана Созақ көтерілісінің өзінде он мыңнан астам адам қатысып, тұтас рулар оңтүстіктен өзге елге өтіп кетуге, кейбірі қырылып қалғаны айтылады. Алайда тарих сол бір қасіретті жылдардың құрбандарына әлі әділетті бағасын бермеді. Олар әлі де архивтің шаң басқан құжаттарында ақтаусыз жатыр, әлі есімдеріне құрмет көрсетілмеді. Міне, осы мәселені президент Тоқаев арнайы комиссия құрып, шешуді тапсырды.

Саяси құрбандарды ақтау сонау КСРО кезеңінде басталып кетті. 1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Соты ОГПУ-ның, яғни КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқармасының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Абдолла Байтасов, Дамолла Бітілеуов, Хайретдин Болғанбаев, Ғазымбек Бірімжанов, Дінмұхамед Әділов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мырза-Ғазы Есполов, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Кәрім Жәленов, Ахмед Сафе Жүсіпке бағытталған Кеңес үкіметін қарулы түрде құлату мақсатында құрылған алашорда қайраткерлерінің контрреволюциялық және жасырын террористік ұйымын әшкерелеу туралы қаулысының күшін жойды. Бұл саяси құрбандарды ақтаудың басталғаны еді. Араға үш жыл салып Кеңес билігі тарихи сахнадан кетті де, орнына тәуелсіз елдер пайда болды. Қазақстан өз алдына ел болып, тарихқа жаңаша көзқараспен қарауды бастады. Ең алдымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында арнайы комиссия құрылды, олар Алашорда қайраткерлері мен өзге де саяси құрбандарды ақтады.

Алайда ақталмай қалғандар да жетерлік еді. 2020 жылы президент Тоқаев сондай санаттағы жандарды ақтау үшін арнайы комиссия құруды тапсырды. "20-ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін - халқымыздың тарихының қаралы беті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы трагедия құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша мемлекеттік деңгейде шаралар қабылдады. Не болғаны бәріміздің есімізде. Кеңес мемлекеті аумағында өмір сүрген халықтарға «үлкен террор» орасан зор залал келтірді. Репрессия жылдарында Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам Қазақстанға жер аударылды», - деді Мемлекет басшысы.

Осылайша ол арнайы комиссияны бекітті. Арнайы комиссияның мақсаты саяси қуғын сүргінге ұшыраған халықты ақтау жұмыстарын аяқтап, тарихи әдлеттілікті орнату, үкіметке арнайы ұсыныстар айту үшін нақты қадағмдарды жасақтау және құрбандарды ақтау үшін заңдық негізді түзеу жолдарын қарастыру, ұлттық, діни, нәсілді, саяси көзқарасы үшін қудаланып, азап шегіп, атылған, жер аударылған және мәжбүрлі түрде емделуге жіберілгендерді ақтау актілерін жасау, заңда қарастырылмай қалған тұлғаларды анықтап, олардың тізімін жасақтап, ақтау жұмыстарын іске асыру. Міне, президент құрған комиссия осы жұмыстармен айналысып жатыр.

Қазіргі уақытта комиссия бірнеше тізімді жасақтап, арнайы кітаптар мен зерттеу жұмыстарын да жазып, қоғамға таныстырып үлгерді. Ал құрбандарды ақтау процесі толық жүзеге аспақ.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер