«Алтын Орда» базарының иесінен 47 миллион теңгеге жуық қаржы тәркіленеді

2279
Adyrna.kz Telegram

Сот шешімімен «Алтын Орда» базары тиесілі компанияға айыппұл салынды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады, - деп хабарлайды "Адыран" порталы. 

"Алматы облысының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі Қарасай мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 159-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Монополиялық жоғары бағаны қолдану кезінде алынған 46 976 550 теңге сомасында монополиялық кіріс тәркіленіп, 1 424 776 теңге сомасында айыппұл салынды», - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы бойынша Монополияға қарсы департаменті «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғап, материалдар Алматы облысының Қарасай мамандандырылған ауданаралық сотына қарау үшін жіберілген болатын.

Атап айтқанда, 2022 жылғы наурызда «Алтын Орда» базарында жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша ЖШС қызметінде тәуліктік жалдау ақысына монополиялық жоғары баға белгілеу және сауда орындарын ұстауда көрсетілген үстем немесе жағдайды теріс пайдалану фактілері анықталды.

Қарасай мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер