“Алты баласымен далада қалды”: Халық көпбалалы анаға 22 млн теңге жинап берді

4724
Adyrna.kz Telegram

Барар жер, басар тауы қалмай, қиындыққа тап болған көпбалалы анаға халқы шапағатын төкті. Журналистер, қоғам қайраткерлері мен еріктілер қытымыр қыстың суығында далада қалған көпбалалы анаға қаражат жинау үшін арнайы шот ашты. Сегіз күн ішінде 22 миллион теңгеден астам ақша жиналды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Көпбалалы ана Назира Дүйсебаева қуаныштан шыққан көз жасын тыя алмады.  Оның жалдап тұрып жатқан үйінің түгі қалмай өртеніп, алты баласымен далада қалған еді. Дегенмен абзал ана қоныс тойын тойдады. Ол халқының демеуімен екі қабатты үйге қол жеткізді, деп хабарлайды otyrar.kz.

Қиындыққа тап болған көпбалалы ананың зарын естіген журналистер, қоғам қайраткерлері мен еріктілер қаражат жинау үшін арнайы шот ашты. Сегіз күн ішінде ел азаматтарынан оған 22 миллион теңгеден астам ақша келіп түсті.

"Қатты қуанып тұрмын. Бұл - балаларымның бақыты. Ақыры өз үйімізге де қол жеткіздік. Қарапайым халыққа әрі маған көмектесуге ниет білдірген барлық адамға алғысым шексіз. Кезінде осы үйдің жанынан өтіп бара жатқанда, осындай үйім болса ғой, шіркін деп армандаушы едім, енді, міне сол арманым орындалды. Балалар көшіп келіп, жайғасып жатыр, бөлмелерді бөлісіп. Айтқандай, өртенген жалдамалы үй "Елге қызмет" қорының есебінен толықтай қалпына келтірілді. Оларға да үлкен рақмет", - деді Шымкент қаласының тұрғыны Назира Дүйсебаева.

Көпбалалы ананың Қайнар бұлақ тұрғын алабындағы жаңа үйінің құны 19,5 миллион теңгені құрайды. Жиналған қаражатқа несиелерді де жабу мүмкін болды.

"Бірінші кезекте қарапайым халыққа алғыс айтқым келеді. Барлығына көп рақмет. Назира қиын жағдайда қалғанда ешкім шетте қалмады. Қоғам белсенділері де, әкімдік те, қарапайым тұрғындар да мүмкіндігінше көмектесті. Біз, тіпті 22 миллион теңге жинайтынымызды елестете алмадық. 19,5 миллион теңгеге баспана, қалғанына жиһаздар және т.б. сатып алынды. Сондай-ақ Назираның жеті несиесі жабылды. Барлығына ақша жетті", - деді "Қайнар бұлақ" тұрғын үй алабының Бас төрағасы Ақмарал Өмірзақова

Назира Дүйсебаева осы уақытқа дейін баспаналы болғанына сене алмай жүр. Көпбалалы ана көрсеткен көмегі үшін көпке дән риза.

“Адырна” ұлттық порталы

 

 

Пікірлер