Балалар қазасында аты шыққан Жақыпова осал санаттың құқығы жөніндегі уәкіл болып тағайындалды

4623
Adyrna.kz Telegram

Президент жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне Светлана Жақыпова келді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасай отырып.

Мемлекет басшысының өкімімен Светлана Жақыпова Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалды.

Өз мамандығы - педагог. Бір кездегі Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. Кейін Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын бастауыш мектеп оқушыларының тәрбиешісі, мұғалімі ретінде бастаған.

Бүгінгі тағайындауға дейін Светлана Жақыпова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған. 2019 жылы 4 ақпанда Астанада бір отбасының 5 баласы өрттен қаза тапқан кезде ол қоғамда атышулы жауабымен есте қалған.

30 шаршы метрлік үйдің төбесі жанып ортасына түсіп, соның салдарынан 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала қаза тапқан. Бұл кезде олардың ата-аналары жұмыста болған. ​Оқиғадан соң тілшілер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыповадан "Балалардың ата-анасы неге түнде жұмыс істеуге мәжбүр болған?" деп сұраған. Жақыпова сонда "Бұл - олардың өз таңдауы" деп жаны ашымастықпен жауап берген.

Вице-министрдің бұл сөзі қоғамда сынға ұшырап, кейіннен ол қызметтен кеткен. Содан беріде Жақыпова жауапты қызметке тағайындалған емес.

2019 жылы бес нәрестенің өлімінен кейін Астанада аналар наразылығы ұлғайған. Сол жылы көктемде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қызметтен кеткен. Ол Конституция бойынша президент құзыретін сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстаған.

 

 

 

Пікірлер