Мереке Құлкенов: «Руханиятты ақшамен өлшеу дұрыс емес»

7065
Adyrna.kz Telegram

Қоғамда ақын-жазушылардың мерейтойларын өткізуге қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Солардың кейбірі әлеуметтік желілер арқылы «Жазарын жазып, халыққа кітап арқылы берерін беріп қойған ақын-жазушылардың мерейтойын қаржы шығындап өткізе бергеннен пайда бар ма?» дегенге саятын пікірлерін жариялап жатыр. Осыған қатысты «Адырна» ұлттық порталының тілшісі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновпен әңгімелескен еді.

- Мереке аға, қазіргі таңда, қоғамда ақын-жазушылардың мерейтойлық даталарына қатысты әртүрлі сыни пікірлерді естіп қаламыз. Қаламгерлердің мерейтойлық даталары арқылы шығармаларының насихатталуын қолдайтындар да бар. Бірақ, керісінше «мұның барлығы артық шығын, өмірден өткен ақын-жазушылардың еңбектері кітаптарында тұр. Керек еткендер ізденіп, оқып алады. Ал түрлі мағынасыз жиындар, конференциялар өткізу, бір шыққан кітаптарды қайта шығару – ақшаны желге шашу» дейтіндер де кездеседі. Жазушылар одағының төрағасы ретінде бұл мәселеге қатысты ойыңызды білсек деп едік.  

- Өздеріңіз білесіз, Жазушылар одағы 800-ге жуық ақын-жазушының басын қосып отырған ең ірі шығармашылық ұйым. Жазушылар одағы тек көз тірі шығарма иелерінің ғана мәселесімен айналысып, еңбектерін дәріптейтін ұйым емес. Жазушылар Одағы ең алдымен – ұлттық әдебиетке қызмет етеді.  

Ұлттық әдебиетіміздің бастауында – кешегі өмірден өтіп кеткен классиктеріміз тұр. Сондықтан біз қазақ әдебиетінің барлық жарқын тұлғалаларын еске аламыз. Жыл сайын өмірден өзі өтсе де, артында өлмес сөзі қалған зиялыларымыздың мерейтойлық датасын шамамыз жеткенше атап өтеміз.  Бұл – бүгінгі буынның парызы деп білемін. Қаламгерлердің мерейтойын атап өту арқылы біз ақын-жазушылардың шығармасын, жарқын тұлғасын – оқырман жадында қайта жаңғыртамыз. Жаңа буын өскелең ұрпаққа – олардың еңбегін, шығармаларын таныстырамыз. Одан ұрпақ ұтыла қоймайды деп ойлаймын.

- Биыл Одақ қандай қаламгерлердің мерейтойын атап өтіп жатыр?

- Биыл бірқатар ақын-жазушының ғасырлық тойы. Атап айтқанда, жазушы-драматург – Тахауи Ахтанов, қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған – Кемел Тоқаев, балалар әдебиетінің классигі – Мұзафар Әлімбаев, сонымен қатар көрнекі қаламгерлер Әскен Нәбиев, Өтебай Қанахиндердің 100 жылдығы тойланып жатыр. Осы ағаларымыздың барлығының да мерейлі мерекесін Жазушылар Одағы ұмыт қалдырмай, әр өңірдегі филиалдарымыз арқылы кең көлемде атап өтуге тырысып жатырмыз. Сонымен қатар, әрбір ақын-жазушының туған елінде де – жерлестері, ұрпақтары ат салысып, оған демеушілер қосылып іс-шаралардың ауқымын кеңейтуге септесіп жатыр. Жаңағы айтқанымдай, осындай іс-шаралар арқылы біз өмірден өткен жазушыларымыздың есімін, еңбегін халықтың жадында қайта жаңғыртамыз.  

- «Қаламгерлердің мерейтойына қатысты мағынасыз жиындар, конференциялар өткізу, бір шыққан кітаптарды қайта шығару ақшаны желге шашу» дейтіндерге не айтасыз?

- Оларға не айтайын? Қазақ халқының руханияты үшін тер төккен қаламгерлердің шығармашылығына қатысты ұйымдастырылатын конференцияларды мағынасыз жиын деу әділдік емес. Бұндай шаралар әсіресе – өскелең ұрпаққа қажет. Түрлі конференция, бас қосуларға қатысқан жастар, жалпы оқырман – жазушының тұлғасын тереңнен таниды, шығармаларымен танысады. Бұл олардың ұлттық әдебиетімізге деген қызығушылықтарын оятуға әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті, қандай пікір айтылса да, мерейтойлық шараларды ұйымдастыруды алдағы уақытта да жалғастыра береміз. Себебі бұл – ұлттық руханиятымызға қажет дүние. Сондықтан мұндай шараларға қарсы жандарға руханиятты ақшамен емес, іс-шараның мазмұны мен маңызымен өлшеуге, кеңес берер едім.

”Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер