Батыс Қазақстан жастары Бастаңғыда бас қосты

1506
Adyrna.kz Telegram

БҚО-да ауыл жастарының бастамасымен Бастаңғы ұйымдастыру - дәстүрге айналуда. Ауыл жастардың басын қосқан БАСТАҢҒЫ осы жолы облыстың Бәйтерек ауданында өтті.

Бұған дейін көне салт-дәстүрді жаңғырту мақсатындағы атаулы шара  Ақжайық ауданында ұйымдастырылып, өзге аудан жастары да қолдап,  ірі бастамаға айналған болатын

Шаған өзенінің жағасына киіз үйлер тігіліп, алаңқайдың қоршауына найза шаншылды. Аталмыш шараға 22 ауылдан 100-ден аса жастар қатысты.

Алдымен аруақтар рухына құран бағышталып, қой бауыздалды. Жастар ол жерде қой союдың қыр-сырына қанығып, тәжірибе алмасты. Қыздар жағы құрт қайнатып, бауырсақ пісірді. Ұлттық ойын Жамбы атудан жарысқан жастар аударыспақта білек күшін байқасты. Өнерлі өрендер күй тартыс жасап, дәстүрлі әнмен бастаңғының бәсін асырды. Алтыбақан теуіп, шежіре тарқатқан әңгіме көрігі қызды.

Іс-шарада түрлі салт-дәстүр туралы кеңірек мағлұматтар беріліп, арнайы көрініс қойылды. Соның ішінде театрландырылған қойылымда ауылға салт атпен келген сал-серілерді құрметпен қарсы алған жастар «Деңгене», «Сірге жияр», «Қап қағар», «Қазан шегелеу», «Біз шаншар» сынды салт-дәстүрлерін дәріптеді.

Әр киіз үйде ауданның спорт, кітапхана, туризм, шырғамашылық орталығы, мәдениет және өнер саласында жүрген жастар жетістіктерімен бөлісіп, көрме ұсынды.

Әдемі кешті тамашалағандардың қатарында Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжанов, облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы Мереке Құлкенов болды.

Меймандарға жайылған дастархан басында "Табақ тарту" рәсімі жасалды.

Күмбір күй төгіліп, әсем ән шалқыған думанда аудан жастары өзара қағытпа қалжың, әдемі әзілдерімен сауық кешін түйіндеді.

Пікірлер