Рамазан Стамғазиев: «Қазақтың домбырасыз болуының өзі – үлкен күнә»

10660
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде хиджаб киген қыздың «Ахиретке ұлтшылдығымызбен өтпейміз, иманымызбен, некемізбен өтеміз. Домбыра – харам», - деген сөзі көп қазақтың намысына тиіп, көңіліне келді. «Домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу» деген айтыскер ақын, қазіргі мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ұлттық аспапты қаралап, аузына келгенді көкіген «пәтуашілдарды» заң бойынша жазалауды талап етті.

Расында да, қазақ қазақ болғалы бірге жасап, ұлтымызбен егіз ұғымға айналған ұлттық аспабымызға жөнсіз тиісіп, жүйесіз сөз айтқандарға көз жұма қарап, кешірім таныта беруге бола ма?! Мұның соңы ұлттық құндылықтарымыздан айырып, тарихымызға түкірген ұрпақтар легін тәрбиелеуге алып келмесіне кім кепіл?!

Қос ішекті қара домбырамыздың қадіріне жетпей, қате сөйлеп, тіл тигізгендер бұрын да болған. Осы тұста «Бұл не қылған қу ағаш, қайдан келді бұл ағаш?!» деп ұлттық аспабымызды менсінбеген Есқали сопыны Қашаған жыраудың домбыраны боқтағаның – маған тіл тигізгенің деп қара сөзбен сазайын бергені ойға оралады:

Қолымдағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш.

Қолымдағы ағашым –

Алып жүрген домбыра,

Тартқан сайын даңғыра.

Домбыра күнә деген сөз,

Тек бір айтқан дабыра.

Осы жырдағы оқиға желісі бүгінгі қоғамда да қайталанып жатқандай. Тек ұлттық аспабымызды қор санағандар Есқали сопыдан да қауіпті. Олар мыңжылдық қазақ тарихын, салт-дәстүрін, діни ұстанымдарын жоққа шығарып, өз дегендерімен жүргізгісі келеді, арам пиғылдарын жүзеге асырып, дін арқылы елді адастыруды мақсат етеді. Бұл тұста қоғам пікірі қарс айрылды. Басым бөлігі домбыраны харам дегендерге қарсы шықты. Тек өкініштісі, өзін аса тақуа етіп көрсеткісі келетіндердің ойламай сөйлеп, өрт тудыруынан дінге деген көзқарас та өзгеріп бара жатқандай.

Қоңыр үнді қазақтың қара домбырасын өміріне серік еткен өнер қайраткерлерінің де «харамшыл» жамағатқа өз айтарлары бар. Осы тұста  ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиевтің пікірін білдік.

«Кейінгі уақытта белгілі бір орталар, теріс ағым өкілдері, халық арасында «сақалдылар» атанған шала дүмшелер көбейіп кетті. Ондайларды халқымыз ұрығынан жеріген дейді. Депутат Ринат Заитов та осы тұрғыда жақсы, нық ойларын дер кезінде білдірді. Домбыра – ерекше үнді музыкалық аспап. Музыка харам болса, оны тыңдауға болмайтын болса, неге олар құранды әсемдетіп, керемет үн шығарып, әуендетіп оқиды?! Оның бергі жағында қазақ деген ұлы халықтың тарихи дүниесіне сүңгісек, Кетбұқа бабамыз ханға ұлының өлгенін тізерлеп отырып, «Ақсақ құлан» күйімен жеткізді емес пе?! «Қырымның қырық батырын» қалай еске алмайсың? Қазақ әдебиеті мен музыкасында күй аңыздарының өзі бөлек сараланады. Бұл да өзінше ғылым саласы деуге болады. Қазақты домбырасыз елестету өте қорқынышты, қазақтың домбырасыз болуының өзі – үлкен күнә деймін.

Ата-бабамыздың қос күретамыры бүлкілдеп соғып жатса, соның бірі – қобызы екіншісі – домбырасы.

Дін мен домбыраны қарсы қойып, ортасында қақыратуды мақсат еткендерді Қазақстаннан табанын талдырып, аластау керек. Осы тұста мүфтият пен Заң шығарушы органдар бірлесе отырып, аузына келгенді айтып, қоғамды дүбара ойға салғандарды жазалау қажет деп ойлаймын. Әлеуметтік желілерден көршілес Өзбекстанда қара жамылып, сақалын беліне түсіргендерді қатаң жазалап жатқанын көріп отырмыз. Осындай заң қазір біздің елімізге де қажет болып тұр. Оларды заңмен түземесек асқынған аурудай түбі жақсылыққа апармайды. Мектепте хиджаб кию мәселесі қызу талқыланып жатыр. Біз хиджабты емес, білім мәселесін көтеруіміз керек. Иман, дін әр адамның жүрегінде болғаны абзал. Сол сияқты өткенімізді түгендейтін қазақтың жаны, тәні салалатын домбыраны қазаққа қарсы қойып халықтың миын ашытпау керек», – дейді Рамазан Стамғазиев.

Пікірлер