«Зангезур дәлізі түркі жұртын жақындатады. Егер Ереван рұқсат етсе...»

1898
Adyrna.kz Telegram

Әзербайжан мен Армения арасында қақтығыс тоқтап, Қарабақ ресми Бакудың бақылауына толық өтті. Бауырлас елдің территориялық тұтастыққа қол жеткізуі Қазақ елінің экономикалық жағдайына қалай әсер етеді? Әзербайжанды Нахычеванмен байланыстыратын Зангезур дәлізі ашылса, Түркия мен түркі мемлекеттерінің байланысы нығай түсе ме? Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың айтуынша, Кеңестер одағынан қалған геосаяси шиеленіс 30 жылдан кейін шешілді. Қаржы сарапшысы мұның Қазақ еліне, жалпы аймақ экономикасына айрықша әсері болатынына сенімді.

«Армения Әзербайжанның территориялық тұтастығын мойындап, Қарабақтың өзіне тиесілі емес екеніне келісті. Енді екі мемлекет шекараларын бекітсе, белгілі дәрежеде бізде статус-кво ойнайтын болады. Сондықтан біз үшін Кавказ сауданың ғана көзі емес, екі жақтық транзиттік-логистикалық мүмкіндік деп атар едім. Бізге ол Еуропаға шығатын жол саналады. Сол себепті біз үшін Кавказда тыныштық болғаны дұрыс. Ашығын айтсақ, бізге шикізатымыздың Кавказ арқылы тыныш әрі тоқтаусыз жеткені керек. Себебі бізге Ресей арқылы жүк жеткізу қиын болып тұр. Бізге Каспий арқылы Әзербайжанға өтіп, одан ары Зангезур дәлізімен Түкрияға шығу өте маңызды. Себебі бізде басқа жолдар тарылған. Екінші жағынан Әзербайжанның жеңісі Баку-Тбилиси-Жейхан құбырына берілген кілт. Бакумен осы бағытта жұмыс істесек кем дегенде жылына 23 млн тонна мұнайды Еуропаға жеткізуге болады. Бұл біздің қазір сыртқа шығарып жатқан мұнайымыздың 20-25 пайызын құрайды. Баку-Тбилиси-Жейхан жолы Каспий құбыр консорциумына тәуелділіктен арылтады. Осыны біз көз жазбай бақылап отырмыз, себебі Кавказбен тығыз қарым-қатынас керек. Оның ішінде транзиттік потенциалы ең жоғарғысы – Әзербайжан. Ал Армения шынын айтқанда стратегиялық рөл ойнамайды. Аталған ел геологистикалық тупикте орналасқан әрі онымен тауар айналымымыз небәрі 41 миллион доллар. Тіпті Еуразиялық экономикалық одақта бірге болсақ та, Армениямен сауда айналымымыз 0,2 пайыз ғана. Сол себепті бізге Әзербайжанмен логистикалық тығыз қарым-қатынас орнатқан жөн және ол бізге бауырлас мемлекет», – дейді сарапшы.

Айбар Олжай Зангезур дәлізі ашылса, бұл Әзербайжанға ғана емес, өзге де түркі мемлекеттеріне пайдалы болатынын айтады. Себебі ол алдағы уақытта Түркия мен түркі мемлекеттерінің байланысы нығая түсетінін ескертті.

Түркия мен Әзербайжан бір-біріне құрылық арқылы қатынайтын болады. Егер екі елдің арасында жол ашылатын болса, онда тауар айналымы 8 есе арзандайды. Қазір тіке жол болмағандықтан Әзербайжан Грузия арқылы Түркияға қатынап отыр. Бұл өте қымбат. Грузияға кірген кезде аталған елге кедендік баж салығын төлейді. Нахычеванмен арадағы жолды Әзербайжан елі 30 жыл бойы армандап келді. Баку үшін бұл – Еуропаға жолдың ашылуының бастауы. Бірақ Нахычеванға жалғайтын жолды салу үшін Армения рұқсат беруі керек. Сол себепті бізге екі ел өзара татуласып, экономикалық байланысқа түскені керек. Арменияға да Еуропамен байланыс орнатып, сауда-саттық жасау маңызды. Осыны қазіргі Ереван билігі түсініп, осы жолға түскісі келетін тәрізді», – дейді ол.

Сарапшы Әзербайжан жол мәселесін шешіп алса, Еуропадан инвестициялық қаржы келеді деген пікірде. Сондай-ақ ол алдағы уақытта Әзербайжан ТМД елдері арасында жетекші елге айналуы мүмкін екенін ескертті.

Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер