Наршоқыдағы нар-тас. Түркістан қайраткерінің туған жеріне белгі қойылды

3962
Adyrna.kz Telegram
Қасымхан Бегмановтың Facebook парақшасынан
Қасымхан Бегмановтың Facebook парақшасынан

Түркістан автономиясын құрған саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың туған жері Наршоқыға ескерткіш-белгі тас қойылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл туралы ақын, жазушы Қасымхан Бегманов Facebook желісінде жариялады.

Ақынның сөзінше, қазақ мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған өлкесі Наршоқыға ескерткішті ұрпақтары мен кәсіпкерлер қойған.

"Осындай игілікті істі ұйымдастырып, ұлы бабасының өмірі мен атқарған қызметін елге жеткізуде "шырылдап" еңбек етіп, ғалымдар мен шоқайтанушыларға қамқор болып жүрген Мұстафа Шоқайдың ұрпағы Гүлбаршын Заирова қарындасым мен Мұстафа Шоқайдың күйеубаласы - ұлт жанашыры, кәсіпкер Айбатыр Нышанбайұлы Жұмағұловқа өзімнің ағалық алғысымды айтамын,-деп жазды Қасымхан Бегманов.

Қазіргі Шиелі ауданы Наршоқы ауданына Мұстафа Шоқайға арнап белгі-тас қойылуына орай қараша айының 15-і күні Қызылордада энциклопедияның тұсаукесері өтпек.

Қуанышты хабармен бөліскен жазушы:

"Бүкіл түркі мемлекеттерінің президенттері Астанаға жиналып жатқан күні Мұстафа Шоқайдай ғазизіміздің кіндік қаны тамған қасиетті Наршоқыға Белгі-тас қойылуы кездейсоқтық деп ойламаймын. Мұстафа Шоқайдың ұрпағы Гүлбаршын Заирова мен күйеу баласы Айбатыр Жұмағұлов осы тарихи миссияны абыроймен атқарып шықты. Барша қазаққа, бүкіл түркідүниесіне құтты болсын!"-деп жазды Қасымхан Бегманов.

Мұстафа Шоқай – эмиграциядағы көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері әрі Түркістан автономиясын құрушы.

Мұстафа Шоқай ұлттық автономиялардың басшыларымен саяси кеңес өткізіп, "На рубеже" газетін шығаруға атсалысты. Қоғам қайраткері қуғынға ұшырап, Францияда өмір сүрген.

 

Пікірлер