Ішкі істер министрі Тоқаевқа елде қылмыс фактілері азайғанын жеткізді

1386
Adyrna.kz Telegram

Ішкі істер министрлігінің басшысы Ержан Сәденов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі жедел жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр Қазақстанда қылмыстың азаю үрдісі жалғасып жатқанын айтты: кісі өлтіру 20 пайызға, ұрлық 28 пайызға, тонау 32 пайызға азайған. Сондай-ақ, оның айтуынша, тонау, бұзақылық, мал ұрлығы, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және басқа да, соның ішінде тұрмыстық саладағы қылмыстар азайған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, заңға қайшы әрекеттер мен қылмыс жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын іске асыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы мәлімет берілді.

Бүгінде 8 миллион 500 мың заңға қайшы әрекет анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллионға көп. Жасалған құқықбұзушылықтар үшін 90 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 71 миллиард теңге өндіріп алынды.

Сонымен қатар Президентке ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру, соның ішінде ІІО қызметкерлерін аттестациядан өткізіп, ведомствоны лайықсыз мамандардан тазарту шаралары туралы баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекет басшысы қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтты.

Пікірлер