Тоқаев Астана әкіміне бірқатар тапсырма берді

1083
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы баяндалды.

«Жеңіс Қасымбек негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика бар екені жөнінде мәлімет берді. Биылғы 10 айдың ішінде бір триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 87,7 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында 14, білім және медицинаға қатысты 7, логистика бағытында 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар 1,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді»,—делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыту маусымының барысы туралы да айтылды. Әкімнің сөзінше, биыл күзде «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының, "Тұран" газ жылу станциясының бірінші кезеңінің және үшінші ЖЭО-ның бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды. Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін бұл нысандардың қуаты – сағатына 1140 гигакалория. Қала ұзақ уақыттан бері алғаш рет биылғы жылыту маусымында жылу энергиясына деген сұранысты артығымен қамтамасыз ететін болды.

Президент шаһар басшысына әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Пікірлер