Қазақстан элитасы Путиннің сайлауда жеңіске жеткенін қалай ма?

2403
Adyrna.kz Telegram

Ресейде келер жылдың 17 наурыз күні президент сайлауы өтеді. Аталған сайлауға елдің қазіргі президенті Владимир Путин қатысатынын мәлімдеді. Іргеміздегі құдайы көршіміз Ресейдегі сайлау Қазақ еліне қалай әсер етеді?

Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов көрші елдегі сайлаудың Қазақ еліне қаншалықты әсер ететінін бағамдап көрді. Сондай-ақ ол бұл сайлауда біздің билік Путиннің жеңіске жетуіне тілектес болатынын ескертті.

«Менің ойымша, Путиннің билікте қалуын біздің мемлекетіміздегі саяси, әскери элитадағы азаматтар қалап отыр. Әрине, халық оны қаламайды. Бірақ біздің элитадағы Ресеймен экономикалық жағынан байланысты олигархтар қалап отыруы мүмкін. Өйткені біріншіден гарантия мәселесі бар. Ашығын айтар болсақ, Қазақстанның басына күн туып, Назарбаев айтқандай екі жақ билікке таласып жатқанда екі жақтың бірін билікте қалдырып, кепілдік берген кім дегенде Путинді еске түсіреміз. Ол алай, бұлай болып кетсе, бізде алаңдаушылық болады деп ойлаймын. Себебі бұл жерде Қазақстанның саяси режимінің гарантиясы мәселесі де бар. Біздің саяси режимге кім келіплдік берді?»

Сарапшы сөзін былай жалғастырды.

«Қазақстанда Путиннен де жаман адам билікке келетін болса, не істейміз деген ой бар. Себебі Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыруға Путиннің де үлесі болды. Әрине, біз елдегі билікке таластың астарын толық түсінбейміз. Қаңтардан бір апта бұрын Санкт-Петербургта Путин, Тоқаев және Назарбаев кездесті ғой. Оның алдында екі апта бұрын Путин Қытай басшысы Симен телефон арқылы сөйлесті. Олардың арасында Қазақстанға байланысты не әңгіме болды, саудаласу болды ма? Бұл сұрақтың жауабын біз біле алмаймыз. Осындай жағдайдан кейін Ресейдің Қазақстанда ықпалы зор деп ойлаймын», – деді ол.

Жанат Момынқұлов Кремльге кім келсе де, аталған елдің саясаты өзгермейтінін айтады.

«Ресейде қалыптасқан үлкен бюрократиялық мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилер 3-4, ары кетсе 5 миллион элита бар. Мемлекеттің өзегін құрап отырған топтар қандай жағдай болмасын, осы билікті сақтауға мүдделі. Себебі Ресейдің қоғамдық-саяси жүйесіне әсер ететін көпшілік және азшылық деген ұғым онда аса маңызды емес. Мысалы, демократиялық елде көпшіліктің дауысы арқылы басшы сайланады. Ал Ресейде көпшілік деп халықты атамайды, Кремльден бастап, мемлекеттік органда қызмет ететін 4-5 млн азаматтарды атайды. Егер осылар Путинді қолдайтын болса, Ресейдің ұғымындағы көпшілік деген осы. Ресейде халықты тек қана масса деп, оны үлкен күш деп қабылдамайды. Ал халықты пропагандамен тойдырып қойған».

Ал Ресей алда өзінің басымдығын сақтап қалу үшін не істейді?

«Әрине, ақпараттық салада өзінің жұмысын іште, сыртта және Орталық Азия елдерінде арттыра түседі. Екінші экономикалық салада барлық қиындықты еңсердік деп халықтың оптимизмін арттыруға тырсады. Одан кейін халықаралық деңгейдегі қайшылықтарды арттыруға жұмыс істейді. Мысалы ХАМАС-тың бұрқ ете қалуы мен Путиннің Иран президентін Райсиды Кремльде қабылдауы және оның Сауд Арабия мен әмірліктерге баруы Таяу Шығыста Израилге, дәлірек айтқанда АҚШ-қа қарсы алянстың қалыптасқанын білдіреді. Бұл жерде бір тұтас алянс болмаса да бір бірімен бәсекелесіп жатқан бірлестіктер деп атауға болады», – дейді ол.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер