Жарықсыз ауылдың жыры. Шіліктің желіне шыдас беретін заман қашан туар?

4415
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Көлді ауылының тұрғындары ауа-райына байланысты сөніп қала беретін жарық мәселесінің бірнеше жылдан бері шешілмей жатқанын айтты. Әкімдік жағдайды реттейміз деп сан мәрте уәде берген. Толығырақ “Адырна” материалында.  

Көлді — Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Тескенсу ауылдық округі құрамындағы ауыл.Аудан орталығы - Есік қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 49 км-дей жерде. Көпшілік бұл ауылды балық шаруашылығының отаны ретінде таниды. Себебі, ауыл маңында Қапшағай су қоймасы орналасқан. Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі - балық шаруашылығы. Бұған дейін аталмыш ауылдағы балықшылардың бірінің еңбек жолы жайлы әңгімелеген едік. 

“КЕҢЕС ЗАМАНЫНАН ҚАЛҒАН СЫМДАР ТҰР”

Ауыл тұрғындары екі күннің бірінде соғатын Шілік желінің салдарынан жарықсыз қалып, қыстыгүні жарық болмаған соң, жылу да болмай, берекеміз қашып шаршадық дейді:

“Біз бұл мәселені айтып келе жатқанымызға қанша болды. Көріп тұрғандарыңыздай тоқ бағаналарында баяғы совет кезіндегі сымдар жалғанып тұр. Ағаштар оратылып, үзілуге шақ күйде тұр. Біздің жақта үнемі соғатын Шілік желі басталса бітті жарық сөнеді деп дайын отырамыз. Әкімдік өздері өшіріп тастайды. Себебі тоқ сымдары желді көтеруге жарамсыз. Апат болып, өрт шыға ма деп қорқады. Қашанғы қорқып жарықсыз, қыста тоңып отырмақшымыз. Жылу жоқ дейтін себебіміз - үйлердің көбінде жылу айдайтын сорғылар (насос - “Адырна”) орнатылған. Ол әлбетте жарықсыз жұмыс істемейді. Сол үшін қап-қараңғыда, не жылу жоқ үсіп отыруға тура келеді” дейді ауыл тұрғыны Руслан мырза.

Көлді ауылы. Жарық бағаналарындағы сым

 

Көлді ауылы Шілік желінің өтінде, тікелей соғып тұратын аумағында орналасқан. Шілік желі – Іле арнасы бойымен соғатын күшті жел. Жылдамдығы 20 м/с-тен 60 м/с-қа дейін жетеді. 

ҒАСЫРДАН ДА ҰЗАҚ “ТҮН”

Кеше 14 желтоксан күні кеш қарая сөнген жарық таңертең бір-ақ берілген. 

“Кешкі алтыларда жарық өшіп, таңертең сегізде бір-ақ жанды. Сосын қайтадан бір сағатқа тағы өшіріп тастады. Шынын айтсақ, жарық жоқ болған түні, үйіміз суықтан аңырайды. Суықта балаларымызды уайымдап, тезірек таң атса екен деп тіледік. Аптаның 7 күнінің кемі 4 күні жел азынайды. Сол жел болған күннің бәрінде осы мәселемен қайта-қайта алысамыз” деді ауыл тұрғыны. 

“Электр энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы” заңы, 7-параграф, “электр энергиясын беруді тоқтату (шектеу) шарттарының” 53, 54-тармағында көрсетілгендей тұрғындарды апатты жағдайда жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, жарықтың сөнетіні туралы алдын-ала ескертуге міндетті.

“53. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым резервтік қуаттандыру болмаған жағдайда, жабдықты жөндеу және жаңа тұтынушыларды қосу бойынша жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін тұтынушыны электр энергиясымен жабдықтауды тоқтату туралы ажыратудан күнтізбелік үш күн бұрын ескертеді.

54. Энергия беруші ұйым адам өміріне қауіпті, айтарлықтай экономикалық зиянға, коммуналдық шаруашылықтың және электрмен жабдықтау жүйесінің айрықша маңызды элементтерінің істен шығуына әкелуі мүмкін апаттардың алдын алу немесе жою бойынша шұғыл шараларды қабылдау үшін тұтынушыны дереу хабарлап, сұраныс бойынша электр энергиясымен жабдықтауды тоқтатады” делінген ресми сайтта.

ЖҰМСАЛҒАН МИЛЛИОНДАР ҚАЙДА?

Еңбекшіқазақ аудан әкімдігінің ресми сайтында 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттік есеп көрсетілген.Онда мемлекеттік бюджеттен ауданға 2023 жылы 4 миллиардттан астам қаражат бөлінгені көрсетілген. Оның ішінде Тескенсу селолық округына 90 миллионнан аса теңге бөлінген. 

Сондай-ақ, есепте көрсетілген ақпаратқа сүйенсек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль және коммуникация бағытына ауданға елді мекендерде көшелерді жарықтандыру бойынша  – 344 млн 292 мың тенге жұмсалған. Нақты жарық мәселесі бойынша ауыл-ауылдың шығыны қанша екені белгісіз.

 

ЖАУАПТЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

“Жасыратыны жоқ Көлді ауылында жарық проблемасы бірнеше уақыттан бері актуалды. Жел соқса бітті сөніп қала беретінін бәрімізге белгілі. Бірақ, жарыққа жауапты “Алатау Жарық компаниясы”. Халық жарыққа ақшаны сол мекемеге төлейді. Халық, округ біздікі болғанменен, барлық линиялар АЖҚ-мен байланысты. Қазір аудан тарапынан Тескенсу, Көлді, Толқын ауылдарында жобалық сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Жоба тікелей осы ескі сымдарды ауыстыруға көзделіп отыр. Экспертизадан шыққаннан кейін 2-3 жылдың ішінде ауыстырылатын болады” деп жауап берді Тескенсу ауылдық округі әкімінің орынбасары Еламан Елубай.  

Мәселенің түп-тамырын білмек ниетті “Алатау Жарық компаниясына” тікелей қоңырау соқтық. Олар Еңбекшіқазақ аудандық жарық диспетчеріне жүгінетінімізді айтты. Аудан диспетчері Шелек өңірлік аудандық электрлік жесіне сілтеді. Ол жаққа хабарласып алған жауабымыз:

“Көлді ауылында жарық кешегі қатты дауылдан өшті. Қазір жөндеп жатыр. Сымдардың қашан ауысатынына жауап бере алмаймын. Орталыққа келіп жүгініңіздер” деген жауап болды.

Еске сала кетейік, Еңбекшіқазақ ауданы Алматы облысы бойынша халқы ең көп аудан болып есептеледі. Аудандағы 79 елді мекен 1 қалалық әкімдік пен 25 ауылдық округке біріктірілген. 2019 жылғы санақ бойынша тұрғындар саны – 300 427 адам. Көлді ауылы кіретін Тескенсу ауылдық округында 6601 тұрғын тұрады. 

 

Дина ЛИТПИН, 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер