Түркияның Самсун қаласындағы студенттер Тәуелсіздік күнін арнайы шарамен атап өтті

1446
Adyrna.kz Telegram

Түркияда білім алып жүрген қазақ жастары Самсун қаласында Тәуелсіздік күнін арнайы шарамен атап өтті. Шараны ұйымдастырушы Ақерке Мағзомовамен «Адырна» тілшісі сұхбаттасты.

- Қазір Түркияның қай университетінде, қай факультетте білім алып жатырсың?

- Мен Қазақстандағы жоғары оқу орным ұсынған мүмкіндікті жіберіп алмай, семестр Түркияда оқуға шешім қабылдағанмын. Қазір әлемнің топ 1000 универінің қатарына кіретін 19 mayıs университетінің саясат бөлімінде оқып жатырмын.

- 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні. Сол атаулы датаны Түркия төрінде атап өтуде қиындықтар болмады ма?

- Жоқ, керісінше Қазақстанда осындай ұйымдастыру, атап өту деген сынды дүниелер мәселелер болып жатады ғой. Ал бұл жақтағы ұстаздар, керісінше, дайындыққа арнайы кабинеттер сұрағанымызда бізге кішігірім конференция залын берді. Жағдайымызды жасады. Солай қалағанымызша дайындалдық. Басты мақсат – атаулы күнді өз дәрежесінде атап өтіп, қазақ халқының тарихын көпке көрсету болды.

- Ақерке, елдікті айшықтайтын мерекені атап өтуге қанша адам қатысты? Қонақтар саны мен ұйымдастырушылар?

- Көрермендер қатарында университет ректорының хатшысы, декан және оның хатшысы, бөлім басшысы, үлкен-үлкен университеттегі ұстаздарымыз, басқа қаладан келген қазақтар, осы жақта бірнеше жыл бойы тұрып, елді аңсаған қазақ отбасылар болды. Жалпы айтқанда концертті ұйымдастыруға 30 қазақ атсалысты, көрермендермен қосқанда жалпы саны 300 адамдай болуы мүмкін.Тіпті одан көп деп айтуға да болады.

- Тәуелсіздікке арналған іс-шарада қандай қызықты дүниелер болды? Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін қаншалықты таныттыңыздар?

- Мереке қазақтың ән-күй, биінсіз бола ма? Алдымен қонақтарды фуршетпен қарсы алдық. Түн ұйқымызды қиып,  қыздар болып қазақтың тәттісі саналған дәм 600 дана бауырсақ пісірдік.Одан бөлек тіске басарларды да қолдан даярладық. Концерт бағдарламасында тарихымызбен бөлісіп, 16 желтоқсанның еліміз үшін қандай маңызды екенін айттық. Онымен қоса мың бұралған бишілеріміздің арқасында қазақтың ұлттық биі болды. Қазақтың аңыз әншілеріне айналған «Дос Мұқасан» тобының әндері, патриоттық әндер, концерттің «фишкасы» болған «Құдаша» қойылымы да қатар қойылды. Ұлттықты ұштастыру үшін біз қара домбырамызды да ұмытпадық.

- Күмбірлете күй шертіп, көпті талантыңмен таңғалдырған өзің екенсің, Ақерке. Шетелдіктер домбыраның үнін қалай қабылдады?

- Қара домбыра үні сахна төрінде міндетті түрде естілуі тиіс болды. Домбыра тартқанда адамдар тіпті жылап та алды. Аудиторияны рухтандыру мақсатында ең әуелі «Мен қазақпын» әнінен үзінді орындап, артынша «Адай», «Көңіл толқыны» сынды күйлерді шерттім. Шынымды айтсам, соншалықты қолдау мен ерекше әсерді күтпедім. Домбыра тартып жатқанда қол шапалақтаған көрермендерді көргенде, құдды бір күткендері домбыра болғандай болды. Осындай жауапкершілікті алып шыққан мен – бақыттымын.

- Кешті ұйымдастыру барысында қобалжу болды ма? Тәуелсіздік күнінің маңыздылығын сезіне алдыңыздар ма?

-  «Жүректен жүрекке» деген осы шығар, бәлкім. Тағы бір зейін қойған нәрсеміз көрермендер, шетелдіктер соңына дейін отыру үшін концерт бағдарламасына қатты мән берген болатынбыз. Қобалжығанымыз да осы тұс. Алайда көрермендеріміз шынымен соңына дейін отырды. Қатты қуандық. Әйтпесе басқа ұлттардың концерттерінде сахна ортасында тұрып кетіп қалатындарды көрдік. Кахут ойыны да болды, жеңімпаздарға сыйлық тараттық. Біз концерт соңында қазақтың салтына да тоқталдық. Тіпті «тұсаукесерді» де көрсеттік. Кішкентай балапан қазақтың қара домбырасын таңдады.

- Тәуелсіздік күнін атап өтудегі ішкі сезіміңді айтып берсең.

- Өмірімдегі ең ерекше Тәуелсіздік күнін атап өту болды. Шет елдегі патриоттық сезім ерекше болады екен. Ендігі таңда осындай атаулы күнімізге мән беріп, Қазақстанда да жылда осылай ауқымды қылып өткізсек деген ниетім бар. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, елін, жерін сүйетін патриот жастар көп болғай, олар барда - ел де бар!

- Сұхбат үшін рақмет! Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер